Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылдық мәдениет үйінің жанынан ашылған «СӘН» домбыра үйірмесінің жетекшісі Халбаева Сандуғаш. Ол 2013 жылдан бері музыка және өнер мектебінде еңбек етіп, жас ұрпаққа қазақтың қасиетті қара домбырасының қыр-сырын үйретіп келеді.
Отбасылық жағдайына байланысты 2021 жылы Ақбұлақ ауылына қоныс аударып, осы ауылда да өзінің сүйікті кәсібін жалғастыруды мақсат етеді. 2025 жылдың маусым айынан бастап Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылындағы Мәдениет үйінен домбыра үйірмесін ашып, ауыл балаларына ұлттық өнеріміздің асыл мұрасын үйретіп, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, өнер-білімге баулып келеді.
Домбыра үйірмесіне қатысатын оқушылардың жас ерекшеліктері әртүрлі болғанымен, барлығын біріктіретін бір мақсат бар – қазақтың қара домбырасын үйрену, күй өнерін меңгеру және ұлттық өнерді дәріптеу.
Осы уақыт аралығында білім алған көптеген шәкірттер домбыра өнерін меңгеріп, түрлі байқауларға қатысып, өз қабілеттерін шыңдап келеді. Бұған дейін білім алған шәкірттерінің арасында өнер жолын таңдап, бүгінде өздері де музыка және өнер саласында еңбек етіп жүргендері бар. Бұл – үлкен мақтаныш.
Шәкірттері ауыл, аудан, облыс көлеміндегі байқаулармен қатар, республикалық және халықаралық деңгейдегі өнер додаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
2026 жылғы 7 наурызда Түркістан облысында өткен аспапта орындау және дәстүрлі ән бағытындағы өнер байқауына шәкірттері қатысып, бас жүлдені иеленді. Осы жеңістің нәтижесінде Өзбекстан Республикасына жолдама алып, халықаралық деңгейдегі өнер додасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінгі жетістіктер – үлкен белестердің бастауы. Берілген жолдамамен Өзбекстан Республикасында да бас жүлдені жеңіп алды. Осылайша, сахна төрінде қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, дәстүрлі әнімізді әуелетіп, Қазақстанның өнерін лайықты деңгейде танытып қайтты.Бұл жетістіктердің барлығы – шәкірттерінің таланты мен тынымсыз еңбегінің, ата-аналардың қолдауының және ұстаз еңбегінің нәтижесі.
Сандуғаш ұстаздың алға қойған мақсаты – оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасап, оларды өнерге, еңбекке, ізденіске және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу. Алдағы уақытта да талай биікті бағындырып, қазақтың қара домбырасын төрге шығарып, ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттайтын талантты шәкірттер тәрбиелеу.
Домбыра арқылы баланың тек музыкалық қабілетін ғана емес, оның сахна мәдениетін, жауапкершілігін, өзіне деген сенімін қалыптастыруға да мән береді. Шәкірттерінің алар асуы әлі алда.
Домбыра – халқымыздың үні, тарихымыздың шежіресі, ұлттық рухымыздың символы. Ал сол қасиетті өнерді жас ұрпаққа жеткізу – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік.
Назым КАНТАЕВА,
Түркістан облысы, Сайрам ауданы,
Ақбұлақ ауылдық мәдениет үйінің
мәдени іс-шара ұйымдастырушысы.


