66 рет оқылды

Еліміздің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес, «облыстық маңызы бар қаладағы халық саны 400 мың адамнан асқан кезде қаладағы аудан құрылады» деп жазылған. Соған байланысты қала дамуының жаңа бас жоспары аясында шаһарда екі аудан құру қарастырылған болатын.

Бас жоспарға сәйкес, Жамбыл және Байзақ аудандарынан аумағы 13019,1 гектарды құрайтын 14 елді мекенді қалаға қосу көзделіп отыр. Олардың қатарында Байзақ ауданы Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылы (халық саны – 4057 адам) мен Талас темір жол бекеті (халық саны – 1280 адам) де бар.

Осыған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Талас ауылына барып, тұрғындармен жүздесіп, бірқатар мәселеге құлақ түрді.

– Бүгінгі таңда Тараз қаласының шекара сызығын өзгерту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 қарашадағы №1014 қаулысы қабылданды. Ендігі кезекте шаһарда 2 аудан құру туралы облыс әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімі қабылданады. Бұл шешім Тараз қаласының шекара белдеуін кеңейтіп, қанат жаюына, көркеюіне оң әсерін тигізері сөзсіз. Соған байланысты Тараз қаласы әкімдігінің бөлімдері болашақта облыс орталығына қосылатын елді мекендегі проблемаларды зерделеп, оларды шешу бойынша жол картасын әзірлеуде. Сондықтан әрбір мәселе жіті назарға алынып, заң аясында кезең-кезеңімен өз шешімін табады, – деген Тараз қаласының әкімі тұрғындардың ой-пікірлеріне, ұсынстарына құлақ түрді.

Таластықтар өз кезегінде көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, қоғамдық көлік мәселесі, ауыз сумен қамтамасыз ету, ауылдық клуб ғимаратын жаңғырту, көшелерді жарықтандыру, шағын футбол алаңшаларын салу секілді маңызды мәселелерді көтерді.

Жиынды қорытындылаған Бақытжан Әмірбекұлы әрбір мәселе бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың жайлы өмірі үшін кезең-кезімен барлық жағдай жасалатынын жеткізді.

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.