«Қаламгер қазынасы» сериясынан
Әбіш ағаны алғаш рет Аңырақай даласында көрдім. Аңырақай — қазақтардың алғаш рет төрт көзі түгел бірігіп, жоңғар басқыншыларына күйрете соққы берген жері. Орыстар үшін Куликово шайқасы қандай маңызды болса, Аңырақайдың да қазақ тарихы үшін құндылығы орасан зор.
Облысқа әкім боп келе салысымен Амалбек Тшанов тарихшылардың ұсыныстарымен осы Аңырақай шайқасы болған жердегі кейбір тарихи орындарды анықтау, сондағы Итішпестің Алакөлі деген жерді табу үшін үлкен экспедиция ұйымдастырды.
Содан Қордайдың солтүстігін алып жатқан тау мен даланы түгел шарладық. Тау арасындағы қазылған қорымдарды көрдік. Карл Байпақов болар, оны жоңғар шапқыншылығы кезінен де ары апарып, Андронов дәуіріне біра-ақ теліді.
Тау арасын көп шарладық дедім ғой. Сол кезде әр жерде айтылған «Мына жерде Абылай ханның ставкасы болған», «Анау көрінген Итішпестің Алакөлі», «Ой, ол көл бұл жақта емес» деген сөздер құлағымда әлі күнге дейін тұр.
Экспедициямыз ең соңында Қордай асуындағы қазіргі полицейлер бекеті тұрған жердегі биікке жиылды. Алматыдан келгендердің арасынан Әбіш аға Кекілбаевтың маңдайы жарқырап, ерекше көрінеді. Ол кісінің Аңырақай шайқасы болған жер туралы басқалардай білгішсініп, «ол мына жер», «жоқ, ана жер» деп кесіп айтпағаны ұнаған. Маған сол сәт, алып қаламгердің аңызақ пен шаң-топырақтан кеберсіген ерні, тозаңытқан жүзі, желдің екпінімен жалбыраған шашы мынау топырағы мен тасы шежіреге толы Аңырақай даласының өзі сияқты тым асқақтап кетті. Содан ба аноу бір мың жеті жүз бірдеңесінші жылғы дерек үшін таласқан тарихшылардан гөрі Әбеағаңа жақындай бергем.
Сол кезде ғой:
-Кімнің (әлде «кімде» деді ме екен?) тарағы бар, әкеңдерші (мүмкін, «беріңдерші» деп қалды ма?) шашымды тарап алайын, — дегені әбеуқоңыр әуезе үнімен.
Әбеағама мен жақын тұрмын ба десем, арамызда менен де жақын, менен де жылдамдар жеткілікті екен солардың бірі:
-Мәңіз, — деп тарағын ұсына қойды.
Мен бұл кезде көйлегімнің төсқалтасындағы тарағымды енді ұстай бергем. «Қап-ай» дедім ішімнен.
Ал тарақты ұсынған тарихшы да, Әбеағаңның шашын тарап жатқан оның тарағы да Аңырақайда жеңіске жеткен қазақ батырларындай өте-мөте бақытты еді.
-Туһ, — дедім мен осы кезде, — туһ, Әбеағам шашын менің тарағыммен тарасын деп ұмтылып-ақ ем, үлгере алмай қалғанымды қараш.
Әбеағамның назары енді ғана маған ауды. Ауды да күн қағып, тозаңытқан жүзі жылып:
-Әкел тарағыңды, — дегені қолын созып.
Кішкентай ғана, оның үстіне тістері майда келген арзандау тарақ еді, ұсына қойдым.
Әбекең тарағымды алды да, кейбіреулер сияқты кірпияздана сілкілеп, тістерін тазалап, үрлеместен, шашын бір қолымен басып тұрып, екінші қолымен баппен тарай бастады. Әбеағамның майда шашының арасына сіңіп, одан төбе құйқасына тістері тиіп, солары арқылы менің жүрегімдегі ұлы адамға деген құрмет пен ілтипатты жеткізіп жатқан тарағыма риза боп мен тұрмын.
Әбеағам бір уақытта шашын асықпай (менің көңілім үшін әдейі солай бипаздап ұзақ тарағандай боп көрінді) тарап болды да, тарағымды өзіме қайыра ұсынды.
Содан үйге жеткенше қуан. Аңырақай шайқасы өткен даладан тарихшы көкелерімнің не тапқанын, не дәлелдеп қайтқанын қайдам, ал мен Аңырақай-Адамның селеудей болған селдірлеу шашына тісі тиген тарағыма тұмардай құрметпен қарап, риза боп қайттым.
***
Әбеағаммен екінші рет Тараз қаласының екі мың жылдық тойына дайындық қарсаңында кездестім. Бір топ журналистер топырлап қасында жүрміз. Әбеағам ол кезде Мемлекеттік хатшы.
Әбеағам музейде тұрған қазақтың ағаш төсегін көрді де:
-Қарашы, төсектің екі басы да биік. Ағылшындардың аяқтарын биік бірдеңеге асып жататын тәсілін біздің ата-бабаларымыз да білген, — деп қалған.
Кейін ұқтым, қан айналымы жақсы болуы үшін (қан бастан төмен қарай емес, аяқтан жоғары қарай ағатынын есте ұстау керек) аяқтың астына биіктеу етіп бір зат қойып жату керек екен.
***
Үшінші рет Халық ақыны Кенен Әзербаевтың туғанына 120 жыл болған мерейтойында жолықтық.
Шерағам екеуі әңгімелесіп келе жатыр екен, алдарынан шығып, інілік ізетпен сәлем бердім.
Шерағаң мені таныды да Әбекеңе бұрылып:
-Мынау Көсемәлі Сәттібайұлы деген «Жас Алаштың» перісі болады, — деді.
Әбекең жөндеп естімей қалды ма:
— Көсемәлінің баласы ма, — деп қалды.
-Жоқ, өзі, — деп жатыр Шерағам.
Әбеағаммен суретке түсудің сәті де сол Кенен ата тойында орайласа кетті.
Бүгінде Әбеңдей Алып-Адам, Аңырақай-Адам жоқ. Шерағам да кетті. Жақсы адамдардың бәрі біртіндеп, біртіндеп кетіп жатыр…