93 рет оқылды

Қошқарата ауылдық округінде Жуалы ауданының 95 жылдығына арналған «Жуалым құт – мекенім!» атты фестиваль өтті.

Жуалыдағы бұл фестиваль құр ән айтып, би билеу емес. Оның аясында елге болсын деген үлкен істер де тұр. Қызтоған аулына адамдарды көптеп қоныстандыру мақсатында көпбалалы бір отбасыға үй беріліп, ол үйге «Асар» жобасы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Жаңадан қоныстанған отбасының қорасы да малға лезде толып шыға келді. Өйкені, ауыл кәсіпкерлері мен шаруалар шаңырақ иелеріне10 қой, 3 бас сиыр тарту еткен. Ауыл молдасы да игі істен қалыс қалмай, осы отбасының қуанышын бөлісіп, қалы кілемді сыйға берді.

Бұл ауылдың үлгі етер істері көп, Ол дәстүрге айналған. Мысалы, ауыл азаматтары өздері құрған қорға ай сайын 2000 теңгеден салып, қаржы жинап отырады. Сөйтіп, жиналған қаржыны қайырымдылық шараларға жұмсайды. Мәселен, осы қордың қаржысын пайдалану арқылы ауыл мешітіне ауызсу жүйесін жүргізіп берген.

 Қайырымдылық шарасын жасаудан ауыл тұрғындары арасында өзара бәсеке бар деуге де болады. Мысалы, жеке шаруа қожалықтың иесі М. Әбдікерім мен кәсіпкер Л. Нүрпейісова аз қамтылған, көпбалалы жанұяларға арнап бірі – 9 бас мал берсе, екіншісі – 9 қорап азық-түлік ұсынған.

Фестивальде Қошқарата ауылынан шыққан Ұлы Отан соғысының ардагерлері де ұлықталды. Ауыл тұрғындарының айналысатын кәсібі мен диханшылығы көрініс тапқан көрме үстеліне нан, сүт өнімдері, бақша көкөністері қойылды.

Ауыл тұрғындары аудандық тарихи-өлкетану музейінің тарихи жәдігерлер көрмесімен танысуға да мүмкіндік тапты. «Жуалы ауданына – 95 жыл» тақырыбындағы 191 кітаптан  тұратын кітап көрмесі де тағылымды болды. Өмірден ерте өткен дарынды ақын Бауыржан Үсеновтің жыр шумақтарын жатқа оқып, ақынның туған жерге деген сезімін жеткізген кітапханашыға жұрт риза болып, қол соқты. Өңірдегі қылқалам шеберлерінің туындылары да көз тартады.

Қошқарата ауылдық Мәдениет үйінде «Әзіл-сықақ» театры, «Көркем сөз оқу» шеберлері, «Қолөнер» үйірмелері және «Шапағат» әуесқой клубы жұмыс ісейтінін де облыстағы ауыл-ауылдарға үлгі ретінде таратуға әбден болады.

Фестивальге қатысқан қонақтар ауыл тұрғындарын Жуалының 95 жылдығымен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды аудан әкімінің Алғыс хатымен және аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен марапаттады. Өнерпаздардың өнеріне сүйсініп, «Сырға салу» рәсімінің көрінісіне тәнті болды.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.