8 рет оқылды

Қазақстан Парламентінің Сенаты түзетулердің қазіргі нұсқасын қолдамай, құжатты елеулі өзгерістер енгізу үшін Мәжіліске қайта жіберді. Сенаторлардың негізгі мақсаты — депутаттар ұсынған қатаң нормаларды жұмсартып, азаматтардың қауіпсіздігін де, жануарларға өркениетті қарым-қатынас қағидаларын да ескеретін тиімді тетік қалыптастыру. Сенаторлардың пікірінше, заң көшедегі иттердің санын жай ғана механикалық түрде азайтуды емес, жауапсыз иелену мәселесін жүйелі түрде шешуді көздеуі тиіс.

Бес күндік мерзімнен бас тарту және өкілеттіктерді өңірлерге беру


Ең даулы мәселелердің бірі «өлім таймері» болды. Мәжіліс қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау пунктіне түскеннен кейін бес күн өткен соң эвтаназия жасауға рұқсат беруді ұсынған.

Сенаторлар бұл мерзімді негізсіз қысқа әрі адамгершілікке жат деп таныды, өйткені бес күн ішінде жануарға жаңа иесін табу немесе оны еріктілерге беру іс жүзінде мүмкін емес. Қатаң орталықтандырылған норманың орнына жануарлар санын реттеу тәртібі мен мерзімдерін жергілікті мәслихаттардың өздері белгілеуі ұсынылды. Бұл әр өңірге нақты жағдайға және баспаналардың мүмкіндіктеріне қарай шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Терминологияны өзгерту және мысықтардың ерекше мәртебесі


Сондай-ақ жануарлар санын реттеуге қатысты заң баптарында «эвтаназия» терминін қолданудан бас тарту ұсынылды. Сенаторлар жазалаушы сипаттағы лексикадан құқықтық реттеу тіліне көшуді көздейді.

Бұдан бөлек, саны реттелетін және шектен тыс шаралар қолданылуы мүмкін жануарлар тізімінен мысықтар толықтай алынып тасталды. Парламент мүшелері мысықтар агрессивті иттер сияқты қоғамдық қауіп төндірмейтінін және оларды қайтарымсыз аулау мен жою шараларына қоспау керектігін атап өтті.

Иелердің құқықтарын қорғау және қаңғыбас жануар ұғымын қайта қарау


Сенат жануарды қаңғыбас деп тану критерийлерін де қайта қарады. Алғашқы нұсқада чиптің болмауы автоматты түрде итті қаңғыбас деп тануға негіз болған.

Сенаторлар мұндай тәсілдің тәуекелдерін атап өтті: шалғай ауылдарда жаппай чиптеу әлі толық жүргізілмеген, сондықтан микрочипсіз, кездейсоқ ауладан шығып кеткен үй иті бірден ұсталып кетуі мүмкін еді.

Жаңа нұсқада қаңғыбас жануардың негізгі белгісі — иесінің болмауы. Бұл иелердің құқықтарын қорғап, ауылдық жерлердегі құқықтық теңсіздіктің алдын алады.

Әкімдіктердің жауапкершілігін күшейту және адами фактор


Жаңартылған заң жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері мен міндеттерін айтарлықтай кеңейтеді. Енді әкімдіктер жануарларға арналған баспаналарды ұйымдастыруға, жоғалған үй жануарларын іздеуге, вакцинация жүргізуге және халықпен түсіндіру жұмыстарын атқаруға тікелей жауап береді.

Сенаторлар Президенттің ұстанымын қолдап, қаңғыбас иттер мәселесі ең алдымен адамның немқұрайдылығы мен жауапсыздығынан туындайтынын атап өтті. Осыған байланысты заң қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға және жануарларды көшеге тастайтындарға талапты күшейтуге бағытталған.

Еске сала кетейік, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» қолданыстағы заң 2021 жылы қабылданған болатын. Ол жануарлар санын стерилизация жасап, қайтадан көшеге жіберу арқылы реттеуді көздеген. Алайда депутаттардың айтуынша, 2026 жылға қарай ресми статистика бұл модельдің тиімсіз екенін көрсетті.

Сәуір айының басында Мәжілісте қараусыз жануарларды белгілі бір мерзім өткен соң эвтаназиялауды көздейтін түзетулер ұсынылғаннан кейін, заң жобасы қоғамда үлкен резонанс туғызып, жануарларды қорғаушылар мен жұртшылықтың бір бөлігінің сынына ұшырады. Қарсы тарап жаңа нормалар іс жүзінде жануарларды жаппай жоюды заңдастырады деп мәлімдеді. Ал түзету авторлары құжат төңірегінде алып-қашпа пікірлер мен манипуляциялар көбейгенін айтты.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру