Қаңтар қырғыны бастала салысымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кабинетіне келіп, Қазақстаннан кетуін талап еткен. Тез арада жиналып, кетуі үшін ұшаққа дейін дайындап қойыпты.
Қаңтардан бері мұндай әңгімені ел аузындағы сөзден естіп келіп едік. Осы сөздің ақиқат екенін Президенттің өз аузынан естіген белгілі жазушы Смағұл Елубай Youtube арнасындағы «Сұрауы бар» хабарының тілшісіне берген сұқбатында ашық айтып:
-Қаңтар оқиғасы тұсында ол кісіге (президентке) Кәрім Мәсімов бастаған бір топ келген. Олардың бәрі шенді-шекпенділер. Олар «ана жақта ұшағыңыз дайын тұр, жүре беріңіз» деген. Егер олардың сол айтқанына көніп…
Мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузынан естіген сөзімді айтып отырмын. Ол дәл осылай айтты. Мен (мемлекет басшысына) 45 күн бұрын кіріп шыққанмын… «Дайын тұр ұшағыңыз. Сау болыңыз» деген ғой. Кейін бұл кісі (Қасым-Жомарт Тоқаев) іске шындап кірісті де, ертеңінде бүкіл билікті қолына алды. Қауіпсіздік кеңесін қолға алды. Оның көптеген процедурасы болатын. Оған қараған жоқ. Президент қаулы шығарды да билікті қолына алды. Мәсімовті түрмеге отырғызды», — деді.
Оның ойынша, Мемлекет басшысы Мәсімов пен оның жақтастарынан қорқып, Қазақстанды тастап қашып кеткен жағдайда елдегі тәртіпсіздің соңы азаматтық соғысқа ұласуы мүмкін екен.
-Ол кісі ұшаққа отырып кеткен жағдайда, сатқындық болар еді. Бұл кісі қорықпады. Егер де ұшаққа отырып Қазақстанды тастап кеткенде не болар еді? Бірден азамат соғысы басталар еді, — дейді жазушы.
Сонымен Президентке «Елден кет!» деген Мәсімовтің аты аталды. Бірақ қасындағылары кімдер? Олардың да аты-жөндерін халық білуі тиіс. Сондықтан кімнің кім екенін ашық айтатын кез кеген сияқты. Өйткені есімдерін осы уақытқа дейін айтпай жасырын ұстайтындай олар Мәсімовтен әулие емес.