13 рет оқылды

Жақында Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толуына орай Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында «Мәдениет – асыл қазынам!» атты аудан күндері болып өтті. Орталық стадионда өткен мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын оның жан-жақты дайындығынан анық көруге болады.

Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданының аймақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуға қосқан үлесі зор. Тарихқа көз жүгіртсек, Жуалы ауданында есімі мен ерлігі әлемге танылған бірегей тұлға, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы дүниеге келген. Батыр Баукеңнен кейін елі мен жерінің даңқын қалам қайратымен және қайсар рухымен асқақтатқан белгілі жазушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза шықты. Генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев та осы өңірдің азаматы. Жуалылықтар Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерінің иегері, ұлағатты ұстаз Аягүл Миразовамен де мақтанады. Афина Олимпиадасының чемпионы, ең үздік боксшыға берілетін Бэлл Баркер Кубогының иегері Бақтияр Артаевтың ата-анасы да осы Жуалы ауданында өмірге келген.  Жуалыда, сондай-ақ, әртүрлі құрылымдардың 13 генералы, мәдениет пен өнердегі, білім мен ғылымдағы және басқа салаларда орасан зор биік жетістіктерге жеткен танымал тұлғалар жетерлік.

Мерекелік іс-шара басталмас бұрын орталық стадионда тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, қонақтар назарына ұсынылды. «Ертегілер әлемі» балалар ойын алаңы да көрермендердің ойынан шықты. «Ұлттық ойын — жас ұрпақты шыңдайды» алаңында ұлттық ойындар: тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, бас тас және басқа ойын түрлері де өскелең ұрпақтың қызығушылығын тудырды.

«Тойға шашу» алаңында қазақ халқының ұлттық тағам түрлері дайындалып, сонымен бірге, ұлттық салт-дәстүрлер де кеңінен насихатталды. Қыз ұзату мен келін түсіру, беташар жасау көрермендердің көңілінен шықты.

Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласының ежелгі тарихына, оның тарихи және көрнекті орындарына арналған тақырыптық көрме де жиналған жұртшылық назарына ұсынылды. «Жуалылықтар — тұғыр биігінде» көрмесі де өңірден шыққан танымал тұлғалардың өмірімен, фотосуреттерімен танысқандарға үлкен әсер етті.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов бастаған мереке қонақтары осы айтылған тақырыптық көрмелерді, аудандық тарихи-өлкетану музейін, Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейін және Талапты ауылындағы Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей үйінің жәдігерлерін қызыға тамашалады.

Ұлттық құндылықтар, оның ішінде, күнделікті тұрмыста қолданылатын еңбек құралдарынан бастап дәстүрлі еңбек, оның ішінде, жүн түту, иіру, сабау, одан текемет, тағы да басқа тұрмыстық бұйымдар жасау ұлықтауға, бүгінгі ұрпақ назарына ұсынуға тұрарлық. Ісмер Төлебала Сүңгібаева бастаған құрақшылардың да өнері назардан тыс қалған жоқ. Ұлттық тағамдар мен сусындарға да орын берілген. «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының қорындағы жануарлар мен құстардың тұлыптары, тордағы құстар, онымен бірге, қорықтың тарихына қатысты дүниелер ерекше қызығушылық тудырды.

Ұлттық мәдени орталықтардың көрмесіне де орын қарастырылған. Онда «Мехрибан» әзірбайжан ұлттық орталығынан бастап, өзбек, шешен, славян ұлттық мәдени орталықтарының күнделікті тыныс-тіршілігіне арналған, оның ішінде, ұлттық тағамдар және салт-дәстүрлерге де орын берілген. Онда әрбір орталықтың жетекшілері көрмемен таныстырды. Атап айтқанда, әзірбайжан ұлттық орталығы қыз ұзату салтын көрсетсе, өзбек, шешен және славян орталықтары ұлттық билерін көрсетті.

Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шараның «Мәдениет – асыл қазынам» деп аталатын негізгі бөлімін аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтау сөзбен ашты.

-Құрметті жиналған қауым! Сіздерді Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған «Мәдениет – асыл қазынам» атты ауданның мәдениет күндерінің өтуімен құттықтаймын!

Қасиетті Әулиеата өңіріндегі Жуалы ауданы қасиетті өлке. Оның өткені мен бүгіні, өнері мен мәдениеті бір-бірімен өте тығыз байланысып жатыр. Өңір мәдениетінің тарихы да терең. Ауданда барлығы 50-ге жуық мәдени ошақ тұрғындарға қызмет көрсетеді. Жыл санап мәдениет саласына бөлінетін қаражат та ұлғайтылып, қызметкерлердің айлық жалақысы да артып келеді. Осыған сәйкес, өңірдегі бірқатар мәдениет нысандарында орта жөндеу жұмыстары жүргізілсе, бірқатарында жаңа құрылыстар бой көтеру үстінде.

Биыл барлығы екі мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланып, осыған орай мерейтойлық іс-шаралар, еске алу кештері, тағы да басқа тұрғындардың мәдени танымын арттыратын пайдалы кездесулер өткізілу үстінде. Бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстарға аудан кітапханашыларының да қосып отырған үлесін айтуға тиіспіз. Мәдениет күні бұл – елді ортақ құндылықтарға біріктіретіні даусыз. Сондықтан, Сіздерді ауданның мәдениет күндерімен құттықтай отырып, әрбір отбасына амандық пен жақсылық тілеймін,- деді ол.

Мәдениет күндері ауданның және ауданнан шыққан танымал өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. «Қызғалдақ» ән-би ансамблі мен «Бөкейтау» вокальды-инструменталды ансамблі бірлесіп халық күйлерінен поппури орындаса, айтыскер ақын Қанат Мырзахан «Атыңнан айналайын, Әулиеата!» атты арнау өлеңін домбырамен орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Танымал өнерпаздардан «Музарт-Лайф» тобының әншілері, облыстық филармонияның әншілері Жанна Асанқұлова мен Әскербек Досанов, Жазира Сметова «Ұлы дала», «Қызғанамын», «Өмір, өмір!», тағы басқа әндерді әуелетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған Жуалы ауданының мәдениет күндері ат спорты ойындарымен, танымдық іс-шаралармен жалғасты. Бір сөзбен айтқанда, облыстың мерейтойына арналған мерекелік іс-шара батыр бабалардың рухын асқақтатып, аудан тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлаған іс-шара болды.

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.