97 рет оқылды

Дубайды (БАӘ) дүрліктірген төбелестің өткеніне де бір апта болды. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық». Иран алыбы мен Қазақ батырының жекпе-жегі болады екен деген жарнамасының өзі жанкүйерлерді жанықтырып жіберген. Оған екеуінің бетпе-бет кеп, көз қадасқан сәтіндегі шәлкем-шалыс әрекеттері отқа май құйғандай әсер етті.

Иран алыбы ызақор екен, қазақ батырын итеріп кеп жіберіп, жұрт күткен төбелес тап сол жерде басталып кете жаздады әуелі. Абырой болғанда, промоутерлері мен бапкерлері екеуін екі жаққа күшпен алып кетті әйтеуір.

Бұл бір жағынан көңілге секем ұялатты. Өйткені Иран алыбының бойы ұзын, денесі де тым ірі екен. Бірақ «Иранский Халк» деген атпен шыққан Саяд Гариби деген алыбы қазақ батырына қарсы тк те істей алмады. «Казахский титан» деген атпен шыққан мықтымыз Алмат Жұманов иран алыбын іске алғысыз ғып тастады. Төрт раундтың алғашқысы аяқталмай жатып-ақ Иран алыбын нокаутқа жіберді. «Қуып жүріп сабады» дегеннің шындығын осы жолы көрді жанкүйерлер.

Жекпе-жек өткен соң қазақ батырының жеке есеп-шотына жеңісіне тиесілі «қаламақысы» түсуі керек емес пе? Бірақ қазақ батыры Алмат Жұманов ұйымдастырушылар «береміз» деген он мың долларды әлі алмапты, қалтасына салмапты.

— Мен жақсы төбелестім. Ең бастысы, барлық қазақтың ашу-ызасына тиген адамды жеңдім. Оңай болған жоқ, өйткені жанкүйерлердің 90 пайызы менің қарсыласымды жақтады. Ирандықтар мені қорлап, айқайлап та жатты. Маған оның сөздері өте ұнаған жоқ, сондықтан мен оны рингте аяған жоқпын, — дейді «Қазақ алыбы» Алмат Жұманов.

«Қазақ алыбы» сәуір айында АН-72 ұшағын сүйреп, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ал өзін «Иранский Халк» деп атаған алыптың бойы 188 см болса, салмағы шамамен 177 кг (көбіне бұлшық еттері) болады.

 

Дереккөз: Naizager.kz

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.