Алматыдағы қылмыстық іс бойынша мамандандырылған ауданаралық сот Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Мақажановқа қатысты үкім шығарды.
Ақпан айында ұсталған экс-әкімді сот аса ірі көлемде пара алғаны жөнінде кінәлі деп тапты.
-Сотталған адам лауазымды қызмет атқарғанына қарамастан өзінің қызметтік ықпалын пайдаланып ЖШС директорынан мемлекеттік-жекеменшік кәсіпкерлікте «қолұшын берем, қолдаушы болам» деп 50 млн теңге пара талап еткен. Заңсыз ақшаны қолына түсіру үшін өзінің таныстарын арам іске тартқан. Олар болса ақшаны алып жатқан жерінде құрығы ұзын құқық қорғаушыларға ұсталып қалды.
Сот бұрынғы әкімді 10 жылға бас бостандығынан айырып, қатаң тәртіптегі колонияда жазасын өтеуге үкім шығарды. Сонымен бірге ол енді өмір бойы мемлекеттік қызметтің маңайынан жүрмейтін болады.