7 рет оқылды

Наурыз айы еліміздегі әйел-аналар үшін қосымша демалыс күндерімен ғана емес, сонымен бірге ақшалай қосымша табыс табатынымен де қуанышты болып тұр.  

Бірқатар өңірде көмек алудың негізгі шарты — көпбалалы ана мәртебесіне байланысты, яғни арнайы төлемді мемлекеттік наградалары бар әйелдер ғана ала алады. Мысалы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа», «Батыр ана» атақтары мен «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендері бар аналарды қосыша сыйақы күтіп тұр.

Мысалы, Астана мен Қарағанды қалаларында көпбалалы отбасылармен (төрт және одан көп бала) бірге аз қамтылған аналарға да ақшалай көмек беріледі. Айталық, Елорда әкімдігі 8 наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесіне байланысты біржолғы әлеуметтік көмекті шамамен 37 мың адамға бермекші.  Олардың ішінде — көпбалалы отбасылар мен көпбалалы аналар және аз қамтылғандар бар. Берілетін ақшаның көлемі — 10 813 теңге.

Әйелдер мерексіне арналған бұл сыйлық Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы №84/10-VIII шешімімен бекітіліпті. Ақшалай сыйлық «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған аналарға, сондай-ақ Астана қаласында тіркеліп, тұрақты тұратын аз қамтылған аналарға беріледі. 

Ақмола облысындағы аналарға берілетін көмек мөлшері де құлаққа жағымды. Мұнда да «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар, бұрын «Батыр ана» атағын алғандар, сондай-ақ «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған жандар үшін 8 наурызға арналған төлемдер қарастырылып, ақша көлемі — 8 650 теңгеден 21 625 теңгеге дейін белгіленген. Атап айтсақ, 21 625 теңге — Көкшетау, Степногорск, Қосшы, Бурабай және Есіл аудандарында; 12 975 теңге — Аршалы, Біржан сал, Жақсы, Жарқайың, Зеренді және Целиноград аудандарында; 8 650 теңге) — Сандықтау ауданында беріледі. Жалпы, 2026 жылы 3 849 көпбалалы анаға көмек көрсету жоспарланып, игі мақсатқа 73 миллион 926 мың теңге бөлініпті.

Қарағанды облысында 8 наурызға орай 25 042 адамға беру жөнінде  477,2 миллион теңге қарастырылыпты. Оның ішінде 3 422 адам 20 000 теңге көлемінде біржолғы материалдық көмекке  ие болады. Олар, әрине, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар және «Батыр ана» атағы, «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерінің иегерлері болмақ. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасылар да сыйлық ақшадан құр қалмайды. Қосымша төлем алатындардың  көбісі Қарағанды (8 832 адам), Теміртау (3 000 адам), Балқаш (1 750 адам) қалаларында тұрады.

Ақшалай төлемнен бөлек: әлеуметтік осал топтар үшін 366 адамға мерекелік түскі ас берілмек.  Азық-түлікке толы себет — 780 адамға таратылмақ. Сондай-ақ, 474 адамға шеберлік сабақтары, түрлі іс-шаралар мен сыйлықтар ұйымдастырылған.

Мұнайлы өңір — Маңғыстау облысында 15 000 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталғандарға, бұрын «Батыр ана» атағын алған немесе «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендері бар көпбалалы аналарға берілмекші.

Ұлытау облысында 8 наурызға арналған біржолғы көмекке «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендері бар көпбалалы аналар ие болады.  Яғни 9 375 ананың әрқайсысы 20 000 теңгеден сыйлыққа ие болады . Ол үшін 187 500 000 теңге қарастырылған.

Шырайлы шаһар — Шымкент қаласында 8 наурыз мерекесіне сыйлық алуға мәртебесі бар «Алтын алқа», «Күміс алқамен», «Батыр ана» атағымен, «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған әйелдерге  — 21 625 теңге беру жағы ойластырылған.  Биыл барлығы 14 267 анаға қаржылай қолдау көрсету жоспарланып отыр екен. 

Төлем алушылар тізімі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректері негізінде жасалған. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді.

 

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру