Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілері әдеп кодексінің 9-тармағының талаптарын сақтамағаны үшін Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Шарифке сөгіс жариялады.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің «Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары» деген 3-тарауы 9-тармағында: «Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келмесе, жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса және мемлекеттің лауазымды адамдарының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепсіз сөздерді қамтитын болса, көпшілік алдында білдірмеуге тиіс» делініпті.
Ал Қазақстанның Мысырдағы, Алжирдегі және Тунистегі елшісі Қайрат Лама Шариф бұған дейін ФБ парақшасында КСРО кезінен қалған бірқатар қала мен облыс атауларынан арылуды ұсынған болатын. Бірақ кейін жазбасын өшірген.