ҚР Қорғаныс министрлігінің «91678 әскери бөлімі» РММ-де жаңа ат ауласы ашылды.
Оған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор М.Көшекбаев, Жуалы ауданының әкімі Ж.Мұртаза, ҚР ҚК ардагері, Жамбыл облысы ардагерлер қауымының төрағасы, генерал-майор Ә.Ерниязов, Жуалы ауданы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы П.Успанов қатысты.
Ат ауласының ашылу рәсімінің лентасын генерал-майор М.Көшекбаев пен аудан әкімі Ж.Мұртаза қиды. тЖеке құрам сапқа тұрғызылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.
Іс-шараға қатысқан қонақтар құттықтау тілектерін айтып, атты әскерге арналып жасақталған ат ауласының маңыздылығына тоқталды. «Ер қанаты – ат» деген даналықтың тереңіне үңілген азаматтар ел қауіпсіздігін, шекара тыныштығын күзететін әскерлердің тұлпарларының тұяқтары мұқалмауын тіледі.
Штаб бастығының орынбасары, полковник А.Бекбергенов «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысының көтермелеу және мадақтау бұйрығын оқыды. Бұйрыққа сәйкес біріктірілген жұмыс тобының қызметкерлері мадақтама қағазымен марапатталды. Сонымен қатар, Тараз горнизонының Жамбыл аудандық пайдалану бөлімінің жұмыскерлері де марапаттарға ие болды.
Іс-шара барысында қонақтарды жауынгерлік аттарға арналған орындармен таныстырып, ветеринар қызметінің мақсаты жайында түсіндірді. Сондай-ақ, таулы-егерлік ротасы мен жүк арту көлік ротасының көрсетілімі тамашаланды.