Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ірі көлемде есірткі өсірудің жолын кесті. Жедел ақпаратты іске асыру барысында Жамбыл ауданындағы бір тұрғынның бақшасынан полицейлер арнайы егіп, өсірілген, жалпы салмағы 3 келі 520 грамм болатын 41 түп өсімдікті тапты.
Білікті «бағбан» Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Жамбыл облысына әлеуметтік желі арқылы танысқан әйел үшін көшіп келіпті. «Мичуриннің» айтуынша, қарасораны егіп, өсірген соң кептіріп, өзі тұтынбақ болыпы. Сол үшін тұқымын әкеп еккен. Бірақ бұрын да есірткі сатқаны үшін сотталған боп шыққаны оның сөзінің жалған екенін көрсетіп берді.
Бүгінде күдікті кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 300-бабы 1-бөлігімен (өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді егу, өсіру немесе қарасора, көкнәр, құрамында есірткі заттары бар басқа да өсімдіктердің сорттарын өсіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, — деп хабарлады облыс ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.
Күдіктіге қатысты екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстары жүргізіледі, әйпесе алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, болмаса екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектейді немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.