157 рет оқылды

Жетпіс жасқа толар шағында Халық жазушысы Шерхан аға Мұртаза туып-өскен Жуалы ауданындағы Талапты ауылына барып, інісі Батырханның шарбағында отырып әңгімлесіп едім. Соным дұрыс болған екен. Көп сыр ақтарып еді.

Әдебиеттің әңгімесінен бөлек әкесі Мұртазаның тағдыры туралы да сыр тартқам.

-Анада-санда әке жайлы еміс-еміс естегілер шаң беріп қоятын шығар?

-37-ші жылы әкеткен. Қыстың күні. Бес жаста едім. Есімде бұлдыр барлығы. Ауылдың адамы. Қарапайым ғана кісі болатын.

-Суреті де жоқ па?

-Жоқ. Ешнәрсе жоқ. Кейін іздестіріп көрдім ғой бәрін. Өйткені топалаң тигендей қылып, мынау Баукеңнің ауылы Орақ-Балға мен біздің ауылдан бір әкеткенде елу шақты адамды топырлатып бір-ақ әкеткен. Оның бәрін Бурныйдың кішкентай жаман түрмесіне апарып қамаған. Сот та болмаған. «Үштік» деген болған екен. Соның шешімімен он жылға айдап жіберген. Со жақтан қайтқан жоқ.

-Қиыр Шығыста ма?

— Қиыр Шығыста. «Дальный Восток» деп бір хат келгені есімде. Ол хат та жоғалып кетті кейін.

Шерағаң өмірден озар алдында Талаптыға тағы бардым. Бұл жолы Шерағаңмен он бес жыл бұрынғыдай кеңінен отырып, көсіліп әңгеме айта алмадым. Қайран да қайран Шерағам үндемейтін болыпты. Үнсіз бір нүктеге тесіле қарап отырады да қояды.

-Түс көресіз бе? — дедім бір уақта әйеуір Шерағамның аузынан ең болмаса бір ауыз сөз есту үшін.

-Көрем.

Шерағам басын изеді.

Осы кезде қызы Алма «жақында Мұртаза атамды көріпті түсінде. Жапон теңізінің үстінде кемемен кетіп бара жатыр екен» дейді.

Мұның бәрін неге еске алып отырмын. Бүгін — 31  мамыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Сталин, Голощекин, Мирзоян деген озбырлардың солақай саясатының салдарынан осындай қаралы күн пайда болды. Күйеуді жарынан, баланы әкесінен, елді ес болар тұлғаларынан ажыратып, бас иесіз қалдырған зұлматты қайғыра отырып еске алатын болдық.

Шераға осы зұлматтың қайғысын сексен жылдай жүрегінде сақтап, ішінен тынып өтті.

Бүгін сол Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сияқты алыптар туып-өскен таулы, қыратты, жұмаққа бергісіз ауданда1932-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Әруақтарына тағзым етілді.

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жабағы Асхат Базарбайұлы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай өткізілген іс-шарада сөйлеген сөзінде тарихи оқиғаны тереңінен толғады.

Жиылған көпшілік бір минут үнсіз тұрып, еске алу рәсімін орындады. Ауыл имамы Сейітқазы қажы Медетбеков Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына арнап құран бағыштады.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.