ТЕХНОЛОГИЯ УАҚЫТТЫ ДА, СУДЫ ДА ҮНЕМДЕЙДІ
Соңғы жылдары Жуалы ауданында технологияны тиімді пайдалану арқылы өнім көлемін арттырып жүрген шаруалардың қатары артып келеді. Бұрын шаруалар көктемгі жаңбыр суынан кейін бір рет қана өнім алатын болса, қазіргі таңда жаңбырлатып, тамшылатып суғару әдістерін қолдану арқылы бір жылда екі-үш рет өнім алуға қол жеткізіп отыр. Әсіресе, жаңбырлатып суғару әдісімен бұрын игерілмей жатқан жерлер айналымға қосылуда.
Жаңбырлатып суғару қондырғысы суды үнемдеп, өнімді арттырып, шаруаның әл-ауқатын нығайтып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да зор септігін тигізуде. Технология көмегіне бет бұрған шаруалардың бірі Қызыларық ауылындағы «Мерсейіт» шаруа қожалығы.
Қожалықтың төрағасы Олжас Бақтыбекұлы. Олжастың әкесі Бақтыбек Мерсейітов 1996 жылы шаруа қожалықтың негізін қалаған. Иелігінде алғашқы жылдары 30 гектар жері мен азын-аулақ малы болды.
-Қызыларық ауылдық округі, негізінен, егін шаруашылығына бейім аймақ. Жуалы ауданындағы картоп дақылын ең көп егіп, өсіретін де осы етін өңір. Сондықтан біз де 7 гектар жерге картоп, сонымен бірге 6 гектарға арпа, 16 гектарға жоңышқа ектік.
Екі жыл бұрын жоңышқалық алқапты жаңбырлатып суғару мақсатында оның арнайы қондырғысын алған болатынбыз. Бұл қондырғыны алуға «Тараз» ҮЕҰ-ның көмегі өте көп болды. Қондырғының 50 пайыздық субсидиясы бар. Үкіметке қарыз ақшамды төлеп бітірдім, қазір қондырғыны толықтай өзіміздікі деуге болады.
Тамшылатып суғару уақытымызды да, суды да үнемдейді. Ал, жаңбырлатып суғарудың пайдасы шаруаларға мәлім. Әсіресе, қуаңшылық орын алған жылдары өте қажет қондырғы.
Тамшылатып суару — өсімдіктің тамырына суды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды дәл әрі біркелкі жеткізу үшін қолданатын өндірістік әдіс. Сонымен бірге, тамшылатып суғаруға арналған құбырлар арқылы суға тыңайтқышты қосып қолдануға, яғни тыңайтқышты да, суды да керек мөлшерде пайдалануға мүмкіндік береді, — дейді Олжас.
Олжастың әкесі Бақтыбек Сламбайұлы жары Гүлсара апай екеуі төрт ұл тәрбиелеп өсірген.