Маңғыстау облысындағы Ақшұқыр ауыланан 13 сәуір күні әскерге аттанған Әлібек Қалбай Жамбыл облысындағы Қордай ауданының аумағындағы №30212 әскери бөлімге келіп түскен. Ал 22 сәуір күні туған-туыстары жас сарбаздың көз жұмғаны жөнінде қаралы хабар алған.
Әскерге дейін ауылында жұмыс істеп жүрген тепсе темір үзетін жігіттің кенеттен қаза табуы жұмбақ. Анасына соңғы рет сөйлескенде «асқазаным ауырып тұр, төрт мың теңге салып жіберіңіз» депті. Осыдан кейін өлді деген қаралы хабар жеткен.
-22 сәуірде таңғы астан келгеннен кейін жауынгерлер казарма алдында сапта тұрды. Әлібек соңғы қатарда болатын. Басы айналып, құлап түсті, артқа қарай. Алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, бірден медсанбатқа алып кеттік. Басының неден айналғанын білмеймін мен, күніне 2-3 солдат басы айналып құлайды», — депті Хабар24-ке сұхбат берген №30212 әскери бөлімінің командирі Алмас Доспаев.
«Қайнымның денесінде көгерген дақтар бар. Қазір сот-медицина сараптамасының қорытындысын күтіп отырмыз. Өз көзімізбен көрдік, Әлібектің денесінде сау жері қалмаған, соққы іздері өте көп. Барлығын видеоға, суретке түсіріп алдық. Кейін мұның бәрін жарыққа шығаратын боламыз. Отан алдындағы борышын өтеу әрбір жігітке міндет. Бірақ ешкім әскерге өлім құшу үшін бармайды. Артында аңырап ата-анасы мен бауырлары қалды. Бүкіл ауылдың қабырғасы қайысты. Баласының табытын құшақтап қалған ананы кім жұбатады? Басы айналып, құлап қалғанына сенбейміз. Заң бойынша сарбаздың өліміне кінәлілерді табуды талап етеміз», — дейді марқұмның жеңгесі Динара.
Әскерге шақырылған жас сарбаздардың қазасына байланысты «жоғалып кетті» мен «кейін бір жерде асулы тұр екен» деген сипаттағы сылтаулар көп. Ал Әлібекті «басы айналып, артқа қарай құлап түсті» депті. Бөлім командирі Алмас Доспаев жауынгердің «басы айналғандықтан» құлап түскенін бал ашып біліп қойды ма екен? Осы жағы түсініксіз.
Сарбаздар арасында «дедовщина» деген «дерт» бар. Оны жасыруға болмайды. Сондықтан жас сарбаздарды ұрып-соғу, үйінен ақша алдыру сияқты озбырлық әрекеттерді тергеп-тексеріп, қылмыскерлерді жұрт алдында ашық түрде соттап, қатаң жаза қолданса, әскери орта бұл жаман әдеттен арылар бәлкім.