Жеңілдетілген несие алып, сен де кіріс!
Ақбастау ауылдық округінде жылыжай өсіруге де ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі таңда ауылдың 5 тұрғыны жылыжай өсіруге ниет білдіріп отыр. Оның ішінде Нейля Дагилова 8 миллион 600 мың теңгеге, Ардақ Байгелді 5 миллион 900 мың теңгеге жылыжай кешенін салып жатыр. Қомақты қаржыны «Тараз» ӘКК» АҚ жеңілдетілген несиемен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша беріп отыр. Бұйырса, олар 2026 жылдың көктемінен бастап, жылыжай кешендерін пайдалана бастайды.
Сондай-ақ Гауһар Қошанова 8 миллион 800 теңгеге, Дәмір Әтішбек 6 миллион 600 мың теңгеге, Данияр Әтішбеков 3 миллион 200 мың теңгеге жылыжай кешенінің құрылысын жүргізіп, еңбекке кірісті. Қазіргі таңда осы үш жылыжай кешенінде де қияр өнімі өсіріліп, сатылымға шығып жатыр. Қалай дегенде де ауыл тұрғындары егіншіліктің жаңашыл жағдайына да бейімделіп, істің көзін табуға дағдыланып келеді.
Бұл туралы жылыжай өсірушілер де ойларымен бөлісті.
– Қай жұмыстың болса да өз қиындығы бар. Жылыжай кешенін салу, жылыжайда өнім өсіру де – жаңашыл іс. Ауыл тұрғындары мұндай шаруамен тек соңғы жылдары айналыса бастады десек артық айтпаспын. Біз де осы кәсіпке тәуекел еттік. Әуелі оңай болған жоқ. Жылыжай кешеніне қажетті қаражатты алу үшін де, өзіңнің жобаңды дәлелдеп шығу үшін де талай уақыт кетті. Талай ізденіс жасалып, талай есікті тоздырдық. Бірақ міне, нәтижесі болды. Қаражатты да алдық, жылыжайда да өнім өсіріп жатырмыз. 8 миллион 800 мың теңгеге жоба жасап, оны қорғап шықтым. Жаңашыл жұмыстың әр сәті өзгешелікке толы болады. Соған қарамастан, жұмыс үдесінен шығып, табандылық таныттық. Қияр өсіріп, оны өткеретін жерді де белгілеп отырмыз. Сапалы өнім өсіріп, оны өткеруге де қолжеткіздік. Мұның бәрі жұмыстың оң нәтижесі деп есептеймін. Менің ауылдас әріптестерім де жылыжай өсіруде жақсы нәтижеге жетіп отыр. Біздің бұл ісімізге аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен де, ауылдық округ әкімшілігінен де қолдау болып тұр. Алдағы уақытта да жылыжайда басқа да өнім түрлерін өсіруге күш сала бермекпіз, – дейді кәсіпкер Нейля Айтжанқызы.
Жамбыл ауданы
Есет ДОСАЛЫ

