13 рет оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 наурыз күні  Астанада өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының III республикалық форумында мәслихат төрағаларына ротация қағидатын енгізіп, олардың өкілеттік мерзімін екі кезеңмен шектеуді ұсынды.

Бұған «тақ қызығын» көрген төрағалардың өздері не дейді екен?

Владимир Бубенко, 71 жаста, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы. Ол 2016 жылдың наурызынан бері бұл қызметте үшінші мерзімін атқарып отыр. Бубенко Президент ұсынысына:

-Президенттікі дұрыс, —  деп жауап беріпті.

Оның ойынша, мерзімі аяқталған кезде қызметтен кетуге дайын, дегенмен бұл жұмысы өзін моральдық тұрғыдан қанағаттандырған. «Қандай моральдық тұрғы» екенін өзі білетін болар.

Денис Рыпаков, 45 жаста, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы, ол бұл қызметте екінші мерзімін (2021 жылдың қаңтарынан бастап) атқаруда.

-Төрағалардың өкілеттігі екі мерзімнен аспауы керек деген идея дұрыс. Екі шақырылым шамамен 10 жыл, бұл жеткілікті. Ротация қажет, ол жаңару әкеледі, жастарға жол ашады,- деген ол, екі мерзім аяқталған соң қызметінен кетуге дайын екенін айтқан.

Петропавл қалалық мәслихатының депутаты, заңгер Павел Афанасьев те бұл пікірді қолдайды:

-Бұл қызметте бір адам ұзақ уақыт атқармауы тиіс. Өйткені ол өмір бойғы лауазым емес. Кадрлар жаңарып отыруы керек, әйтпесе тоқырау мен сыбайлас жемқорлық қаупі туады, — деді ол.

Қостанай облыстық мәслихатының төрағасы Сайлаубек Ешанов сонау 2012 жылдан бері мәслихат төрағасы қызметінде екен.

-Мен 200 пайыз келісемін. Президент өз мерзімін шектесе, басқа лауазымдар үшін де бұл қалыпты. Мәслихат — саясаткерлер үшін жақсы мектеп, ол арқылы әртүрлі адамдар өтуі керек, — депті ол.

Жетісу облыстық мәслихатын үш жылдан астам уақыт басқарған Гүлнар Тойлыбаева да бұл бастаманы қолдайды. Оның айтуынша, екі мерзіммен шектеу: жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту қағидаттарына сай келеді; саяси реформалардың логикалық жалғасы және мәслихат жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Абай облыстық мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков те бұл ұсынысқа оң баға берген.

-Кез келген жүйеде сабақтастық пен жаңарудың тепе-теңдігі маңызды. Мерзімді шектеу жаңа идеяларға жол ашады және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттырады, — деген ол.

Форум барысында Қазақстанда биліктің барлық деңгейінде ротация қағидаты енгізіліп жатқанын айтылған болатын. Қазіргі таңда сайланатын әкімдердің өкілеттігі де екі мерзіммен шектелген. «Мәслихат төрағалары үшін де ротация қағидатын енгізу қажет деп санаймын», — деген еді Президент форумда.

Бірақ халық арасында «Екі мерзім, яғни бір орында он жыл отыру мына зымырандай ұшқыр заманда өте көп  емес пе? Неге десеңіз, Президенті бір мерзімге, онда да тек 7 жылға сайланатын елде, мәслихат төрағаларының екі мерзім отырып, 10 жыл бойы ырғалып-жырғалып жүріп алуы заман талабына сай емес» дегендер де бар.

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру