201 рет оқылды

Бүгін 17 шілде. Былайша қарасаң жәй күндерді білдіретін жәй сандардың бірі. Бірақ осы 17-ні ары қарайғы айлардағы 17-лермен «қуалап» кеп берсең, 17 тамыз, 17 қыркүйек шыға келеді…

Ал ол күні Головкин мен Канелоның арасында «қыркүйек қырғыны» болады. Баяғы қызыл әскерлердің «Бұл біздің ақырғы зор майдан» деген белгілі әніндегідей, бұл екі боксшы үшін әлем жанкүйерлері күткен шынында да зор майдан, ең соңғы,жекпе-жек.

Екеуінің мұның алдындағы екі жекпе-жегі жайлы көп айтылды, көп жазылды. Өзіміз де түрттік. Бокстың «жілігін мүжіп, майын жеген» небір сарапшылар пікірі де екіге жарылды сол тұс. Әлі де айтылуда. Солардың көбісі бірінші жекпе-жекте Головкин таза жеңді деді. Расы да сол. Бірақ адам жүрген жерде айла-шарғы да араласа жүретіні бесенеден белгілі ғой, Аделайда деген бір әйел «айды аспаннан шығарып», Головкиннің ұпайын «ұрлап», жекпе-жекті «тең аяқталды» деген тұжырымға қол қойдыруға мәжбүр етті. Бұл «еңбегі» үшін Аделайда қулығы қырық есекке жүк болатын Де Ла Хоя мен Канелоның отбасы тарапынан қанша «қаламақы» алғаны бір Аллаға ғана аян.

Екінші жекпе-жектері де осыған ұқсас болғанымен, Канело бұл ұрыста кәдімгідей мінез көрсетті. Әрине, Головкиндей мығым әрі шеберді «құлата» алған жоқ, бірақ бірінші жекпе-жекке қарағанда алға ұмтылып, соққы жұмсаумен болды.

Бірақ бұған қарап Генаны тас-талқан боп жеңілді деуге де болмайды. Гена үшін де, көптеген көрермендер үшін де бұл жекпе-жек тең аяқталды. Бірақ төрешілер жеңісті Канелоға берді.

Бокстың ең қиын жері де осы. Айқын басым түспесең, тең ойынды кез-келген жаққа қарай бере салуға болады. Бұл жерде де «Лас-Вегас факторының» рөлі (қазақтың «лас», «жаман» деген сөздерінің осы қаланың атына үйлесе кеткеніне таңғалам да жүрем) басым боп кеткен сияқты көрінеді тұрады да маған. Қазақтың «Ауыл итінің құйрығы қайқы» деген сөзі ше, соған келеді.

Енді, міне, 17 қыркүйекте көптен күткен үшінші жекпе-жек болады. Бұрын «бұл екі мықты үшінші рет қашан кездесер екен деп күтсек, енді қайсысы жеңер екен?» деп алаңдап отырмыз. Соған қарамастан, АҚШ, Мексика елдерінің атақты боксшылары мен бокс сарапшылары жеңісті осы бастан Канелоға «беріп» жатыр. Головкинді «жеңеді» деп жатқандар да бар. Бірақ, аз.

Мен не деймін? Бірдеңе дей қоятындай олардай бокстағы тәжірибем мен рингтегі атағым жоқ. Бар болғаны көрерменмін. Генаның жанкүйерімін. Генаның ең алғашқы бапкері, қарағандылық Ғалымбек Кенжебаев менің Олжасымды жастар арасындағы әлем чемпионатына апарып (жамбылдық бір бапкер Олжастың жолын кесіп, басқа боксшыны апарғысы келгеніне қармастан) Мороккода өткен сол чемпионаттың күміс медалін олжалап келген. Оның Генаның бапкері болғанын да сол жолы Олжас айтқан.

Сонымен «Головкин мен Канелоның бұл жекпе-жегінде кім жеңеді?» деп болжам жасап емес, «Кім қайтсе жеңеді» деп пікір айтып көрейін.

Бір нәрсені мойындау керек, Европаны шиырлап, үлкен рингке жол таппай жүргенде Генаның бағын ашып, Америкаға алып келген бұрынғы бапкері Абель Санчес. Гена үшін боқтаспаса да, соттасты. Ол сотта жеңіске де жетті. Біле білсек, Генаның Америкадағы жеңісі осы сотта мерейі үстем болуынан басталған.

Ал енді таза боксқа келейін. Екінші жекпе-жектің басында Гена байқады ма, әлде байқамай қалды ма, бауыр мен бүйрек деген ең жанды жерінің тұсынан ауыр соққы өткізіп алды. Бұған Гена мықтылығынан ғана шыдады. Басқалар болса талып түсер еді деп ойлаймын. Шыдамақ тұрмақ, сыр бермеуге тырысып, жекпе -жекті ары қарай жалғастыра берді. Бірақ қарқынына қарқын қоса алмады. Осыны пайдаланған Канело да алға қарай ұмтылып, тигені бар, тимегендері одан да көп, соқылар берумен болды.

Головкин де есесін жіберген жоқ. Бірақ нәтижесінде төреші Канелоның қолын көтерді. Негізі, тең ойын еді.

Содан кейінгі оқиғаны бәріңіз білесіздер. Гена Абель Сачестің бокс залынан кетті. Жаңа бапкермен келісім-шартқа отырды. Сол бапкердің жетегімен бірнеше кездесу өткізді. Бірақ ол қарсыластары Канело сияқты мықтылардан емес еді. Мен сонда Головкиннің ойындарына қарап отырып оның баяғы «джебін» (джеп — кенеттен басты, беттің аумағын тура көздеп алыстан берілетін соққы, бокстағы ең басты әдіс десе де болады) іздедім. «Іздеген» себебім, Головкин жаңа бапкерге барам деп сол «джебін» жоғалтыпты. Мүлде жоғалтпаған. Азайта бастаған. Басқа боп ойнағысы келеді. Бірақ Головкин Головкин күйінде қалған. Тек джебі аздау. Бірақ джебін қолданса ұпайына ұпай, жігеріне жігер, жеңем деген үмітіне үміт қосылатындай.

Гена өзінің қарсыласын төбеден орай ұратын, т.б, жерлерінен періп жіберетін «фирменный» соққыларын жасамас бұрын, осы джебімен жауын «жөнге» сап алатын. Соғыс тілімен айтсақ, Генаның джебі қоян-қолтық ұрыс алдындағы алыс қашықтықтан ататын артиллериялық соққылар сияқты әсерлі, тиімді болатын. Ол осы артиллериялық соқыларымен жауын есеңгіретіп алып, соңғы нақты дәл соққысын беретін.

Гена жаңа бапкерге барғалы мен осы тактиканы көрмедім. Генаның соңғы жекпе-жегіндегі жапон жігітінің соққыға төзімділігі қатты таңғалдырды (оған ол соққылардың әсері жасы келген кезде білінетін болады). Міне, осы ойында Гена джебін сәл де болса көбейтті.

Қазақ боксында джептің орны бөлек. Біздің боксшылардың мектебі денелерін маятникче құбылтып: шалқайып, иіліп, бүгіліп, жазылып, еңкейіп барып иектің астын іздейтін Куба немесе Америка боксшыларының мектебінен емес. Сондықтан джептен арланудың, аналар құсап рингте билеп жұртты қайран қалдырам деп тыраштанбай, өздеріне тән мәнерімен, яғни арбамен болса да (джебпен деп түсініңіз) асықпай қоян ала беру керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Генаға джебке қайта оралуы керек. Иә, ол 17 қыркүйектегі кездесуі алдындағы жаттығуын жасау үшін баяғы «Үлкен аю» («Big Bear») спорт залына келіпті. Ал ол өзіне алғаш рет қол ұшын беріп, әкесіндей боп кеткен Абель Санчестің жаттығу залы. Қазір, әрине, бұрынғы бапкерімен қайта табысты деген хабар-ошар шыға қойған жоқ, бірақ соның жаттығу алаңына кеп жаттығуды бастағаны айдай ақиқат. Суреттері де жарияланды.

«Үлкен аюға» орлау оның бұрығы ондаған жылдар бойы үйренген әдіс-тәсілі оралуы деп қабылдаймын. Ол — Головкиннің джебі. Головкин Канелоны бір жеңсе, тұмсығын бұзып, көзін көгертіп, «итін шығаратын» осы джебі арқылы жеңеді. Осы тәсілді раунд сайын үзбей қолданса, үдете түссе, арғы жағы «дело техники» дегендей, құлаштап кеп төбесінен ұра ма, шықшыттан соға, бүйірден, қабырғаның астынан пере ме, өзі біледі.

Канелоны жеңген кешегі Бивол да осы әдісті қолданды. Әрине, Бибвол Генадай емес, соқысы жеңіл. Бірақ ылғи Канелоны өзіне жақындатпай, алыстан атқылаумен болды.

Кличконың джебі де мықты еді. Небір ірі денелі атақты чемпиондары тек қана джебінің күшімен жеңген. Әрине, үнемі джеппен ойнай беру жанкүйерлерді жалықтыруы мүмкін, бірақ ол әдіс — боксшы үшін ең қымбат жеңісті сыйлайтын тәсілдің (шабуылдың, соқының) бірі екенін ұмытпау керек.

Гена «Үлкен аюға» оралғаны сияқты, джебіне де қайта оралады деп сенейік.

Дереккөз: Naizager.kz

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.