Тақырыбы — Украинадағы соғыс. Қазір әлем геосаясатындағы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі де осы. «Украина ел болып қала ма, әлде Ресей жер болып қала ма?» деген сауал да таразы басында теңселіп тұр.
Саммитке қатысуға келген саясаткерлер ең әуелі 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасынан құрбан болғандардың рухына тағзым етті. G7 басшыларының кездесу алаңы ретінде Хиросиманы таңдауын да әлемді атом апатынан қорғауға деген ұмтылыстың символикалық нышаны деп бағалау керек. Бұл, әсіресе, Украина соғысы кезінде кейбір саясаткерлердің аузынан қайта-қайта айтылып қалып жүрген «атом бомбасын қолдану жөніндегі» үрейлі сөздер тұсында өте маңызды.
G7 басшылары Хиросимадағы саммитін Ресейдің Украинаға қарсы әскери агрессиясына жауап ретінде салынатын жаңа санкцияларды талқылаудан бастамақшы. «Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жолғы халықаралық санкциялар Ресейдегі жеке және заңды тұлғаларға ғана бағытталып қоймайды, сонымен бірге ол Европа, Таяу Шығыс, Азия, қысқасы, Ресейге тасымалдауға шектеу қойылған тауарларды кедендік түрлі айла-тәсілдермен айналып өту арқылы жеткізіп беріп отырған барлық мемлекеттерге қатысты.
Ұлыбритания мен ЕО, өз ретінде, Ресей алмазымен сауда-саттық жасауға шектеу қою керектігі жөнінде мәлімдеді. Саммит басталар алдындағы баспасөз-мәслихатында ЕО Президенті Шарль Мишель «Саммиттің мақсаты Москваны экономикалық тұрғыдан бұрынғыдан да оқшаулап, оның соғыс жүргізуге деген мүмкіндігін әлсірету» деді.
-Қазір біз Ресейге жеткізуге санкция арқылы тиым салынған маңызды тауарлардың жолын кесуді және олардың әлі де болса өтіп кетуіне мүмкіндік беретін саңылауларды тауып, мүлде бекітіп тастауды көздеп отырмыз. Біз Ресей алмазымен сауда жасауды шектейміз. Ресей алмазы мәңгілік емес. Сондықтан бұл санкцияның қажеттілігі мен оның өзін ақтайтыны туралы біз ашық айтамыз және ашық түсіндіреміз, — деп мәлімдеді Мишель.
Жапония елінің СІМ «Үлкен жетілік» саммитіне Украина Президенті Владимир Зеленский де қатысатынын хабарлады. Ол саммитке жексенбі күні бейнежазба арқылы қосылмақшы.