29 рет оқылды

Жуалы ауданының дихандары дәл қазіргі сәтте дала төсін дүбірге бөлеп, егін орып, астық жинау науқанына белсене кіріскен.  Алқап басы қайнаған еңбек. Ауыл-аймақтың төңірегіндегі егістіктен комбайндар мен жүк көліктерінің үні естіледі. Мұны, әрине, қамбаны қызыл дәнге толтырудың күмбірлеген күйі десе болады.

Ақсай ауылдық округінде биылғы егін орағы  қарбалас жүріп жатыр. Округте барлығы 4 994 гектар егістікке жарамды жер бар болса, оның 1 620 гектар алқабына биыл жаздық арпа дақылы, 490 гектарға күздік бидай, 810 гектарға мақсары егілді. Сонымен бірге, картоп -125 гектар, ал жоңыршқа — 420 гектар алқапқты алып жатыр.

Округте жер еміп, ел ырысының еселене түсуіне мол үлес қосып отырған – «Әлібек» шаруа қожалығы. «Қайрат» ауылының еңбек майталманы, марқұм Шаяхмет Қалдарбековтың бастамасымен 2001 жылы құрылып, бүгінде шаруасы шалқыған қожалықтың жұмысы өзгелерге үлгі. Оның бар жұмысын ағайынды Әлібек пен Зерек бірлесіп жүргізеді. Әлібек — егін шаруашылығын өркендетіп, малдың қыстық азығын молынан дайындауға күш салса, Зерек — ауыл жанындағы тауарлы-сүт фермасында сауын сиырлардың басын көбейтіп, олардан сауылған сүтті аудан орталығындағы сүт өңдеу зауыттарына өткізеді. Сонымен бірге, мал бордақылаумен тұрақты айналысады. Бірлесіп көтерген жүктің жеңіл болатынын пайымдаған ағайынды азаматтар кездескен  мәселені де ақылдаса отырып шешеді.

Шаруашылықта ағайынды азаматтар – Фархат, Нұрхат және Азамат Қуантаевтар 10 жылдан бері механизатор болып жұмыс істейтіндерін сөз арасында айтып қалды. Сондықтан болар, олардың тірлікке төселіп қалғандары ширақ қимылдарынан көрініп-ақ тұр.

-Қазір біздің егін орып жатқан жеріміз Диқан ауылының күншығыс жағында орналасқан 30 гектар жаздық арпа алқабы. Егін орағына кіріскенімізге бір аптадай уақыт болды. Шамамен 60 гектардай жаздық арпа алқабын орып үлгердік. Түсім жаман болмайтын сияқты. Алдыңғы орылған алқаптардан 20 центнерге дейін өнім жиналды. Бір айта кетерлігі, біз шаруашылықтағы көктемгі және күзгі дала жұмыстарының барлығын ағайынды азаматтармен бірге атқарамыз. Күзде жерді аударып, өңдеген кезден бастап, көктемде қай алқапқа қандай дақыл егілді және оның шығымы қалай болды, барлық процес көз алдымыздан өтеді. Сондықтан қай алқаптан қаншалықты өнім алынатынын алдын ала шамалауға мүмкіндік бар. Еңбегімізге төленетін жалақының көлемі де көңіл қуантады. Науқандық жұмыстарды атқару кезінде өнімділікке қарай мол табыс табамыз, — дейді шаруашылықтың аға механизаторы Фархат Қуантаев.

«Не ексең, соны орасың» деген. «Әлібек» шаруа қожалығы бұрынғы жылдары да егістіктен биылғыдай мол өнімге қол жеткізген болатын. Сол тұста жаздық арпа алқабының әр гектарынан 20-25 центнерге дейін өнім алғаны жөнінде жоғары көрсеткіш тіркелгені белгілі. Шаруашылықта осының есебінен кейінгі жылдары жаздық арпаның алқабын 300 гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туып отыр. Егістік алқаптарға жаздық арпадан бөлек, күздік бидай, мақсары және мал азығына бірнеше гектар жоңыршқа егіледі. Аталған шаруашылық тұқымның сапасын тұрақты түрде жақсартып отыру мақсатында осыдан бірер жыл бұрын Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданындағы «Красныйводопад» деп аталатын тұқым шаруашылығынан арпаның «Бәйшешек» атты жоғары репродукциялы элиталы тұқымын әкеліп, алқаптарға жерсіндірген болатын. Нәтижесі жаман болған жоқ. Олар сол тұқымды ауыспалы тәсілмен жаңартып егу үстінде.

«Әлібек» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы техникаларынан да кенде емес. «Беларус», «МТЗ» маркалы доңғалақты тракторлар мен «Енисей» маркалы екі комбайны бар. Шөп оратын және шөп тайлайтын, т.б. техникаларын да сатып алған.

Техниканы сатып алуға да жағдайлары бар. Шаруашылық бірнеше жыл бұрын лизинг жүйесімен бір дана «Беларус» тракторына қол жеткізсе, кейін тағы бір жаңа тракторды жеке қаражаттарына сатып алғандарын айтады. Қожалық басшысы, істің көзін таба білетін азамат Әлібек Қалдарбеков егістік жердің көлемін ұлғайтудан бөлек, малдың басын асылдандыруды да көздеп отырғанын жеткізді. Мүмкіндік болса, шаруа қожалықты тұқым шаруашылығына айналдырмақ ойы бар. Ол үшін мұнда қажетті мүмкіндіктер мол екен.

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.