Молша апамыз дарынды ұлын «Ол — Ай ғой… Айдан жаратылған ғой» дейді екен..
І.
Академик-жазушы Мұхтар Әуезовті алып Алатаудағы Хантәңіріне баласақ, сол қол жетпес құзар шыңның айналасындағы биіктер де бір-бір таланттың алар асу-армандары сияқты қазақ даласының қай түстігінен қарасаң да үнемі менмұндалап, қолбұлғап тұрады. Қазақ әдебиетінің қара нарларының бірі Ғабең-Ғабит Мүсіреповтің «қаламыңның жеткен жеріне дейін көкке көтеріле бер. Биікте орын көп» деген қанатты сөзі һәм бар. Сөз өнерінің Созақтан шыққан сойы Тәңірберген-Тәкен де әдебиет асуларындағы өз биігін өзгеге ұқсамайтын өз өрнегімен тапты. Жә…
«Алып анадан туады». Тағы да Әуезовке жүгінеміз. Мұхаң Абайды жазғанда аналардың ғажайып бір галереясын түзді. Ұлжан… Айғыз… және Зере… Бала Абайды оқудан қарсы алған кездегі осы «үштіктің» балаға деген махаббаты роман-эпопеяда өте шынайы әрі көркем кестеленеді. Тәкенді тәрбиелеп, оның санасына бала кезінен халқымыздың салт-дәстүрін, сөз қаймағын, ой мәйегін, сөйлеу мәнерін ана тілінде сіңірген әкесі Әлімқұл мен анасы Молша апа (ел аузында Мәти деп та атайды) болды. Барлас ақын мен оның шәкірті Байкөкшенің өнері мен соны сөздерін естіп рухтанған Абай сияқты Тәкен де әке мен ана айналасындағы Келіншектаудың теріскейі мен күнгейін жайлаған өнерлі ел-жұртының, оның ішінде Майлықожа, Құлыншақ, Мәйкөттердің ән-жырымен, Ықылас, Сүгірлердің беу-беулеген күйлерімен, атадан балаға жалғасқан небір аңыз-әңгімелерімен ауызданып өсті.
ІІ.
Тәкеннің әкесі Әлімқұл ұл-қыздарының қызығына енді кенелем деп жүргенде бақталас дұшпандарының қолынан қаза тапты. Елдің айтуына қарағанда, бір үйде меймандықта отырғанда тамағына қосып берген удың салдарынан қайтыс болған. Жарықтық өзіне қастық жасаларын алдын-ала сезсе керек, ағайын боп келетін інісі Сопбекке «бұлардың маған күн көрсетер түрі жоқ, не істеймін?» деп мұңын шағады. Тіпті «Тәшкен мен Әулиеата асып, ағайын сағалап кетіп қалғым да бар. Егер кете қалсам, қайтып оралғанша артымдағы қалған әйеліме, балаларыма бас ие бол, қамқорлық жаса» деген аманатын да айтады. Жарықтықтың айтқаны айдай келіп, көп ұзамай жұмбақ жағдайда көз жұмады. Әлімқұлдың қамқорлығын көп көрген Сопбек Еспенбеттегі аға аманатына адалдық танытып Созаққа үш түйе жіберіп, Әлімқұлдың артында қалған жары Молша мен балаларын қасына көшіріп алады. Тәкеннің әпкесі, сол уақтағы «шаш ал десе, бас алатын» атқамінерлерге «көзтүрткі» болған сұлу Күлшім (ағайындары Ұлшым деп те атайды) Ащысай кенішіндегі Алтынбек Жұмабеков деген жігітке тұрмысқа шығады. Тәкен комбинатқа жұмысқа орналасады, кейін «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қызметке ауысады. Тәкен Әлімқұловтың «Қаратау» деп аталатын повесін зерттей оқыған зерделі оқырман осы айтылғандардың көркем шындыққа айналғанына куә. Жазушы осы хикаятта әкесін Ноғайбай, анасын Ырысбике, өзін Шәуке, әпкесін Несібелі деп жазыпты. Бірақ жер-су атаулары мен кейіпкерлерінің аты-жөндерінің өзгеріске ұшырғаны болмаса, көркем шығарманың автобиографиялық тұрғыдан алғанда өте құнды дүние екені көрініп тұр. «Шәукені сағыныш сезімі билеп алды. Ол шешесін аяды, апасын аяды, өзін аяды. Уылжыған іші ашып, түтіндей бықсыды. Сағыныш сұмдық асқынғанда: «Көке-ау, бізді тастап қайда кеттің?!»-деп еді, еңіреп қоя берді» деген жолдар қайғы мен қасіретке толы отбасының қас-қағым сәті ғана. Тәкеннің тау мен тасты, құм мен даланы адақтап өткен әдеби өмірі осылай басталады да, Молша апамыз пешенесіне үнемі түз кезіп, болашаққа елі мен жерінің үнін жеткізу жазылған дарынды ұлының амандығын тілеп Созақта қала береді…
ІІІ.
Созақ ауданының Құмкент және Қызылкөл ауылдарында тутамғалылармен аралас төре-төлеңгіттер де қоныстанған. Кезінде Кенесары ханның қалың қолына ілесе келіп, тұрақтап қалса керек. Молша апамыздың ата-баба шежіресін осы төре-төлеңгіттерден таратады. Тәптіштеп айтсақ, Пұсырманнан Қазанғап, Қазанғаптан Жантуар, Жантуардан Құдабек, Құдабектен Махан, Молша (Мәти), Мәрия, Рәш, Мелдебек, Әділбек деген алты ұл-қыз тарайды. Молша апамыз Әлімқұлға тұрмысқа шықаннан кейін Күлшім (Ұлшым), Тәкен (Тәңірберген) және Ескендірді дүниеге әкеледі. Күлшім әке қайғысы мен өмір тауқыметі бар, ауру меңдеп ерте қайтыс болады. Тәкеннің өз жолын өзі тауып сөз өнерінің сара жолына түскені белгілі. Ескендір инстиут бітіріп, Келес ауданында ұстаздық етеді. Бала-шағасы бар. Жетпісінші жылдары қайтыс боп, кіндік қаны тамған Бабатаға жерленді. Күлшім мен Ескендірінен өлідей, Тәкенінен «тірідей» айырылып, соқа басы қалған Молша апамыз өмірінің соңына дейін ағасы Маханның баласы Пәрімбектің үйінде болды.
Құмкент ауылында тұратын төре, елімізге еңбегі сіңген ұстаз, алыс-жақындағы зиялы қауымға «тірі энциклопедия» ретінде танылған шежіреші және күйші Файзолла Үрмізов ақсақал Тәкеннің анасы Молшаны «маңғаз келген, алтын адам еді» деп бағалады. Өзі Тәкенді 1962 жылы Мұхтар Әуезовке еріп келгенде көргенін айтады. Одан кейін бір жолыққанымда Тәкеннің «шіркін, ертеректе жазғандарымның көбісінде жер-су атаулары мен адамдардың аты-жөндерін өзгертіп алып ем. Соным бекер бопты. Өзгертпеуім керек еді» деп өкінгені бар еді дейді. Тәкеннің анасын Файзолланың келіні Сара апамыз да көріпті. «Денелі, салмақты, көрікті кісі еді. Үнемі аппақ боп киініп, тап-таза боп отыратын» дейді ол.
Молша апамыз Махан ағасының баласы Пәрімбекті де туған бауырынан кем көрмепті. Пәрімбектің ұлы Ерғали айтады:
— Әкем соғыста барлаушы болған кісі. Жұмыстан кештетіп келсе де үйдің айналасын, қора-қопсыны бір айналып, оны-мұныны байқастап өтетін әдетінен өмірі жаңылған емес. Түскі асты ішіп жатқанбыз. Әкем дастархан басына әлі отырған жоқ. Малды қарап жүр. Ол асықпай жүрген кезде біз бала-шағалар дастарханның бір жағын «опырып» тастаймыз. Біздің қарқынымыздан «шошыған» Мәти апамыз (Ерғали Молша апасын Мәти дейді екен) дастархандағы «жылы-жұмсақтардан» ініме де қалсын деп тыққыштай бастайды. Әкеміз дастархан басына жайғасқан соң Мәти апамыз «аман» қалған ас-суды інісінің алдына қарай ысырып, «іш, же»-нің астына ала бастайды. Біздің өзімізге тиесілі «үлесімізді» асыра орындап қойғанымыздан бейхабар әкей тәтті-пәттіні біздің алдымызға қарай итереді. Өзіміз тойсақ та, көзіміз тоймайтын біз, қарнымыз тырсылдап тұрса да, әкейдің қолын қаға қоймаймыз. Сонда Мәти апам шыдамай «Әй, Пәрмбек, бұлар әбден ішіп, жеген, өзің де алсайшы» дейді.
Әпкесінің өзін әлі күнге дейін қанатымен қорғалаған ана қырандай ақ көңіліне риза болған әкеміз:
— Ой, алтын әпкем-ай, Сіздің жүрегіңіз «ішсінші, жесінші» деп маған елжіреп отырса, менің жүрегім осы алтындарыма иіп, құлап отырған жоқ па, — деп мәз болатын.
ІV.
Молша анамызды Пәрімбектің әйелі Дариға апамыз да туған келініндей бағып-қағыпты. Дариға — төренің қызы. Ағасы Ешмағамбеттің кіндігінен тараған перзенті болмапты да күйеубаласы Пәрімбек пен қарындасы Дариғаның Қалмырза деген баласын асырып алады. Осы Қалмырза анда-санда туған әкесі Пәрімбектің үйіне «құда бала» ретінде «бөркі қазандай боп» қыдырып келеді екен. Қалмырзаны бәрі «құда бала» деп еркелетеді. Қалмырзаның құлағына «құда бала» деген сөз де, оған көрсетілер құрмет те әбден сары майдай жағып қалған. Бірге туған бауырлары да үлкен кісідей құрметпен сөйлеседі. Ал сөзге шебер Молша апамыз болса астарлап «құда болсаң да айналайын» деп, Қалмырзаның басынан аялай сипап қояды. Сонда келіні Дариға «Ешмағамбет ағамды нағыз құдаңыз болса да «айналайын» демейсіз, соған қарағанда бұл баламен бір жақындығыңыз бар-ау деймін» деп ене мен келін арасындағы тату-тәтті сыйластықты әдемі әзілмен әдіптеп жібереді екен. Сол «құда бала» Қалмырза бүгінде нағашысы Ешмұхамбеттің қарқарадай қара шаңырағына ие болып отыр.
— Мен 25 жыл шопыр болдым. Бірде Сарысу ауданындағы Түркістан ауылына барған сапарымда «мына Қалмырзаның шешесі Дариға Тәкеннің анасы Молша апамызды туған анасындай бағып-қағып, ақ жауып, арулап көмді. Ал сен өз шешеңді сиғызбай отырсың» деген ағайын арасындағы өкпе-назды естігенім бар, — дейді Қалмырза.
Молша апамыз дінге, шариғат талаптарына өте берік бопты. Шолаққорған ауылында тұратын Ерғали Пәрімқұлұлы:
— Бала кезімізде Мәти апамыз бізден «Кімнің құлысың?» деп сұрайтын. Біз желкемізді қасып, ойланып қаламыз. Сонда «Құдайдың құлымын» деп айтыңдар дейтін. Біз лезде жаттап аламыз. Сосын «Кімнің үмбетісің?» деп сұрайды. Біз тағы мүдіреміз. Сонда «Мұхаммед ғалейкім-іссәләм пайғамбардың үмбетімін деп айт» деп үйрететін. Басқа сабақтың көбісін ұмытсам да, Мәти апамның күншуақта отырып үйреткен осы «дәрісі» мәңгі-бақи есімде қалды, — дейді.
Молша апамыз туралы кімнен жөн сұрасаң да әңгімелерінің әлқиссасы «денелі, келбетті, салмақты кісі болатын» деген сөзден басталады. Өкінішке қарай, бүкіл Созақты шарлап шыққаныммен апамыздың бір суретін де таба алмадым. Ертеректе құжат үшін түскен жалғыз суретін жыртылып жатқан жерінен құрастырып, қайта жасатыпты. Бірақ ол да жоқ боп шықты. Сол суреті бір табылса Алматыда тұратын әпкеміз Патсайым Пәрімбекқызының үйінен табылатын шығар деседі бәрі.
— Мәти апамыз дінге берік еді демекші, — дейді Ерғали, — бір күні әкем Шолаққорғандағы суретшіні ертіп кеп Молша апамды білдірмей суретке түсіріп алмақ болды. Ол үшін суретшіге алдын-ала үйге еппен ғана кіруін, сосын апамызды суретке лезде түсіріп алуын ыждаһаттап тұрып түсіндірді. Жөн-жосықты білетін әкеміз тарихқа қажет дүниені сол кезде-ақ сезсе керек. Бірақ апамыз өзін «қарауылға» алған суретшінің құрал-сайманын байқаған мезетте-ақ, қамзолымен бетін бүркеп, далаға шығып кеткені әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Шариғат жолын ұстанған кейуана суретке түсуді Құдай жолына жат деген түсініктен өле-өлгенше айнымай өтті ғой. Суретшіні ертіп кеп жүрген әкеме «мені Аллаһ алдында күнәһар қылайын деп пе ең?» деп, кәдімгідей ренжігені де бар.
VІ.
Қолмен көсіп ап ет жеуді ескілік санап, екі ішекті домбырадан намыстанған шенеуніктер қазақ мәдениетіне «бас-көз» болған зауалы запырандай зәрлі заманда дәулескер күйші, құмыр көмейлі әнші, қыран құс ұстап, құмай тазы жүгірткен аңшы, халқының намысынан жаралған от ауызды, орақ тілді Махмбеттей батыр ақын туралы жазу екінің бірінің қолынан келмегені былай тұрсын, үш ұйықтаса түсіне де кірген жоқ. Асығу-аптығуды білмейтін тәкендік әбеқоңыр әдемі тіл, қалыпқа сыймайтын қазақы мінез, пайымы бөлек парасат кеңестік ұрма-перме ұранға бағыныңқырай қоймады. Жазушы «бесжылдықтар» саясатының «жауырын жаба тоқи отырып» ұлт құндылықтары туралы тақырыпты көбірек қаузап кететін. Сол үшін де қаламгердің ел мен жер туралы романдары парықсыз қысқартуларға ұшырап жатты. Бұған Тәкен ағаның елдегі ағайын-бауырларына жазған хаттары куә. Мынау солардың бірі ғана.
«Сапаш! Мынау кітап қысқарып шығыпты. Ол кезде мен Шымкентте жазу жазып жатқан едім. Бұл кітапты толықтырып, Мәскеуден шығармақшымын. Мәскеуге апрельде бармақшымын. Бұл кітапта Сопекең туралы, Емберген (шабандоз) туралы жазылған. Өзіңнің қолың тимесе, балаларға, мүмкін, Ақашқа оқыт. Мен жаңа пәтер күтіп жүрмін. Февральдің орта шенінде берешек. Денсаулық жақсы. Пәтер алған соң хат жазамын. Тәкен. 31. 01. 1985.»
«Тәкен иіріміне» батқандардың бірі Бабатада туып, Алматыда қайтыс болған, сосын мәйіті Алматыдан кіндік қаны тамған жері Бабатаға жеткізіліп, ағасы Тәкеннің қабірінің қасына жерленген Сапарбек Еспенбеттегі (Тәкен «Сапаш» деп еркелетіп отырған інісі) ағамыз бен бүгінде сол Бабата ауылындағы мектептің директоры боп қызмет істеп жүрген Ахметбек Сопбеков (Ақаш) ағамыз. Екеуі де Әлімқұл қайтыс болғанда артында жылап-еңіреп қалған Молша апамыз бен ұл-қыздарын ұлардай шулатпай қасына көшіріп алған Сопбектің ұрпақтары. Тәкенмен қаны бір туыстар. Шолаққорғандағы үйінде қонақта отырған кезімде Тәкеннің өзіне жазған бір ауыз, екі ауыз хаттарына дейін ұқыптылықпен сары майдай сақтап келген Сапарбек ағамыздан «Тәңірберген көкемнің анасы қандай адам еді?» деп сұрағаным бар. Сонда Сапарбек ағайым «Тәкендей азамат ердің баласы Мәскеу мен Алматыға сыйлы жазушы болды ғой, қолыңа ал деп айтпайсың ба?» дегендерге Молша апамыз «Ол – Ай ғой… Айдан жаратылған ғой…» дегеннен басқа ләм-мим деп ештеңе айтпаушы еді жарықтық. Жарықтықтың дін-ісләм қадір тұтқан Ай деген қасиетті сөзбен не айтқысы келгенін кім білсін? Өзге түгілі өмір бақи ауылдас болған мен де сол жұмбақты шеше алмай жүрмін» деп еді.
Әуезов Ұлжанның Абайдай баласына деген махаббатын «тартымды салқындық» деп жазыпты. «Тартымды салқындық» деген де бола ма? Болса, ол не? Әуезов оны былайша суреттейді. «Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бір қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иіскеді. Абайдың әкесіндегі тартымды салқындық шешесіне де көптен бергі мінез болған. Бала осыдан артықты күтпеуші еді. Бірақ, бауырына басқанның өзінде де Абайдың жүрегін қатты-қатты соқтырған аса бір өзгеше жақындық білінді. Ана құшағы!… («Абай жолы», роман-эпопея. І-кітап, «Жазушы», Алматы, 1989 ж., 10-бет.) ».
Бүгінде Тәңірберген-Тәкен сөзі әдебиет көгіндегі жарқыраған жұлдыздардың арасында, шынында да, Ай боп жарқырып тұр. Тәкеннің тілі, Тәкеннің халықтық ойы топырақтың арасындағы алтындай енді аршылып, енді зерттеліп жатыр. Қазақ әдебиетінде «тәкентану» деген әдеби термин де қалыптасты. Тәкен шығармашылығына арналған мақалалар, диссертациялар, ғылыми зерттеулер бірінен кейін бірі жазылып жатыр. Тәкеннің анасы дарынды ұлын Айға балағанда, бәлкім, болашақтағы осы биіктерді меңзеді ме екен?.. Тәкеннің өзі «Жұмбақ жан» деп жазған ақын Абайдың жұмбағындай жұмбақ әйтеуір…
ТӘКЕН ЖҰМБАҚТАРЫ
Көрнекті қаламгер Тәкен Әлімқұловтың «Ел мен Жер» романы
қолжазбасының толық нұсқасы табылды
«Кенен, Кенен дейді ғой елдің бәрі» деп Жамбыл жәкем жырлағандай, «Тәкен, Тәкен» деп тамсанушылар да көп. Көп жартысының дүрмекке ілескен шіркіндер екенін де жүрек сезеді. Абай деп аһ ұру, Сәкен деп суырлу, Мұқағали деп мұңаю кейбіреулер үшін «танылу» мен «жанашыр» атанудың тәсілі болған ба деп те қаласың кейде.
Тәкен ағаның қолжазбасы қолыма жиырма жеті жасымда тиді. Ақ параққа ірі әріптермен жазылған шағын әңгіме екен. Шынымды айтсам, көзі тірі классиктің шығармасы үстелімдегі үйілген хаттардың арасында көп уақыт жатып қалды. Газеттің мәдениет пен әдебиет жағына жауап беретін басшысы, белгілі балалар жазушысы Әлдихан аға Қалдыбаев еді, бөлмеме келген сайын: «Оу, бала, Тәкен ағаңның әңгімесі не болды?» дейді. Дейдінің ар жағында «Дайындап берсейші» деген тапсырма тұр. Тапсырманың ар жағында «Дайындайтын несі бар, мәшіңке басатын қыздарға ұсынсаң зыр еткізіп тереді де береді, сен үстінен бір көз жүгіртіп, қатесін түзет те алып кел» деген ым жатыр. «Ымды түсінбеген дымды түсінбейді». Әлдекеңнің қолына тисе «Теруге!» деп қол қоюға дайын.
Бір күні Әлдихан ағаның шыдамы таусылды-ау деймін «Әй, бала, сен осы Тәкен Әлімқұлов деген жазушыны оқып па едің өзің?» деп салды. «Оқыдым». «Қандай дүниесін оқыдың?». «Жұмбақ жанын». Шынымды айтсам, басын бастағанмен аяғына жете алмағанмын. «Тағы қай шығармасын оқыдың?» «Тұлпардың тағдыры». Бірақ мұны да оқып жарыттым деп айта алман. «Мұның бәрі дұрыс қой. Сен оның әңгімелері мен повестерін оқы». Сөйтіп Әлдекең Тәкеннің бірнеше әңгімелерінің атын атап, түсін түстеп берді. Осыдан кейін хат-хабарлардың арасынан Тәкен ағаның әңгімесін тауып алып, өзімді өзім орындыққа «таңып» тастап, мұқият оқи бастадым. Мұқият оқи бастағаным сол, ә дегенде қарабайырлау көрініп, түк «тартпай» қойған әңгіменің (дайындауға неге қолым бармай жүргенін енді байқаған боларсыздар) жазушының өзіндік қолтаңбасына жолықтым. Әлдекең айтқан атақты әңгімелері сияқты шедевр болмаса да өзіндік өрнек бар. Тәкен ағайымның әруағы кешірсін, әңгімені дайындау барысында «қырағылым» ұстап бір-екі жерін «түзеттім-ау» деймін. Әңгіме көп ұзамай Жамбыл облыстық газетіне жарияланды. Ұмытпасам «Оралу» деген аты өзгеріссіз қалды. Содан бері міне, жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Өзім де «Тәкен» деп «тамсанатындардың» біріне айналдым. «Шіркін, сол қолжазба қазір қолымда болса ғой» деп ойласам болды, өзегім өкініштен өртеніп кете жаздайды.
Сол өкінішті жуып-шаяйын деп жақында өңірлік мұрағатқа барып, облыстық «Еңбек туы» газетінің өткен ғасырдың сексенінші жылдарындағы сарғайған тігінділерін ерінбей-жалықпай қарап, Тәкен ағаның баяғы әңгімесін тауып алдым. Көшірмесін жасаттым. «Бір жоқты бір жоқ табады» деген, әңгімені іздеп отырып Тәкен туралы «Асыл аға» деген естелікке кез болдым. Оның да көшірмесін жасатып алдым. Авторы мойынқұмдық агроном Найманхан Нүпбаев деген азамат атақты қаламгермен дос болыпты. Тәкен аға сол жылдары Жамбыл облысының Мойынқұм ауданын көп аралапты. Алматыдан келген сайын бірінші хатшылар мен директорларға «көлікпен қарсы ал», «қонақ үй дайында» немесе «киіз үй тігіңдер» деп міндет артпастан бірден Найманханның шаңырағына тартады екен, жарықтық.
Естелік 1988 жылы Тәкен Әлімқұловтың туғанына 70 жыл толуына орай жазылыпты. Одан бері тура 21 жыл зу етіп өте шығыпты. Дереу Мойынқұм ауданының әкімдігіне телефон шалдым. «Осылай да осылай, маған мүмкін болса, Найманхан деген азаматты табуға көмектессеңіздер». Сөйтсем, өкінішке қарай, ол кісі 1995 жылы Новосібірде кәсіпкерлік сапармен жүргенде көлік апатынан қайтыс болыпты. Отбасы Тараз қаласына көшіп кеткен. Енді қайттім?
«Сұрай-сұрай Меккені де табасың». Көп кешікпей Найманхан ағаның үйіндегі жеңгейді таптым. Тәкен аға «Ел мен Жер» романының мәшіңкеге басылған жуан қолжазбасының бір нұсқасын Найманханға тапсырып, алғашқы бетіне «Тәкен Әлімқұлов. «Ел мен Жер». Роман. 1977. Найманхан Нүпбаевқа ескерме. Осы артық басты дана өзіңде тұрсын. Бұл кітап туралы өзіңнен азды-көп дерек алғанмын. Ол үшін рахмет! Тәкен.» деп иректеп қол қойыпты. Иректеп қойылған қолдың ізінен қаламгердің аты анық оқылады. Баяғы өзім газетке дайындаған әңгімеден есімде қалған қолтаңбаны бірден танып, көзіме сондай жылыұшырап кетті.
Тәкен ағаның «Ел мен Жер» романының 1977 жылы мәшіңкеге басылған қолжазбасы 331 беттен тұрады екен. Ал «Жазушы» баспасынан 1978 жылы жарық көрген осы аттас романы небары 151 бет қана. Демек, жартысынан астамы қысқарған. Облыстық газеттегі мен сияқты бозымдардың өзі дүниесіне «қол салып» жатқанда, «Жазушы» баспасы жампоздарының қаламы тіпті батыр келетін шығар. Әуестікпен редакторы кім болды екен деп соңғы парағына үңілсем «Редакторы Т. Есімжанов» деп жазылыпты. Рецензенттері А. Жақсыбаев пен Ә. Дербісәлин екен.
Тәкен ағаның артында қалған қолжазбасы мен оның кітап болып жарияланған нұсқасының арасында жер мен көктей айырмашылық бар екені анық көрініп тұр. Бәлкім, тасқа басылғанда көлемі азайып қалған шығар деп екі дүниені жолма-жол салыстырып, тарауларын да түгендеп шықтым.
Менің қолымда Тәкен ағаның кейінгі жылдары қайта басылған бірқатар туындыларын айтпағанда, «Туған ауыл» (1968 ж.), «Күрең өзен» (1971 ж), «Кертолғау» (1973 ж.), «Ел мен Жер» (1978 ж.), «Көкек айы» (1982 ж.) және «Музыкальная душа» (1984 ж.) атты көнерген кітаптары бар. Осы кітаптардың ішіндегі «Көкек айына» 7 әңгімесі мен «Араша» атты 1 повесі еніпті. Міне, осы повестен мен «Ел мен Жер» романының Найманханға берген қолжазбасындағы бір бөлімін көрдім. Адам аттарына дейін өзгертілмеген. Бәлкім, автордың өзі алып қалды, бәлкім, жоғарыдан «қысқарт» деген тапсырма болды, бұл жағы белгісіз. Ардақты ағаларым автор ізденісіне түсіністікпен қарап «иә, ол былай болған» деп, мәселенің мәнісін таратып, түсіндіріп айтып берсе жақсы болар еді. Тың құжаттармен толықтыра түссе тіпті разымын.
Тәкен Әлімқұлов Жамбыл облысындағы Мойынқұм өңірі туралы алғаш 1977 жылы жазады. Жазғанда Дмитрий Фурманов пен Сәкен Сейфуллиннің бұрынғы Гуляевка, кейінгі Фурмановка (қазір Мойынқұм) ауылында болғаны жөнінде мақала жарялапты. Жамбыл облыстық газетіне шыққан «Оралу» мен «Биші жылқы» деген әңгімелерін де Мойынқұмда, туған інісіндей болып кеткен марқұм Найманханның үйінде жатып жазған екен. Айтпақшы, «Оралу» әңгімесі бұрынғы-соңғы жарияланған ешбір кітабына енген жоқ.
Тәкәппар тұлға (бірақ менмен емес!) Тәкен де ақиық ақын Мұқағали сияқты әдеби ортасына, сол әдеби ортасы амал жоқ мойынсұнған париялық-әкімшілік қамытқа басы симаған, «олай жүр, бұлай тұр» деген ноқта пен тізгінге көнбей өткен асау адам. Әйтпесе жалпаңдап үйіне қонаққа шақырған бір директорға:
Сырт кескінің дәл бұрынғы байдайсың,
Айырмаң сол, сен галстук байлайсың.
Еліретін, семіретін жөнің бар,
Құсасың да, оны қайта шайнайсың, —
деп, бетің бар, жүзің бар демей айтып салар ма еді?!.
Тәкен аға елге елжіреп келгенсіп, ақша жинап қайтудың амал-айласын қарастыра жүретін ақын-жазушылардан да бойын аулақ ұстап, жиреніп жүреді екен. «Мен ел аралап, жер көретін жазушы емеспін, керісінше жер аралап, ел көретін жазушымын». Бұл — Тәкендей біртуардың сөзі. Сосын саналыға әңгіме-дүкен құратын биік парасат иесін табу да оңайға түспейді. Тәкен аға да осыдан көп азап шеккен сияқты. «Қазір бірде-бір адаммен ақылдасып, сөйлесе алмайсың. Өйткені олар не өзін жоғары ұстайды, не білімінің жетіспегендігінен ұялады». Бұл да амалы таусылған Тәкен ағаның үні. Пушкин мен Лермонтов өлеңдерін орыс тілінде жатқа әрі жатық оқитын адамның жан сыры емес пе, шыныда.
Бірде Мойынқұмда жүрген Тәкең табан астында Алматыға қайтпақшы болады. Қаламгердің жалғыз сенері Найманхан. «Көктеректен Шуға дейін алпыс-ақ шақырым. Ләжі болса пойызға салып жібер» деген соң Найманхан Шуға семинарға көлікпен бара жатқан кеңшардың бір жауапты қызметкеріне «ала кет» деп өтінеді. Қызметкер «мақұл» дегенмен, жасы кішілігіне қарамастан машинаның кәбіңкесіне өзі жайғасып, ал Алатаудай ағаны ашық қораптың үстіне қуады. Осы біліксіздігімен жөніне кетсе жақсы ғой, бірақ Шуға жеткен соң «шешенсіп» алты баласының алтауы да жоғары білімді екенін, оның бесеуінің үйленгенін, тек қана кенже қызының тұрмыс құрмағанын айтып жолсоқты боп шаршап келген жазушының қытығына тиеді. Сол кезде қажып отырған қаламгер:
— Айналайын, сол кенже қызыңды аяқтандырған соң у ішіп өле салмайсың ба? — деп тарс еткізіпті.
Түйсігі бар адамға ауыр сөз, әрине. Өйткені жаны нәзік жақсы адамның назы мен наласына қалуға болмайды. Тәкен аға да еліне салмақ салмаған әулие сынды қаламгер. Оның сол асыл қасиетін әлгіндей түйсіксіздер надандықпен басқаша түсінген. Өзінен кем көріп, қораш санаған. Ақымақ деп есептеген. Найманханның жағасын ұстатқаны, әлгі қызметкер кенже қызын ұзатқан соң көп ұзамай қайтыс болыпты…
Тәкен ағаның мойынқұмдық агрономға ықыласы ауғаны сонша «Алғырдың тамыры» атты әңгімесін Найманханның әкесінің өмірінен алып жазыпты. Бірақ ол әңгіме болса да шағын энциклопедия сияқты жұртқа берер тағылымы мол дүние. Айталық, «Алғыр» деген шөпті бүгінгі жастар білмейді. Туындыда одан басқа да тұлпарлар мен сұңқарлардың, қоректік шөптер мен емдік өсімдіктердің түр-түрі мысалға келтіріледі. Оқып отырып жазушының жетім-жесірлер несібесі қашаннан жерде екенін айтқысы келгенін ұғасың. Жәй айтпайды, майын тамызып әңгімелейді. Жазушы деген ағайын мұның бәрін қайдан біле береді деп ойлайтындар да бар. Шынында кез-келген қаламгер туындысының тақырыбына қарай химия, физика, математика, жағрапия, биология сияқты т. б. түрлі мамандық иесі болуы керек. Болмасаң оқы, зертте. Әйтпесе, оқырманды сендіре алмайсың. Тәкен аға да бұл ретте өзінің білімі мен білігінің бастау бұлағын іздену, оқу арқылы табатынын жасырмайды. Мысалы, кезінде «Коневодство» журналын жаздырып алып, үзбей оқу арқылы әйгілі «Ақбоз ат» романын жазу қаламгерге аса қиынға түспепті.
Тәкен ағаның бір жақсы қасиеті сыйластарымен үнемі хат жазысып, хабарласып отырған. Әсіресе, Созақ ауданының Құрметті азаматы, бүгінде ортамызда жоқ Сапарбек Сопбеков бауырына көп хат жазған. Оның бәрі жарық көрді. Мұндай хаттар Найманханның атына да келіпті.
«Найманхан! Сенің хатыңды алғанмын. Қазір «Дом творчествода» жатырмын. Жиын-терін біткен шығар. Мейрамды осы жерден қарсы алайық. Менің ішіме жылқының қартасы жағушы еді. Жуылмаған қарта – ем. Күздің көзі-қырауда бұзылмайды. Тапсаң, ала келерсің.
«Простор» журналының осы ноябрь айындағы санында «В отрогах Каратау» атты мақала шығады. Ішінде сенің фамилияң бар. Ш. Берсиев туралы мақалаңды пайдаландым. Сәлеммен – Тәкен. 30/Х-1982ж.».
Бұлай деп ел ішіндегі ағайындарымен етене араласатын жазушы ғана жазады. Орыстардың «деревенская литература» дегені сияқты қазақ әдебиетінде де ауыл адамдарының мінез-құлқын айналшықтайтын қаламгерлер шоғыры жетерлік. Бірақ ауыл-аймақ, бота-тайлақ, ел мен жер дегенде Тәкен сөзінің сөлі мол, суреті тұнық. Әлгі аңсары ауған қартаның дәмі сияқты аузыңды уылжытып жібереді, тіпті. Әрине, ойландыратын сөйлемдері де бар. Мысалы, біз жақтағылардың құлағына «қыстың көзі-қырауда» деген тіркес сіңісті болып қалған. Тәкен аға оны «күздің көзі-қырауда» дейді. Кейбір дүниелерінде «от басы, ошақ қасы» дегенді «от басы, ошақ бұты» дейді. «Қайсысын қолданған дұрыс» деп ал, ойланбай көр енді. «Ел мен Жер» романының қолжазбасының алғашқы бетіне жазылған сөздегі «Осы артық басты дана өзіңде тұрсын» (ерекшелеген автор) деген сөйлем мен Найманханға хатындағы «Менің ішіме жылқының қартасы жағушы еді. Жуылмаған қарта – ем» деген сөзде де тек қана Тәкен ағаға тән бір қазақылық бар.
Тәкеннің ағайыны, Созақтағы жаны жайсаң азамат Сапарбек Сопбеков еді дедік қой. Сол кісімен бұрынырақта болған сұхбатымда жазушының әкесі туралы жазған едім. Бұл жолы Тәкеннің әкесі туралы және бір деректерге кездестім. Оның біз сүйіншілеп отырған «Ел мен Жер» романының толық нұсқасына да қатысы бар. Жазушы: «Найманхан, сен әкеңді ұмытқан жоқсың ба? Әкені ұмытуға болмайды. Менің әкем Әлімқұл Тоқпанбетов Тұрар Рысқұловтың арқасында болыс болған. Ол «Ел мен Жер» романында Ноғайқұл Торанғұлов болып айтылады. Ал мен сол романдағы Назарқұлдың қолында тәрбиелендім. Назарқұл деп Әлімқұлдың інісі Керімқұлды алғанмын. Ол кедей еді. Екінші әйелі әлі тірі. Созаққа барғанда өзің көрген бүкір кемпір сол. Аты Дәліш, менің екінші шешем. Кітапта Зияш деп аталады» депті. Тәкен ағаның Найманхан марқұмға айтуынша Дәліш апамыз қыстың күні мұз жейді екен. Ал жаздың күні тоңазытқышқа мұз қатырып қояды дейді. Тәкен де Дәліш анасы сияқты қыстың күні суға шомыла береді екен.
Су демекші, Мойынқұмға келген сайын ерке Шуға шомылау Тәкен ағаның бұлжымас дәстүрі болса керек. Бір жолы, тіпті, баласы Рауанды ертіп келіпті шомылуға. Денесі ірі, сөзі салмақты болғанымен жаны нәзік ағамыз өзен жағасында күнге қыздырынып жатып Мәскеудегі жеңгеміз Мария Григорьевна Ландина туралы әңгіме шертіп, Жанна атты қызын елжірей еске алыпты. «Жанна суретші, соған осы Мойынқұмды бір көрсетсем арманым болмас еді, шіркін!» деп күрсініпті. Бірақ, өкінішке қарай, Тәкен аға ол арманына жете алмай, 1987 жылы 13 сәуірде өмірден озды.
Дүниеден қайтарынан жиырма күндей бұрын Найманхан Тәкен ағаның үйінде болғанда:
— Дәрігерлер «язва желудкасың» дейді. Менің ішіме балмұздақ жағатынын қайдан білсін. Қазір қызым Алма балмұздақ әкеліп береді, — депті 69 жасқа келсе алты жасар баладай аңғал ағамыз. Бәлкім, асқазанын «күйдіріп» бара жатқан жараны балмұздақпен сабасына түсіретінін қалжыңмен жеткізгісі келгені шығар.
Найманхан «мен әкеліп берейін» деп елп ете қалады. Бірақ Тәкен аға оны тоқтатып:
— Жоқ, сен одан да мынаған өз қолыңмен адресіңді жазып кетші, — деп блокнотын ұсынады.
Ғажап, Мойынқұм ауданындағы «Көктерек» ауылына орналасқан Найманханның үйін адаспай-ақ тауып баратын қаламгер «мекен-жайыңды жазып кет» деп неге өтінді? Сірә, көретін жарығының аз қалғанын сезген аға жүрегі өзінің Мойынқұм өңіріне қатысты өмірбаянын қажет еткендер оны Найманханнан сұрап білсін деді ме екен?!. Жұмбақ…
Найманхан ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Қымбат Кенбаева Тәкен аға «Көктерекке» келген сайын құрақ ұша қарсы алатын келіндерінің бірі. Ол әрі Тәкен тұңғиығын танып, тәнті бола білген Найманхан Нүпбаевтің зайыбы.
— Ағамыздың мінезі қызық болатын. Алматыдан келді деп қазан көтеріп, үйме табақ етті алдына тартсақ, «кейінірек жеймін» деп, дастарқанға келмейтін әдеті бар болатын. Одан кейін «сыбағамды тоңазытқышқа салып қойыңдар, өзім алып жеймін» дейтін. Алғашқыда асқан етімді жақтырмады деп жылап алғаным да бар. Мінезіне кейін үйрендім ғой. Тіпті туған ағамыздай болып кеткені сонша үйде апталап жатқан кезінде үй-жай, қора-қопсымызды сол кісіге тастап, қонаққа алаңсыз кете беретінбіз, — дейді Қымбат.
Сонымен, көрнекті суреткер Тәкен Әлімқұловтың «Ел мен Жер» романының мәшіңкеге басылған толық нұсқасы табылып отыр. Алда оны басқа кітаптарындағы роман, повестерімен салыстыра отырып зерттеу, пайымды пікірлермен толықтыру және оны жеке кітап етіп шығару парызы тұр. Оған дейін Тәкен шығармаларын құрметтеушілер мен «тәкентанушыларды» алдын-ала қуанта беру үшін осы мақаланы жазып, жариялауды жөн көрдік.