Кеше облыс бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілді. Бұл акция өңірде тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Акцияның мақсаты — қоршаған ортаны қорғау, оны таза ұстап, туған жерге деген құрмет пен сүйіспеншілікті ояту, жасыл желекті көбейтіп, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру десек, оған облыс тұрғындары мен белсенді жастары жұдырықтай жұмылып, таза жүрекпен, шын көңілмен өз үлестерін қосты.
Атап айтсақ, Тараз қаласында өткен акция аясында Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында облыстық жаңадан құрылған «Жасыл ел» еңбек жасақтарына сәт сапар айтылып, 300-ден астам жастар «Қарахан» мазары мен «Қызылабад» елді мекенінде 1000-нан астам ағаш көшеттерін отырғызды. Сонымен бірге, Тараз қаласының «Жібек Жолы» ауданының тұрғындары өздерінің аулаларын қоқыстан тазартып, ағаштар отырғызды.
Осындай акциялар облыстың барлық аудандарында өткізілді. Айталық, «Таза қала», «Жасыл қала», «Таза аймақ», «Болашақ жасыл желекті бірге өсіреміз» акциялары туған жерді абаттандыруға, көріктендіруге бағытталып отыр.
Жыл басынан бері облыста акция аясында 818 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй аулалары, 4,5 мың шақырым көшелер тазаланып, 12 мың тонна қоқыс шығарылды.
70 мыңға жуық ағаш егіліп, 2,4 мың ағаш санитарлық бұталанды. 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумақтары тұрақты қоқыстардан тазаланды.
Бұл жұмыстарға 900-ден астам техника жұмылдырылды.
Мұндай тазалық жұмыстары алдағы айларда да тұрақты түрде ұйымдастырыла беретін болады.