24 рет оқылды

Жуалы ауданының жетпіс деген асудан асқан Бесбай Қансейітұлы деген қариясы бұрынғы шаруа қожалығына қосымша «Данияр» атты шаруа қожалығын ашып, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолға алды. Ол үшін «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ арқылы несие рәсімдеп, бүгінде асыл тұқымды мал басын да көбейтуде. Сонымен…

Жуалы ауданындағы ауыл шаруашылығы саласын сан түрлі бағыттар бойынша жүргізіп отырған агроқұрылымның бірі – «Әділет» шаруа қожалығы.

1991 жылы құрылған шаруа қожалыққа бүгінде жетпіс деген белесті бағындырған Бесбай Қансейітұлы жетекшілік жасап келеді.

– Еңбекке ерте араластым. Әкем Қансейіт Қызтоған ауылында дүкенші болды. Кейіннен колхозда есепші болып жұмыс істеп жүргенде көзіне темір жаңқасы кіріп кетіп, жанары көрмей қалды. Ал анам Күлпатша үй шаруасындағы кісі болатын. Үйдің үлкені болғандықтан жастай жұмысқа араласуыма тура келді. Әкемнің айтуымен көктемде 10-15 бас бір жасар бұзау сатып алып, соны күзге дейін жұмыс арасында қарап, қара күзде базарға өткеріп, іні-қарындастарымды киіндіріп, үйдің керек-жарағын түгендеп отырдым, – дейді Бесбай Қансейітұлы.

Мектепті бітірген соң Бесбай Түркістан индустриалдық педагогикалық техникумын бітіріп, ауылындағы «ХХІІ-партсъезд» колхозында механик болып еңбек жолын бастайды. Арасында азаматтық борышын сол тұстағы одақтың Қиыр Шығысында өтеп келді. Әскерден келген соң техниканың тілін жақсы білетін ол науқан кезінде трактор, комбайн тізгінінен табылды. Төккен тер, еткен еңбек еш кетпеді. 1978 жылы астық жинауда әріптестерінің арасында рекорд жасап, ол басқарған комбайншылар бригадасы ауданда бірінші орынды иеленді. Аудан орталығында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің басқосуында оған «Жигули-2102» маркалы жеңіл автокөлігін мінгізді.

Мұнымен тоқтап қалмаған ол еңбектен қол үзбей жүріп Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітіріп алды. Ал, ол басқарған бригада жылда бірінші орынды жеңіп алып отырды. 1980 жылы екінші рет қайтара ұсынылған жеңіл автокөлікті қасындағы жігіттерге бұрып, мәрттігімен көзге түседі. Аудан басшылығы да оны марапатсыз қалдырмады. Сөйтіп 26 жасында «Еңбек даңқы» орденін алған еді. Осы құрметпен бірге қызметі де жоғарылай түсті. Аудан басшылығы өзі қызмет істейтін кеңшардың комсомол хатшысы етіп сайлады. Одан кейін «ХХІІ партсъезд» колхозына бас инженер етіп тағайындайды.

Жеке бизнесін жолға қойған кәсіпкердің тәжірибесі ауданға қатты қажет еді. Сол тұста аудан әкімі қызметінде отырған Еркінбек Солтыбаев Бесбайды қоярда-қоймай қуаты күн санап құлдырап бара жатқан «Қошқарата» өндірістік кооперативіне басшы етіп тағайындайды. «Шаруа қожалығымды ұлым Әділетке өткізіп, жаңа істі қолға алдым. Мен келгенде өндірістік кооперативтің қарызы өсіп кеткен. Ал астық қоймасында бар болғаны 40 тонна өнім қалған. Оның өзі элеватордан өткен өнімнің қалдығы. Бірден әкемнің тәсілімен қолда бар мүйізді ірі қараны бордақылауға қойып, кеңшардың қарызын жауып, шаруашылықты әртараптандырдым. Алматы қаласындағы тұқым шаруашылығымен келіссөз жүргізіп, көктемде сепкен тұқымнан жазда гектарынан 40 центнерден өнім жинадық. Сөйтіп аз жылда кеңшар аяғынан қайта тұрды», – дейді Бесбай Қансейітұлы. Сонымен бұл кеңшарды алты жыл басқарып, аяғынан нық тұрғызып, ол ауданда жаңа ашылған аудандық аумақтық басқармаға ауысады. Ол мекемені 10 жыл табысты басқарған соң қызмет сатысымен жоғарылап, аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалады. Мұнда да өзін іскерлік қырынан көрсеткен Бесбай Қансейітұлы ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлесін қосады. Осы тұста түрлі мемлекеттік бағдарламалардың ауданда жүзеге асуына араласады. Үш жыл осы қызметте жүріп, талай шаруаны атқарған еді. Одан кейін бір жылдай аудан әкімінің кеңесшісі болып, зейнеткерлікке шығады.

Зейнеткерлікке шыққан соң да қарап отырған жоқ. Ұлы Әділетке «Әділет» шаруа қожалығын көтеруге атсалысып, кеңесші болады.

Төрт жыл дегенде алма өнім берді. Бастапқыда арнайы қойма болмағандықтан алқап басынан төмен бағаға өткеріп жіберіп отырды. Өйткені, ол кезде отандық нарықты жаулап алған Қытай, Иран мен Польша алмасымен бәсекелесе алмайтын. Сондықтан жергілікті шаруалар ысырапқа ұрынбаудың әдісін тауып, алмадан қақ жасап, жаңа технологияны кеңінен меңгере бастады. Бірақ, бағбандар алма сияқты оны да өткізуде көптеген қиындықтар кездескен еді.

Алма тоңазытқышта сақталмаса тез бұзылып кететін болғандықтан, көп шаруа қожалықтар оны арадағы делдалдарға сұраған бағасына беріп жіберетіні тағы бар. Ал консерві зауыттары жергілікті өнімнен гөрі сырттан тасымалдағанды жөн көретіні белгілі. Дегенмен, бүгінгі таңда қожалық өткеру жолын тауып, бақ жемісін Елордамыз Астана қаласына жіберуде. Бірсыпырасын қоймаларда сақтап, өткеру шешімін тапқан. Сонымен қатар аудандағы, Тараз қаласы мен Елордамыз Астана қаласында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне жиі қатысып келеді.

Бұдан бөлек, қожалық бүгінгі күні жеміс пен сәндік ағаштарын тұқымнан көбейтуді қолға алған. Алма, шие, өрік пен алқоры тұқымдарын қолдан будандастырып, түрлі сорттарын, сондай-ақ аққайың көшеттерін баптап өсіруде. Жылына 1000 көшеттен сатылымға шығаруда. Былтыр қожалық көшеттерін Бақалы мен Көктөбе ауылындағы мешіттерге, Қошқарата ауылдық округіндегі үш мектепке 50-100 түптен тегін үлестірген. Сондай-ақ, былтыр және биыл аудан орталығындағы «Ардагерлер аллеясы» мен саябақтарға 1000 түптен жеміс пен сәндік ағаштарын демеуші ретінде берген. Олардың барлығы да бүгінгі күні тамыр алып, жайқалып тұр.

Қожалық жетекшісінің айтуынша, осы алма өсіру шаруашылықтың бал арасын өсіруіне себепші болыпты. Яғни, жыл бойы алма гүлін тозаңдандыру үшін алынған ара шаруашылықтың бірте-бірте негізгі кәсібіне айналған. «Ара өсіруді 2017 жылдан бастап қолға алдық. Бұл кәсіпті де жақсылап меңгердік. Қазір шаруашылықта 30 ара ұясы бар. Олардың күтімі, бәрі жақсы. Ара балын да сол өз тұтынушыларымызға өткеріп отырмыз», – дейді кәсіпкер.

Біраз жылдан бері шаруашылықтың дамытып келе жатқан кәсібінің тағы бір түрі бие байлап, қымыз өндіру. Бүгінде Алатау маңындағы қожалықтың жазғы жайлауында 15 бие байлануда. Күнделікті саумалын алушылар мен тапсырыс берушілер желі басынан өздері келіп, бөшкелеп алып кетеді екен. Бұл да шаруашылықтың жолға қойылған бір бизнесі болып саналады. Сонымен қатар, немересі атынан «Данияр» шаруа қожалығын құрып, асыл тұқымды шаруашылығын қолға алыпты. Былтыр «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ арқылы несие рәсімдеп, қой өсіруде.

Қандай шаруа болса да оған құдай қосқан қосағы Күлән Сапарбекқызы сүйеу болуда. Күлән апа жұбайы Бесбай Қансейітұлымен төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Қырық жылға жуық аудандағы Абай және Гайдар атындағы орта мектептерде математика пәнінен сабақ берген Күлән апа бүгін зейнетте.

Марат Құлибаев,

Жуалы ауданы.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.