110 рет оқылды

Биыл сәуір айынан бастап Жамбыл облысында халықтан заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу бойынша жыл сайынғы республикалық акция өткізіле бастады.

Осы акцияға байланысты Қордай ауданының полиция бөліміне 74 жастағы бір қария келді. Ол өзінің майдангер әкесінен қалған, осы уақытқа дейін көзіндей көріп, ешкімге көрсетпей сақтап келген тапаншаны полицияға өткізбек екен.

Айтуынша, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әкесі кезінде майданнан 6.35 мм калибрлі «Фроммер Лилипут» маркалы тапанша алып кепті.

1923 жылы Рудольф Фроммер жасаған және қысқа қашықтықта өзін-өзі қорғауға арналған  бұл пистолет  Будапешттегі (Венгрия) Fegyvergyar зауытында сол кезде жаппай шығарылған көрінеді.

Қордай ауданы тұрғынының сөзіне қарағанда, оның әкесі майданға 1942 жылы 17 жасында шақырылған. Сөйтіп, Венгрия мен Румыниядағы қызыл армия қатарында пулеметші болыпты.

Ал тапаншаны Ясско-Кишинев операциясы кезіндегі сұрапыл соғыста жеткен жеңістеріне  сыйлық ретінде берген екен.

Бір ғасыр сақталған пистолет. Соғыстың соңғы олжасы. Оның орны енді Жамбыл облысы полиция департаметінің музейі. Ең бастысы соғысқа, бейбіт адамдарға қарсы қолданылмасын деп тілейік.

Тапанша сараптамаға жіберілді, оның нәтижелері бойынша қарияға тиісті ақша төленеді.  Акция басталғалы бері полицияға 32 дана атыс қаруы (6 мылтық және 26 тегіс ұңғылы) және   6,5 мм калибрлі 3 патрон  тапсырылды.  Акция қару-жарақ өткізуге бөлінген қаражат толық игерілгенге дейін жалғаса береді.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.