ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне қарағанда, тергеу барысында Сатыбалдыұлының аса сенімді адамы анықталды. Ол — 1983 жылы туған Қазақстан азаматы. Аты-жөні Эфенди Кемаль. Э. Кемал бірнеше коммерциялық кәсіп орындардың құрылтайшысы және директоры.
Сатыбалдының сыбайласы Эфенди кеден саласындағы мәселелерді шешумен, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және басқа да мүлікті заңдастырумен (жылыстату) айналысқан. Осы мақсатта оған Сатыбалдыұлы шотынан ақша шешіп алуға сенімхат берген. Мысалы, Эфендиге қатысты қымыстық істің тек бір эпизодын ғана алайық. Ол 2018 жылдың шілдесі мен тамызы аралығындағы небары үш күн ішінде Қайрат Сатыбалдыұлының жеке шотынан 37 млрд теңге және 62 млн доллар шешіп алған.
Ал қазір оның қай елде, қай жерде жүргені белгісіз. Өйткені 2022 жылдың ақпан айынан бастап Эфенди Қазақстаннан тысқары аумақта жасырынып, қылмыстық қудалау органына келіп, жауап беруден жалтарып жүр. Оның заңға қарсы әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабының 3-бөлігі, 3-тармағы бойынша сараланып, оған іздеу жарияланды.