65 рет оқылды

Тараз — таза қала дейміз. Рас, Тараз таза қала. Тал-дарақтары да жап-жасыл боп жайқалып тұр. Тура бір орман ішіндегі шаһар сияқты көз тартады. Бірақ…

Осы таза қаланың ауасына келгенде тұрғындарының тілі күрмеліп, күмілжи береді. Өйткені басқа-басқа, дәл осы ауаға келгенде, оның саф алтындай тазалығымен мақтана алмайды. «Тілі ұзындар» мен «тілі ащылар» бұл туралы сан рет айтып, сан рет жазды. Бірақ, «баяғы жартса, сол жартас». Ешнәрсе өзгерген жоқ. Соңғы жылдары ғана «сең» қозғалған сияқты.

Ол неғылған «сең»? Сеңнің аты — «фосфогипс». Ол — тозаң. Ол — топырақ. Ол — химиялық өңдеуден қалған және адам өміріне өте зиянды қалдық. Желді күні де, желсіз тымық күні де ауда ұшып жүретін химиялық зиянды зат. Сол қалдық топырақтар Тараз қаласының тура іргесінде тау-тау боп үйіліп жатыр. Сонау тоқсаныншы жылдары «Улы таулар биіктеп барады» деп «Жас Алашқа» мақала жазғаным есте. Одан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Биіктегіні былай тұрсын, зиянды «таулар» көбейе, созыла түсті.

Осы мәселе жақында Сенат залынан айтылғанда, тараздықтар қуанып қалды. Айтқан Сенатор Сәкен Аурбаев. Айтқанда, ол ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа:

-Жамбыл облысындағы Тараз қаласының қасында жатқан, 17 млн тоннаға дейін жиналған  фосфогипс үйінділері аймақ экологиясына айтарлықтай зиянын тигізуде. Ауаға да, суға да зиян, оны өзіңіз жақсы білесіз. Осы мәселеге байланысты сіздердің тараптарыңыздан қандай шаралар қабылданып отыр? – деп сауал тастады.

Ерлан Нұрәліұлы бұл сұраққа:

-Тараз қаласындағы өнеркәсіптік кәсіпорынға байланысты нормативтен артық жиналған қалдық жөнінде өткен жылдың аяғында біз сол қаланың тұрғынының арыз-шағымы бойынша тексеру жүргізіп, компанияға 300 млн теңге айыппұл салдық. Бірақ сотта басқа шешім қабылданды. Дегенмен, бұл мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды әріптесім, минстрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов айтып берсе, — деп жауап берді.

Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов болса өз кезегінде:

-«Казфосфат» компаниясы бойынша қаланың қасында 2  үйінді бар. Онда 17 миллион тоннаға жуық фосфогипс қалдықтары жиналған. Оның біреуі қазір толығымен жабылды. Былтыр Тараз қаласынан 20 шақырым жерден фосфогипс үйіндісі үшін үшінші жер берілген. Қазір өндірістен шыққан қалдықтар сол жерге тасымалдануда. Ал қаланың қасындағы 2 үйінді жөнінде Жол картасы әзірленіп, оның жұмысы аяқталып келеді. Сол Жол картасы бойынша алдағы 5 жыл ішінде аталаған 2 фосфогипс үйінділерін толық жоямыз деген компанияның міндеттемелері бар, — деп жауап берді.

Сенатор Сәкен Арубаев өте маңызды мәселені көтеріп отыр. Оны Тараз қаласының тұрғындары бір ауыздан қолдайды. Бірақ министрлік пен комитет «Казфосфаттан» жеткен қағаздағы ақпаратқа малданып отыра бермей, нақты іс пен әрекетке көшулері керек.

Неге? Өйткені «жабылды» деген «фосфогпис тауларына» қхимиялық зиянды алдықтар үлкен жүк машиналарымен әлі күнге дейін тасымалдануда. Оны ары өткен, бері өткенде өз көзімізбен көріп жүрміз. Тіпті, « зиянды таулардың» ұшар басына дейін жол салып тастаған.

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру