24 рет оқылды

Жамбыл облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаев жұмыс кестесіне сәйкес Жуалы ауданына атбасын бұрып, өңірде құрылысы басалған бірнеше құрылыс нысандарын аралап, ондағы жұмыстардың сапасына баса назар аударды.

Атап айтсақ, сенатор ең алдымен аудандағы стратегиялық тұрғыдан маңызды  нысан – «Терісащыбұлақ» су қоймасының жұмысымен мұқият танысты. Су қоймасының басшысы, гидролог Қайрат Шымыровтың айтуынша, бұл су сақтау қоймасы 1963 жылы пайдалануға берілген. Су жинау көлемі 158,6 млн текше метрді құрайтын бөгеннің су өткізу мүмкіндігі секундына 36 текше метр болады.

«Терісащыбұлақ» су қоймасында жиналған суды шлюздер арқылы жіберіп, көрші Жамбыл ауданындағы 21,5 мың гектар егістік алқапты суландыруға мүмкіндік бар. Қазір мұнда секундына 2 текше метр су жіберілуде.

Сенатор Сәкен Қаланұлы бұдан кейін Ақтөбе ауылын ауызсу жүйелерімен қамтамасыз ету жобасымен танысты. Ауданда ауыз су мәселесі өте өзекті болып отырған Түктібай және Ақтөбе ауылдарына таза ауыз су құбырын тарту мақсатында былтыр тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, биыл аталған елді мекендерде оны4 құрылыс жұмыстары басталған. Бұл жұмыстарын «ТемірСтрой Сервис и Ко» ЖШС-ы айналысуда.

Ақтөбе ауылына кіре беріс көшенің оң жағында су тарату стансасының құрылысы басталған. Оның жұмысы да кестеге сәйкес атқарылуда. Қазір мұнда стансаның айналасын темір-бетон қабырғамен қоршау және сыйымдылығы 150 куб су жинайтын екі резервуардың шұңқырын қазу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар су соратын стансасының құрылысы да жүргізілуде.

 

Ақтөбе ауылында 141 отбасы тұрады. Ауыз су құбырларын әр отбасына жеткізіп беру үшін барлығы жеті шақырымға жуық магистральды құбыр тарту көзделген. Ең бастысы, жер асты су қорының молдығы алдын ала зерттеліп, тексерілген.

Түктібай ауылында жүргізіліп жатқан ауыз су жүйелерінің құрылысымен және осындағы М. Әуезов атындағы орта мектепке жапсарлас салынып жатқан ғимараттың құрылысымен де танысқан сенатор, құрылысқа қатысты бірқатар мәселелерге назар аударды.

Мысалы, Түктібай ауылындағы №12 М. Әуезов атындағы орта мектепте жапсарлас ғимараттың құрылысына 1 миллиардтан астам қаражат бөлінген. Құрылыстың барысында жапсарлас ғимаратпен қатар, ескі мектептің күрделі жөндеу жұмыстары да қоса атқарылады. Бас мердігер – тараздық «Бином» ЖШС.

С. Арубаев осыдан кейін Жетітөбе ауылдық округінің орталығы Кәріқорған ауылындағы «Алатау сүт өнімдері» өндірістік кооперативінің сүт өңдеу цехында болды. Тәулігіне 10 тонна сүтті өңдеуге қуаты жететін сүт зауытында қазір жеті тонна сүт өңделіп, одан 10-ға жуық өнім шығарылып, олар отандық нарықта тұрақты сұраныс үстінде. Қажетті шикізат ауыл-аймақтың тұрғындарынан қабылданады. Кәсіпорын басшысы Н. Кенжебековтың айтуынша, алдағы уақытта қымыз өндіруге де кіріспекші.

Сенат депутаты С.Арубаев бұдан кейін Боралдай ауылдық округінің орталығы — Көлтоған ауылындағы спорт кешенінің құрылысымен танысты. Мұнда құрылыс жұмыстары енді ғана басталған.  Халық қалаулысымен кездесуде ауыл ақсақалдары ауылдан талантты спортшылардың, оның ішінде балуандардың көптеп шығып жатқанын мақтанышпен жеткізіп, ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына бұл кешеннің ауадай қажет екенін айтты. Көлтоған ауылынан қазақ күресінен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жүлдегері, белгілі балуан Ғани Сейділдаев шыққан.

С. Арубаев Қарасаз ауылындағы жиһаз жасайтын цех жұмысымен де танысты. Цех басшысы Серік Мақатаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 5,3 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, жұмыс бастағанын айтады. Оған ағаш өңдеуге қажетті станоктар сатып алған. Бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын толық қуатында іске қосылса, әртүрлі жиһаздар шығару көзделуде. Жиһазға тапсырыс та көптеп түсуде. Іскер азаматтың жұмысымен танысқан халық қалаулысы алдағы уақытта кәсіпті одан әрі кеңейту үшін 30 миллион теңгеге дейін несие алуға болатынын айтты.

Депутаттың ауданға жұмыс сапары Шақпақ ауылдық округінің Т. Дүйсебайұлы ауылында қорытындыланды. Сәкен Қ а л а н ұ л ы о с ы н д а ғ ы А м а н г е л д і атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, құрылыс барысының өте баяу жүріп жатқанына сын айтып, мердігер мекеменің өкілдеріне жұмысты тездету қажеттігін ескертті. Халық қалаулысы аудандағы құрылыс нысандарын аралаған кезде, әсіресе, басталған жобалардың өз мерзімінде аяқталуы қажет екенін, ең бастысы, сапа мәселесіне баса мән берудің қажеттілігіне тоқталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.