117 рет оқылды
Қазақстанда экокласы төмен, яғни ABS, airbak және SOS деген тетігі жоқ автокөліктер шығаруға рұқсат берілетін болды.Ақпаратқа қарағанда, 4 қарашада Үкімет Қазақстанда шығарылатын кейбір автомобиль құралдарына қатысты талаптар туралы ережені бекіткен. Ол — 14 қарашада күшіне енеді дейді. Осы құжатқа сәйкес, 2023 жылдың 1 ақпанына дейін елімізде ABS, airbak, SOS деген тетігі жоқ және экологиялық класы Евро-0 ге дейін төмендеген (Евро-4 пен Евро-5 талаптары жайына қалды!) автокөліктер шығара бастауға рұқсат беріледі.Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі «білгіштерінің» түсіндіруінше, елімізде шығарылатын автокөліктерге евро талаптарын осыншалық төмендету — солтүстік көршіміздің зауыттарынан шығарылатын «Лада» мен УАЗ автомашиналарының өнідірісін қолдаудан туындап отыр екен.Ал, әйтпесе! Қазіргі заманда мұндай түгі жоқ «Лада» мен «Уазды» ауылдағы есек арбамен бірдей десе де болады. Өйткені ондай көліктермен шетелдер тұрмақ, евро талаптарын енгізгіп алған көрші елдерге де бара алмайсың. Ресейге ғана болмаса. Ал Қазақстан мен Ресей шекарасынан айдап шыға алмайтын машинаға кім қызығады? Кімдер сатып алады? Қай елге экспорттайды? Сауал өте қиын. Өйткені жауабы жоқ.

Шенеуніктердің сөзіне қарағанда, жақын арада № 342 бұйрыққа өзгерістер енізіліп, Қазақстан аумағындағы жолдармен ғана жүретін (қандай күлкілі) автотранспорт құралдарына берілетін рұқсат бекітіледі екен. Бұрын дәл осы құжат шетелдерден әкелінген экокласы Евро-4-тен төмен, ABS-і және тағы басқалары жоқ автокөліктерді алғашқы тіркеуге рұқсат бермейтін.

Үкімет жаңа ереже 1 ақпанға дейін ғана қолданылады деп сендіргенімен, оның мерзімі ары қарай созылуы бек мүмкін. Өйткені, экономикасы еліндегі соғыс жағдайына байланысты әлсіреген және санкциялар бұғауы арқылы алыс-берістен айырылып, дағдарысқа ұшыраған Ресейдің 1 ақпаннан кейін бірден оңалып кететініне сену мүмкін емес.

«Евро талаптары» деген желеумен «алғашқы тіркеуді», «өтел жинауды (утильсбор)» Европадағы бағадан бірнеше есеге асырып жібергендер бұл кері кетуге байланысты не дер екен енді? Не десін, «алғашқы тіркеу» мен «өтелжинауды» азайтсын. Өйткені Жапония, Германия, Оңтүстік Кореяның 2010-2015 жылғы автокөліктерінің өзі Евро-4 пен Евро-5 талаптарына сақадай сай.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.