«Қаламгер қазынасы» сериясынан
Тұрар Дүйсебайұлы – әлемге әйгілі «Менің атым Қожа» фильмін қойған Абдолла Қарсақбаевтың режиссері болған ақкөңіл азаматтың бірі еді. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, кешегі КСРО киноөнерінің үздігі, еліміздегі театр мен киноның белгілі режиссерлерінің бірі, қатарластарынан қара үзіп кетпесе де пьесаларымен, сценарийлерімен, әңгіме, хикаяттарымен және ұлы тұлғалармен болған сәттерін боямасыз баянға айналдырған мемуаршы-қаламгерлігімен белгілі болған-ды.
КЕНЕН АТАМНЫҢ ДАМБАЛЫ
немесе «СЮРРЕАЛИЗМ»
— Тұреке, — дейім Бішкектен Таразға қарай шыққан ұзақ жол үстінде келе жатқанда, — кезінде ұлы тұлғалардың қасында көп жүрдіңіз, кейінгілерге ғибрат болсын, айта отырсаңызшы.
— Інім, тыңдар құлақ болса, менің Мұхаң — ұлы Мұхтар Әуезов, Сәбең — атақты Сәбит Мұқанов (айтпақшы, «Ботагөз» романын пьесаға айналдырып апарғанымда Сәбең «Әй, Тұрар, менің романым 500 парақ еді, сенің мына пьесаң бар болғаны 50-ақ бет қой» деп, «кейігені» бар қарлығыңқы үнімен), Баукең — аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлы, Шәкең — қазақ вальсінің «королі» Шәмші Қалдаяқов, Қалтай қожа — қазақ сахнасындағы комедия жанрының классигі Қалтай Мұхамеджанов, Кенекем — қазақ сал-серілерінің соңғы тұяғы, атақты әнші, композитор Кенен Әзірбаевтардың өмірі мен өнеріне қатысты айтарым көп. Олар — тау, біз – баурайындағы тал едік қой. Мысалы, біздің үйдегі мен үшін ең қимас заттардың бірі не екенін білесің бе?
— Канн фестваліне барғанда Еуропадан ерінбей-жалықпай алып келген төсегіңіз шығар. Үйіңізде отырғанда «Жеңгең екеуміз алпыс үш жыл жатсақ та әлі сол қалпында тұр» деп бір жолы өзіңіз мақтанғансыз…
— Жоғә, қу дүние кімде жоқ дейсің, менің ең қымбат «дүниемнің» бірі қайран да қайран Кенен атамның дамбалы ғой.
— А-а, — деппін таңғалып.
Өйткені, бұған дейін қазақ халқының ХХ ғасырдағы біртуар күйшісі Нұрғиса Тіленидевтің ағасы Бауыржан Момышұлының, атасы Жазылбек Қуанышбаевтің дамбалын сұрап алып, «осы кісілердей даңқты перзент көрейік» деген ырыммен үйіндегі жұбайына апарып бергенін оқығаным, тіпті жазғаным бар-тын. Енді алдымнан Тұрар көкем шығып, ол да «дамбал» деп отыр.
— Кенен атам 92 келіп, дүниеден қайтты. Жаназаға жиналаған халықта қисап жоқ. Жыртысқа арналған пүліш, шәйі, шыт маталарды, тіпті, автоләпкенің үсітінен таласып-тармасып алып кетті. Біз күйші Нұрғиса Тілендиев, ақын Жақсылық Сәтібеков және мен қабірге барып, «иманың саламат болсын Кенен ата, алдың пейіш, артың кеніш болсын» деп топырақ саламыз деп жүргенде, әлгі кез-кез матадан бір жапырақ та қалмаған. Жақсылық біреулермен сөйлесіп аялдап қалды да, Нұрғиса екеуміз Төрткенге келсек, екі көзі былаудай, әкесінің домбырасын құшақтап мұңайып отыр екен:
— Үйдегі жеңешелеріме жыртыс алдыңыздар ма? – деп сұрайды.
— Жоқ, өзіңе бекем бол деуге келдік, енді қайтамыз, — деді Нұрғиса.
— Ел-жұрттың ықыласынан айналдым, «тәбәрік болсын» деп атам ұстаған заттарды сұрап алып алып кетіп жатыр. Атам «Нұрғиса жиенім дарынды-ақ» деп сізге өте сүйсініп отырушы еді, сіздер де тәбәрік алыңыздар деп алдымызға Кенекемнің бөркін, шапанын қойды. Бірақ Нұрғиса:
— Ендеше біз екі жиен нағашымыздың мына екі дамбалын алайық, — деп, ілулі тұрған киімдердің ішінен киілген екеуін қолына алды.
— Үйбай, бұл атамның ескілері ғой, жеңгелерден ұят болар, — деген Төрткенге:
— Ештеңе етпейді, тәбәріктің ұяттығы жоқ. Біле білген кісіге бұл – киелі бұйым, — деп ұтымды жауап қайырды.
Сонымен екеуміз марқұм Кенен атамыздың дамбалын алып, Алматыға келдік. Нұрғиса үйіне алтын тауып әкелгендей «Дақ, Дақа, Да-қа-ш-ш» деп, қуанышы қойнына симай, қақала-шашала (сондай әдеті бар еді ғой) сөйлей кірді. Нұрғисаның мінезіне сыралғы Дариға:
— Нүке, не боп қалды, жайшылық па? – деп жайдары күлкісімен күйеуін жаймашуақ қарсы алды.
— Біздің саған не әкелгенімізді білесің бе, Дақаш? Тұраш екеуміз Кенен атамыздың ескі дамбалын ырым етіп, саған әдейі алып келдік.
— Мұныңыз ұят емес пе енді, Нүке? – деп Дариға ыңғайсызданып қалды.
— Бұл Кенекем ауырып жатқанда киген іш киімі. Мә, тәу ет, Кенен атамдай ұл тусаң шаңырағыңның шамшырағы жанғаны дей бер…
Сөйтіп қазақы үлгімен пішіліп, тігілген, ауы кең, бауы шұбатылған іш киімді жұбайына ұстатты. Мәселенің мәнісін түсінген Дариға Нұрғисаның ыңғайына жығылып:
— Әруағыңнан айналайын, қайран атам, — деп, сарғайған дамбалды маңдайына, одан жүрегінің тұсына басты.
Көп ұзамай Нұрғиса мен Дариғаның шаңырағында дүниеге іңгәлап қыз келді. Нұрғиса атын Дінзухра деп қойды.
Менің «еншіме» тиген дамбалды Жақсылық Сәтібеков ал кеп сұрасын. Бермей қойдым. Қайбір жылы Алманияның киногерлері Алматыға келіп, одан Жамбылға ат басын бұрыпты. Жамбылға киношы келсе біздің үйге түсетіні белгілі. Олардың келетінін алдын ала естіген мен қабырғаға Кенен атамның дамбалын «талтайтып», іліп қойдым. Арада көп жыл өтті ғой, әбден ескірген. Шөл басып, ас ішіп көңілденген шетелдік қонақтар шығармашылығымды сұрап, пәтерімнің қабырғасындағы суреттерге әуестікпен қарай бастады. Өйткені үй де өз иесінің білім-білігі мен мәдениетінен көп ақпарат береді. Осы кезде көздері атамның дамбалына «сүрінген» қонақтар:
— Мынау не? – десін таңғалып.
— Бұл біздің халқымыздың баға жетпес байлығы, — дедім бетім бүлк етпестен.
— Сонда не, сурет пе?
— Иә.
— Керемет! Сюрреализм! – деп шуласыпп кетті әлгілер.
Біреуі тіпті:
— Авторы кім? Сатасыз ба? Қанша тұрады? – деп қалды.
— Жоқ, бұл мәдени мұра болғандықтан сатылмайды, — дедім.
Манадан бері Тұрекеңнің әңгімесін қалт жібермей тыңдап келе жатқан жүргізуші осы кезде күліп жіберді.
Біз бұл кезде Меркіден өтіп, Құланға иек артып қалғанбыз. Тәптіштей қойылған сұрақтар Тұрекеңді сергітейін деген сияқты.
ҚОЖА, СҰЛТАН, «САУДАГЕР» ДӘУЛЕТ ЖӘНЕ… ТҰРАР
Көп адамдар Абдолланың тік айтатын мінезін жақтырмайтын. «Менің атым Қожа» Абдолланың мәңгілік өмірі ғой.
— Аға, Сіз, ұмытпасам, Абдолла Қарсақбаев қойған «Менің атым Қожа» фильмінің режиссері болдыңыз, иә?
— Иә.
— Сол киноның оқиғасын жатқа білем. Мысалы, доп қуып шаршаған Қожа үйіне келсе, есігінің алдында… тағы да Қаратайдың мотоциклі тұр. Қаратайдың бұл үйге неге келгіштеп жүргенін сіз де, мен де, әрине Қожаның өзі де біледі. Сондықтан Қожа мотоциклді жақтырмай «жауыз, сен де, сенің иең де жауыз» деп, маңқиып тұрған мотоциклдің дөңгелегін бір тебеді… Осы сюжетті түсірген кезде қанша дубль жасадыңыздар?
— Екеу, бәлкім үшеу болар…
— Аз ғой?
— Өйткені Қожаның рөліндегі Нұрлан баламыз өте қабілетті болатын. Ол, тіпті, ә дегенде мотоциклдің дөңгелегін бар пәрменімен тебем деп аяғының саусақтарын сындырып ала жаздағын…
— Қарасудан балық аулаған сәттері де керемет қой: әсіресе, Қожаның шат-шадыман жүзі көкейімнен әлі күнге дейін кетпейді. Осы сюжетті қалай түсірдіңіздер?
— Бала кезіңде бүйірінде «Балық» деген жазуы бар машиналарды көріп пе ең? Қожа мен Сұлтанның Қарасудан балық аулаған кезін түсіру үшін, міне, осындай екі машина балық зая кетті. Бірінші жолы машинаның шопыры балықтың бәрін лақ еткізіп бірден ақтара салмасы бар ма, ондай өмірде болмайды ғой, сондықтан балыққа тағы да тапсырыс беріп, екінші жолы балықтарды бөліп-бөліп жіберуін қатаң қадағалауға тура келді…
— «Сұлулық құрбандықты талап етеді» дейді ғой. Бес тонна балық шығын болса да, осы сюжет өте шынайы түсірілген. Ал енді Қожаның рөлін тамаша ойнап шыққан Нұрланды қай жерден, қай мектептен таптыңыздар?
— Ересек рөлдерге қажетті әртістерді іздестіруде көп қиналған жоқпыз. Ал Қожа мен Сұлтанға келгенде әй, әбден сабылдық-ау. Көмекшім Мәлік Ыбыраев екеуміз Алматы, Талдықорған, Жамбыл, тіпті Қырғыз елінің астанасы Фрунзе қаласындағы мектептерді аралап Қожаның рөліне мінез-құлқы, кескін-келбеті келеді-ау деген баланы таба алмай-ақ қойдық. Қай жерге барсақ та «Ой, бізде Қожадан да өтетін балалар бар» деп, жалқауларды көрсетеді. Ал біз іздеп жүрген Қожа еті тірі, пысық, ылдым-жылдым, көзінің оты жайнап тұрған көңілді бала болуы керек.
Бір күні «Қазақфильмнен» шығып келе жатыр ем, бір қарадомалақ бала екі қыздың шашынан тартып, шыңғыртып, қуалап келе жатыр. Әлгінің қылығы мен түр-тұрпатын көріп жоғымды тапқандай қуандым. Сөйтіп қасымнан өте бергенде білегінен шап бердім. Ол болса қапыда қармаққа түскен балықтай бұлқынады.
— Пустите, дядя, пустите…
— Атың кім?
— Не скажу?
— Фамиляң кім?
— Не скажу.
— Қайда оқисың?
— Не скажу.
— Нешінші класта оқисың?
— Не скажу.
— Үйің қайда?
— Не скажу.
Болашақ «қаһарманым», сөздің қысқасы, «не скажудан» басқа ештеңе айтпайды. Тіпті біз күткендегіден де асып-түсетін қисық-қыңырдың өзі. Сөзін қарашы…
— Киноға түскің келе ме?
— Я не люблю кино.
— Неге?
— Вы все там врете и придумываете.
Теперіш көрген екі қыздың бірі қасымызға таяп келді.
— Дядя, Вам сказать его фамилию.
— Айтта ғой, айналайын.
— Он – Сегизбаев, зовут его Нурланом-драчуном.
Нұрлан оған «айтпа, әйтпесе қазір көресіні көрсетемін» дегендей жұдырығын түйіп, жұлқынып тұр.
Екінші қыз да тосылмады.
— Он учится в 33-ей школе в шестом классе, «двоечник» он. А брат его знаменитый футболист Тимур Сегизбаев.
Қолын босатуым мұң, қыздар қашып, ал Нұрлан оларды тырқырата қуып кете барды. Нағыз Қожаны «тапқаныма» қуанғаным сонша, студияға қайтып келдім де Сегізбаевтардың мекен-жайын сұрастырып, үйіне телефон соқтым. Телефонды қоңыр дауысты кісі алды. Сәлемдесіп, танысқаннан кейін шаруамды айттым.
— Ол шаруаны папам шешеді, мен Тимур деген ағасы болам. Ол кісі Совминде хаттар және арыз бөлімінің меңгерушісі болып істейді, — деп әкесінің телефонын берді.
Содан совминге телефон соқтым.
— Иә, Сегізбаев деген мен болам, — деді майда қоңыр дауыс.
Телефон соғуымның жайын түсіндіріп ем, бірден баласынан көрген «қорлығын» айтып, мұңын шаға бастады. «Мынандай жерде қызмет етіп отырғанда, тіпті, ұят екен» деп те қойды.
Мен «біз кино түсіру кезінде оның тәрбиесі мен тәртібіне де көңіл бөлеміз, сақбағы үзіліп қалады деп алаңдасаңыз, мұғалім де жалдаймыз» деп, бәйек болып жатырмын. Осыншама үздіккенім «соншалықты мұқтаж болсаңыз, үйге келіңіз» деген жылы жауаппен аяқталып, көңілімде үміт оты тұтана бастады.
Жұмыстан кейін Карл Маркс пен Калинин көшесінің қиылысындағы Совминнің үйінде тұратын Нұрланның әкесіне келдім. Есікті болашақ Қожа ашты. Әкесімен танысып, киноның тәрбиелік мәні жайлы айтып, егер Нұрлан Қожаның рөліне бектілсе, жұлдызы жанып, мінез-құлқы өзінен-өзі түзеліп кететінін тәптіштедім. Ол кісі менің өтінішімді түсініп, баласын шақырды. Бұл кезде Нұрлан есіктің пердесінің сыртында біздің әңгімемізден тыс қалмайын дегендей құлағын түріп, кейде, тіпті, сығалап тұрған.
— Нұрланжан, режиссер ағаң сенің бойыңнан Қожаның кейбір қылықтарын байқап, үлкен өтінішпен келіп отыр екен, қалай ойлайсың, осы кісінің шаруасына көмектесу керек шығар.
Сөйтіп қыздардың шашын тартқылап, жұлқынып жүрген «көше тентегі» анау-мынау жұлдыздардың қолы жете бермейтін түсіру алаңының мәртебелі төрінен бір-ақ шықты.
— Ал Сұлтанды қалай таптыңыз?
— Оны да кездейсоқ жолықтырдым. Асиссент Қалтай Әлішев екеуміз «хрушевкадағы» (Алматыдағы Райымбек даңғылының бойындағы Райымбек батыр мазарының маңы – К. С.) моншаға барып, жуынып-шайынып жатқанбыз. Жуыну залында бір ұзын бойлы, арық бала қабырғасы ырсиып шомылып жатыр екен:
— Әй, балақай, арқама қолым жетпей жатқаны, көмектесіп жіберші, — деп ем:
— Что, я тебе мойщик что ли? – дегені көзі бағжаң етіп.
Мен үндемей бу бөлмесіне өтіп кеттім. Бірақ ойымнан әлгі дудар бас, арық, ұзынтұра бала кетер емес. Өйткені біз сандалып таппай жүрген Сұлтанның образын бір шығарса осы бала шығаратын сияқты.
Будан шыға салысымен жаңағы «тілазарды» іздейін. Жоқ. Тайып тұрыпты. Моншашыдан сұрап ем, «осы маңайда тұрады, шешесі әне, анау жерде балмұздақ сатып отыр» деді. Салып ұрып жетіп бардым. Бұйымтайымның баласы туралы екенін білгенде:
— Өзі аурушаң еді, тапсырмаларыңызды орындай ала ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ әкесімен сөйлесіп көріңіздер, кешке таман жұмыстан келеді, — деді.
Кешке үйіне бардық. Әкесі такси жүргізушісі екен. Ол біздің ұсынысымызға, тіпті, қуанып кетті.
— Баламның ауыратыны рас. Бірақ, кім біледі, таудың ауасы, жаңа орта ем болып, жазылып кетер. Оның үстіне дәрігермен, мұғаліммен қамтамасыз етеміз деп отрысыздар, — деп баласының Сұлтан болып, киноға түсуіне рұқсат берді.
— Сұлтанның өз аты кім еді?
— Қарағым кешір, ағаң, сексенге келді, Сұлтанның да, әке-шешесінің де аты-жөнін ұмытып отырмын. Фамилиясы Көкенов болуы мүмкін. Ал аты… әлде Марат, әлде Мұрат па еді… «Мы» деп жаза берсейші…
— Қазір қайда екенін білмейсіз бе?
— Әлгі ауру арқыры алып тыныпты деп естідім. Айтпақшы, қазасы туралы анасынан естіген екем ғой. Баласының фильмге түскен кездегі суреттері болса ескерткіш үшін алайын деп келіпті. Суреттерін тауып беріп, қаражат жағынан көмектесіп, Алланың разылығы үшін үйіне барып, әруағына құран бағыштағанбыз…
Көңілім қабаржып қалды.
— Жаны жаннатта болсын. Айтпақшы, Қожа мен Сұлтанға жайлауда жолығатын Дәулет деген кішкентай «саудагер» бала бар еді ғой…
— Ә, оны киноның директоры Тастақ жақтан «тауып» әкелді. Сірә, көршісі болуы керек. Айтпақшы, қызық болды, өткен жылдары «Менің атым Қожаның» 40 жылдығына орай бас қосқанбыз. Сол кезде жиналған жұртшылыққа фильмнің бір кездегі кішкентай қаһарманы, бүгінде ер жеткен азамат Нұрлан-Қожаны таныстырып жатыр ем, бір зор дауыс:
— Аға, мені неге таныстырмайсыз, — дегені.
— Сен кім едің, айналайын? – деп, дауыс шыққан жаққа бұрылсам бір өңкиген үлкен жігіт:
— Мен Жұмағұл қойшының баласының рөлін ойнаған Дәулетпін ғой, -деп ыржиып, күліп тұр.
— Ой, айналайын…
Шұрқырай табыстық. Сөйтсек қойшы Жұмағұлдың қымыз сатқыш «саудагер» баласы бүгінде жоғары білімді дәрігер болыпты. Жаңылмасам, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың дәрігері болғанмын деді-ау деймін.
— Нұрлан-Қожаның фильмнен кейінгі тағдыры қалай жалғасты?
— Ол ұзақ әңгіме. Тоқсаныншы жылдары «Апиын» атты көркемсуретті фильмімнің шаруасымен жазушылардың шығармашылық үйінде жатқанмын. Түсіру алаңынан кеп, бөлмеме кіре бергенімде «Тұрар аға!» деген дауысқа мойын бұрсам, сұңғақ бойлы, қараторы азамат тұр. Күлкісі көзіме оттай басылды. «Қуанған мен қорыққан бірдей» дейді ғой:
— Қожамысың, — деппін сасқанымнан.
— Жоқ, Нұрланмын, Тұрар аға! – деді ол.
— Иә, Нұрлан, Нұрлан, бірақ сен мен үшін бәрінен де қымбат қара Қожасың, — деп құшақтай алдым.
Нұрлан мектепті бітірген соң Мәскеудегі кино институтының сценаристер факультетіне түседі. Діні бөлек қызға үйленеді. Алматыға келеді. Ажырасады. Баспана әйелде қалады. Өзі пәтер жалдайды. Жансақтау үшін жекеменшік машинасымен жолаушы тасып та көреді.
Маған жолыққан кезде Қ. Әбенов деген режиссермен бірге Желтоқсан оқиғасына байланысты кино түсіріп жүр екен. Бірақ бұл фильмнен де шеттетіліп қалған-ау шамасы. Өйткені кейінгі жолыққанымда өзі солай деп күрсінді.
Сосын біз, бір топ кинематографтар ақылдаса кеп, Алматы қаласының сол кездегі әкімі Храпуновқа Нұрланның оқушы кезінде-ақ қазақ елі үшін сіңірген ерен еңбегін айтып, пәтер сұрап, хат жаздық. Бірақ ол құрғақ уәдемен қарасын көрсетпей кетті.
Одан кейін әкім болып Иманғали Тасмағамбетов келді. Алғашқы арыз аяқсыз қалған соң енді осы азаматқа шықтық. Міне, Нұрлан өзі тұрып жатқан қазіргі пәтерін Иманғалидың шешімі бойынша алды. Киноөнеріне қайта оралды. Сондықтан ендігі өмірінде жолы болсын оның деп тілейік.
— «Жолы болсын» демекші, біздің кейбір мырзалар Тараздың төрінен «Жолы болғыш серілер» («Джентельмены удачи») фильмінің үш серкесіне әспеттеп ескерткіш орнатып қойды, ал қазақ баласын дүние жүзіне паш еткен Нұрланның жағдайы анандай дейсіз ғой. Тұрар аға, «Менің атым Қожаны» қай жерде түсірдіңіздер?
— Шамалғанның жоғарғы жағындағы Сәт жайлауы деген жер бар, сонда түсірдік. Қазір сол жерден Ыстықкөлге қарай тасжол салып жатыр.
— Қарасу да сол жақта ма?
— Иә, сол маңдағы ауылдардың қасында ғой.
— Аға, осы фильмді қойған режиссер Абдолла Қарсақбаевтың өзі фильм туралы бірдеңе жазып қалдырған ба, жоқ па?
— Кино туралы рецензиялар, сұхбаттар бар болса, бар шығар. Бірақ өзі көсіліп жазуға үлгермеді-ау деймін. Біздің талантты перзенттеріміздің барлығы «ащы суға» өте-мөте әуестеу ғой. Бір жолы Шәкен Айманов жауапты хатшысы Фазыл Атушевті ертіп, саяжай алған одақ мүшелерінің тіршілігін көрейінші деп тауға келеді. Сөйтсе бір күркенің қасында режиссер Абдолла Қарсақбаев жеміс ағаштарының түбін қопсытып жүр екен. Күркеге көңілі толмаған Шәкең:
— Әй, Абдолла-ай, сені ел-жұртың «ерекше құбылыс», «дарынды режиссер» деп таниды. Ал мына құрқылтайдың ұясындай кішкентай күркең атыңа да, атағыңа да сай емес қой. Басқа құрылыс материалдарын былай қойғанда, осы уақытқа дейін өзің босатқан бөтелкелермен-ақ бір үй салып алуға болатын еді ғой, — деп қалжыңдайды.
Абдолла жауап беру үшін ойланып, темекісін тұтатып жатқан кезде:
— Бөтелкеден саяжай салса, басын немен «жазады», — деп Фазыл тақ ете қалады.
Сонда жаны шындықты сүйетін қайран Абдолла:
— Шынды шын деп айту керек, — деп күліп жіберген екен.
Түбіне де сол арақ түскірі жетті ме деп ойлаймын. Қайтыс боларының алдында баласын ертіп Жамбылға келді, қонақ етіп, қайтарда қалтасына жол-қаражатын салып бердім. Бірақ көп ұзамай қайтыс болыпты деп естідім. Шіркін, Абдолла шын мәніндегі кәсіпқой режиссер еді ғой. Шаршау, шалдығу дегенді білмейтін. Мінез кімде жоқ дейсің, менде де, сенде де, бәрінде де бар. Көп адамдар Абдолланың тік айтатын мінезін жақтырмайтын. «Менің атым Қожа» Абдолланың мәңгілік өмірі ғой.
***
Тұрекеңнің әңгімесінен кейін фильмге қатысты адамдардың аты-жөндерін анықтап, нақтылай түсу үшін «Менің атым Қожа» фильмінің титрімен танысу керек болды. Бірақ кинопрокатқа шыққанына 40 жылдан асқан «кәрі» киноны қайдан табасың? Бүгінгі бейнепрокаттарда жоқ. Тұрекеңе телефон шалып, «Менің атым Қожаның» бейнефильмі бар ма үйіңізде?» деп сұрап ем, «біреу алып кетіп еді…» деп күмілжіді. Осы кезде биыл жетінші сыныпқа өткен Әйгерім атты қызымның бұрнағы жылдары «Бүгін теледидарда «Менің атым Қожа» болады екен. Бейнетаспаға көшіріп алайын ба, папа?» дегені есіме түсті. Мен: «Әрине, көшіріп алу керек қызым, анау «Көксерек» те керемет фильм, көрсете қалса оны да көшіріп ал» дегенім есіме сап ете түсті.
Үйге келіп, қызымның кірпіш сияқты қат-қат жиналған бейнетаспаларын ақтарып, әңгіме арқауына айналған фильмді тауып алдым. Фильмнің сценарийін повестің авторы, классик-жазушы Бердібек Соқпақбаевпен бірге Н. Зелеранскиий жазыпты. Одан кейінгі жазулар экраннан былайша тізбектеліп өте бастады. «Фильмді қойған А. Қарсақбаев. Көркемдік жағын басқарған Е. Арон. Бас оператор М. Аранышев, суретшісі Қ. Ходжықов, режиссері Т. Дүйсебаев, операторы А. Қастев, композиторы Н. Тілендиев, өлеңді жазған Т. Молдағалиев. Фильмді шығару бас басқармасының симфониялық оркестрі мен қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі – дрижері В. Кнушевицкий. Рөлдер мен дубляж жасағандар: Қожа – Н. Сегізбаев (Ф. Шәріпова), Сұлтан – М. Көкенов (А. Кенжеков), Жанар — Г. Құрабева (Т. Тасыбекова), Жантас – Е. Құрмашев (З. Ысқақова), Миллат – Б. Рымова, Рахманов – К. Қожабеков, Майқанова – Р. Мұхамедиярова, әжесі – Э. Құрманбаева, Қаратай – М. Құланбаев, Жұмағұл – А. Толыбаев (Х. Кәрімов)…».
Міне, осындай тамаша адамдардың жан тебіренісі мен жансебіл еңбегінен кейін дүниеге келген «Менің атым Қожа» фильмі кейін Канн фестивалінде жүлдегер атанып, қазақ халқының атын дүние жүзіне мақтанышпен паш етті емес пе?! Солардың бірі режиссер Тұрар Дүйсебаев, міне, бүгінде туған жері Тараз қаласына тұрақтап, әбедиет пен өнерге бір табан жақын інілерін өзінің шетсіз де шексіз әңгімелерімен сусындатып келеді. «Жақсылардың кеудесі алтын сандық» деген осы екен-ау, шіркін.
ШЫҢҒЫСТЫҢ «БЕТПЕ-БЕТІМЕН» БЕТПЕ-БЕТ
— Аға, Шыңғыс Айтматовпен шығармашылық достығыңыз туралы айтып берңізші?
Ақкөңіл аға бәлсінбеді.
— 1954 жылы қырғыздың жазушы-драматургі Қасымалы Жантөшевтің «Асауға бұғау» атты сатиралық драмасын қазақшаға аударып, облыстық драма театрының сахнасына қойдым. Осы шығармашылық байланысты ары қарай жалғастырайын деген оймен енді оның өлеңмен жазылған «Құрманбек» деген драмасын аудару мақсатымен Фрунзеге (Бішкектің бұрынғы аты) бардым. Әңгімеден кейін Қасымалы:
— Тұреке, шашпа (асықпа дегені), бүгін біздің шаңырақтан дәм татып кет, кешке үйге өңкей «сен тұр, мен атайын» дейтін манасшыларды шақырып отырмын, өкінбейсің, — деді.
«Манас», «манасшы» дегенді естуім болмаса, тірі манасшыны көрген емен. «Шашпасам, шашпайын» дедім. Бірақ манасшылар келгенше де жаныңа жалау болатын ермек керек: қабырғадағы кітаптар қатары өзіне магниттей тарта берді. Осы кезде:
— Бауырым, Шыңғыстың жаңа повесін оқыдың ба? – деген қазақша үн жалт қаратты. Таңғалып тұрғанымды сезген Қасымалы:
— Айтпақшы, Күлзипа әпкең болады. Бұл отан – қазақ пен қырғызға ортақ мекен. Мен қазақ туғандарға күйеу, саған жезде болам. Ал әпкең оқыдың ба деп сұраған дүние Шыңғыстың «Бетпе-бет» деп аталатын жаңа шығармасы, — деді.
Сөйтіп Қасымалының үйінде «Бетпе-бетпен» алғаш рет бетпе-бет кездестім. Режиссер болғандықтан хикаят қаһармандары сахна тілеп тұрғандай көрінді. Сол жолы Жамбылға олжалы оралдым: біріншісі – Шыңғысты «таптым», екіншісі – манасшылардың манасшысы бурадайын буырқанған Саяқбайдың жырын тыңдап, құмардан шықтым.
Осы шығармашылық желікпен Фрунзе-Жалалабад пойызына мініп, ол өзіміздің Луговой бекетіне келіп тоқтаған кезде бел жазып, аяқ суытпақ ниетпен перронға шығып ем, газет-журнал дүңгіршегіндегі «Әдебиет және искусство» деген журнал көзіме жылыұшырай кетті. Сатып алдым. Әуесқойлық әдетпен қаламгерлерден кімдер бар екен деп парақтай бастап ем… тағы да Шыңғыс кездесе кеткені.
Кеше ғана қырғызша оқыған «Бетпе-бетім» қазақ журналына Қалжан Нұрмахановтың аударуымен жарияланыпты. Мәскеудің мемлекеттік университетін бітірген Қалекеңді бұрыннан білуші ем, мына аудармасы тіпті ұнады. Тілі жатық, артық-ауыс сөз жоқ.
Ішке шоқ түсті. Жандүнием шабыт тілеп, қолыңа қалам ал, жаз деп түртпектейтін сияқты ма, әйтеуір бір алабұртқан сезімнің жетегіне ердім де кеттім. Содан іссапармен Талас өзенінің төменгі жағындағы Ойық деген ауылға барып, бір апта жатып «Бетпе-беттің» желісі бойынша екі актілі пьеса жазып біткенде ғана еңсені езген ауыр ой салмағынан ептеп жеңілдегендей болдым.
Бірақ енді басқа ой бұғаулады. Ол – «Шыңғыс не дейді?» деген сауалға келіп тірелді. Ақыры нартәуекел деп, Шықаңның үйінің телефон нөмірін тердім. Менің «жаңалығымды» естіген жазушы біраз уақыт үнсіз тұрып қалды. Содан кейін:
-Байке, пьеса жаздым дейсіз бе? – деп қайталап сұрады.
— Иә, екі актілі пьеса.
— Менің повесімде пьесаға арқау болатындай материал бар ма сонда?
— Бар болғанда қандай.
— Қызық екен, бұл менің еш уақта ойламаған дүнием еді, мақұл, оқып көрейін.
Шыңғыс ағаның оң қабақ танытқанына қуанып:
— Қалай жолығамыз? Фрунзеге барайын ба, әлде пошта арқылы салып жіберейін бе? – дедім.
— Былай болсын, Тұрар, — деді Шыңғыс, — мен жақында Алматыға барам. Егер уақытыңыз болса, сонда келіңіз.
Шыңғыс екеуміз Панфилов атындағы парктің алдында кездестік. Амандық-саулықтан кейін пьесаны ұсындым.
— Оқып шығайын, хабарын екі-үш күннен кейін аларсыз, — деді Шықаң.
-Жазған құлда шаршау жоқ. Уәделі күні тағы телефон соқтым. Ол пьесаны оқып шыққанын айтып, мені демалып жатқан санторийіне шақырды.
— Менің театрға барып спектакль көргенім болмаса, драматург, режиссерлермен шығармашылық байланысым болған емес. Содан болар драматургия жанрының сыры мен қырына онша қанық емеспін. Дегенмен мұқият оқып шықтым. Бағытыңыз құптарлық. Бірақ әлі де болса бір қайнауы ішінде-ау деймін. Әсіресе, шешімін таппаған финалы сияқты. Ысмайылдың шешесін ойнатыпсыз, ол құптарлық жай. Бірақ Алтынайдың, Сейденің, Мырзағұлдың образдарын аша түсетін монологтар керек сияқты. Менің айтатыным осы. Талабыңызды құптаймын. Бірақ Қалжанды «соавтор» етіп алсаңыз, көп нәрсе ұтар едіңіз. Біздің елде романның немесе повестің пьесаға айналып, сахналанғанын естіген емеспін. Бұл үлгі алатын дүние екен.
Сөйтіп пьесаны жөндеп, өңдеп балалар мен жасөспірімдер театрына (ТЮЗ) ұсындым. Театр директоры Гүлжаһан Жанысбаева, бас режиссері Мен Дон Ук болатын. Гүлжаһан:
— Сейде сияқты жағымсыз әйелді дәріптеу саяси қате, — деп әңгімені шорт кесті.
Гүлжаһанмен театр институтында бірге оқығанмын. Санаспасыңа жан қоймайтын адам. «Айтқанында шындық бар шығар» деп, пьесаны қайта оқып шықтым. Бірақ Сейденің бойынан адам шошитын ештеңе таппай, «сәтті сағатың соққанша жата тұр» деп, пьесаны столымның тарпасына жылы жауып тастадым.
Қызмет бабымен Алматыға көшіп келгем. «Қазақфильм» киностудиясында кинорежиссермін. Үйге келсем екі жігіт отыр. Біреуін тани кеттім: Фрунзедегі қырғыз академиялық драма театрының бас режиссері Жәлел Әбдіқадіров.
— Тұрар, біз саған елдің сәлемін әкеп отырмыз, — деді Жәлел. – Чекем сенің «Бетпе-бет» повесі бойынша жазылған пьесаңды оқыған екен, бізге соны алып келіп, оқып көруді, егер ұнатсақ, намыстанбай-ақ қазақшадан қырғызшаға аударып репертуарға енгізуді өтініш етті. Менімен бірге театрдың директоры мынау Зарифті арнайы жіберіп отыр.
Жәлел – Ташкент қаласында 1945 жылы ашылған театр институтының алғашқы түлектерінің бірі. 1950 жылы профессор Иосиф Радунның курсына түскен. Оқуды бітірген соң өз елінің өнер қайраткерлерінің бірі болды. В. Шекспирдің «Король Лир», Ш. Айтматовтың «Алғашқы мұғлім», М. Горькийдің «Васса Железнова», С. Алешиннің «Палата» және Б. Жакиевтің «Әке тағдыры» сияқты салмақты дүниелерін сахналады.
Шыңғыстың сәлеміне қуанғаннан басқа не деймін, пьесаны «жортқанда жолың болсын» деп, сауырынан бір ұрып беріп жібердім. Сөйтіп «Бетпе-беттің» премьерасы 1961 жылы қойылды. Бірақ мен сол кездегі Целиноград облысында фильм түсіріп жатқандықтан оған бара алмадым. Бұл өкініштің орны «Бетпе-беттің» 100-ші қойылуында орындалды. Жүзінші демекші, «Бетпе-беттің» алғаш рет тұсауы кесілген жылдан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Содан бері 80 астам театрдың сахнасында қойылыпты. 1975 жылы Жамбыл облысты0 қазақ драма театрының сахнасына өзім қойдым.
Тұрекең осылай деп бір тыныстады. Сексеннің сеңгірі бұл кісіні де сынға алыпты. Тау тұлғалы азамат қой, еңкіш тартып, аласармағанымен, бұрынғы етжеңді тығыз дене босап, бұғақтары босап қалыпты.
Әкесі Дүйсебай қария бір жолы белгілі режиссер Асқар Тоқпановпен дастархан басында жезделі, қайын боп қалжыңдасып отырғанда: «Дүйсебай алжыды, жалғыз баласын жын-бақсының оқуына бергені несі, әлде байғұстың басқа оқуға дүниесі жетпеді ме екен?» деген замандастарымның сөзін ұзынқұлақтан естігенде қысылғаннан кірерге тесік таппай, осы оқуға душар қылған інім Төленді, қайным, белгі әртіс Шәріпбай Сәкиевті жеті атасынан бермен қарай сыбаушы ем» деген екен. Кейіннен ұлының ұлылармен дәмдес-тұздас болып, ірілермен иықтас жүргенін көргенде, тіпті 30-25 мың сомның қаламақысын қолына санап беріп тұрғанда «асылық айтсам кешіре гөр» құдайына жалыныпты.
Тұрекеңнің жиған азды-көпті кітаптарының арасында қымбат қолтаңбалар да бар. Соның бірін Шыңғыс Айтматов: «Серик балама, Зиякүл жеңгеге, Турар досумдун уй булосүно. 10.ХІІ.-75 г. Ч. Айтматов» деп жазыпты.
— Шекеңнің Шекерде өткен елу жылдық тойына қатысқан бір топ жазушылар Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхмеджанов, Шерхан Мұртазаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Асқар Сүлейменовті Жамбылға ертіп бара жатқанымда Шықаң: «Қағылайын Тұрар, қазақтың барлық майталман жазушыларын «байлап, матап» (қалжың ретінде – К.С.) айылыңа алып кетіп баратасың, жолдарың чыдыр болсын!» деп ет-бауыры елжірей сөйлегені әлі күнге дейін көз алдымда, — дейді Тұрекең.
Бүгінде Тұрар көкем де дүние салған. Жаназасына қатысып, имамның жамағатқа қарата «қандай адам еді?» деген сауалына «жақсы адам еді» деп жан жүрегіммен айтқанымды ғана шүкір деп отырған жайым бар.