83 рет оқылды

Су тасқыны — халық  күтпеген, үкімет ойламаған үлкен апаттың бірі болды. Бір облыс емес, бірнеше облыс аумағының топан су астында қалуы бұрын-соңды болмаған жұттың бір түрі десе де болады. Қаншама ауылдар, қаншама мал мен жан су тұтқынында қалды. Мал шығындары да бар. Бірлі-жарым адам шығындары болғанын да естіп, оқып жатырмыз. Өйткені апат болған жерлерден бейнебаяндар көрсетіліп жатыр. Тал қармаған халық әйтеуір. Әрекетсіз отырған ешкім жоқ. Билік те барын салып жатыр. Бірақ…

Бірақ бір мәселеге назар аударып, «әттеген-ай, сонымыз бекер бопты-ау» деген не үкімет, не министр жоқ. Осы апатта байқалғаны — ауылдарда ауыр техника жоқтың қасы екен. Баяғыда ең кішкентай деген ауылдың өзінде бірнеше экскавтор-тарктор болатын. Соңғы отыз жылда оның бәрі ескіріп, жекешеленіп жоқ боп кетті. Сонда жаңасын алуға елде ақша жоқ па?

Міне, мәселе осы жерде! Елде ақша жоқ емес, бар! Бәрінде болмаса да, шаруа қожалықтарын дөңгелетіп, малшы жалдап, мыңғыртып мал баққызып отырған байшыкештерде ақша деген қағаз баршылық. Бірақ сол ауыл байларының үйлерінің қасынан шетелдік жаңа экскавтор немесе топырақ күрейтін шетелдік жаңа техникаларды көрмейсің. Сатып алайын десе, әбден жыр болған «утильсбор», «первичка» деген құқай алдарынан шығады. Шетелдегі арзан таркторды үйіне әкеп, одан жаңағы салықтарын төлегенше бағысы екі, үш есеге көтеріліп кетеді. Осының салдарынан ауылдық жерлерде жаңа техника сатып алуға құлық жоқ. Аудан бойынша екі-үш экскавтор табылса, ол да жақсы. Ал бірде-бір техникасы жоқ ауылдар қашама? Олар өте көп!

Міне, мына су апатының ел үкіметінің артын ашқан жері осы боп тұр. Елге «жұмыс істе», «апаттың алдын ал» дейді. Бірақ сөйту үшін оларға техника алуға жағдай жасамайды. Қайта «утильсбор», «первичка» деген түрлі салықтарды ойлап тауып, ауылдағы шаруа иелерінің жағдайын одан бетер қиындаты түседі. Техника атаулы қазір өте қымбат.

Су тасқыны болған жерден көрсеткен бейнебаяндардан тек қана күрекпен «қаруланып», «қолмен еңбек ету» арқылы топан сумен күресіп жатқан халықты көргенде осындай ойлар келді.

Бір апат бір апатты еске түсіреді. «Утильсбор», «первичка», т.б. деген салықтар да елдің басына түскен бір апат, бір тауқымет. Оны бүгін су тасқыны, су апаты болған кезде анық көріп отырмыз.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.