143 рет оқылды

Алатау мен Қартаудың кең құшағына орналасқан Жуалыдай жасыл аймақ табиғатының сұлулығын айтып жеткізу мүмкін емес. Мұнда қазақылықтың қаймағы бұзылмаған. Табысты тірлік пен берекелі бірліктің бесігі де осы батырлар мекені атанған Жуалы ауданы.

Жақында осы жер жаннаты Жуалы аумағында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық акция сәтті басталып, көптеген жұмыстар қолға алынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс» деген сөзін басшылыққа алған жуалылықтар
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына бір кісідей ат салысты. Бес аптаға созылатын акцияда ауыл тазалығы мен келбетінің көрікті болуы үшін ешкім де қалыс қалмайды. Әр аптаның өзіндік жоспары мен нақты мақсаты болады.

Акцияның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталып, алғашқы жеті күн ішінде елдімекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалайды. Тазалық пен тәртіп – кез келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі.

Акция барысында аудан маңынан өтетін республикалық мәндегі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль жолының бойындағы 557-560 шақырым аралығындағы қоқыстарды тазалауға да көңіл бөлінді. Оған «Жасыл ел» еңбек жасақтары  мен жастар, Нұрлыкент, Қызыларық, Ақтөбе, Көкбастау акылдық округінің мамандары мен тұрғындары және Жуалы ауданы ормандарды және жануарларды дүниесін қорғау жөнініндегі бөлімдері атсалысты. Жалпы 100-ден аса адам аянбай еңбек етті.

Республикалық мәндегі даңғылдың Түркістан облысы бағытындағы оң жағында қураған, сынған ағаштар, шашылған целлофондар, қағаздарды тазартып, ретке келтіру оңай жұмыс емес еді. Сондықтан адамдарға қосымша 3 техника көмекке келді. Атқарылған тазалық жұмыстарына облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен аудан басшысы Жалғас Мұртаза да белсене қатысты. Сонымен қатар, аудан аумағында орналасқан Б.Момышұлы музейінің аумағына  ағаш көшеттері отырғызылып, санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Жалпы, Ақсай ауылдық округі бойынша 150-ден аса тал көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза аула, таза көше» байқауы ұйымдастырылды. Байқау қорытындысы мамыр айында анықталатын болады.

«Ауылына қарап, азаматын таны» деген, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың биік мәдениетіне, сана-сезіміне, туған ауылына деген жанашырлығына байланысты. Себебі, әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас бір аудан мен ауылдың айнасы.
Тазалық – ауыл тұрғаныдарының әрқайсысының өзінен және отбасынан басталады.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.