Оның ішінде жаңа энергетикалық қуаттарды енгізу бойынша өткен жылы «KOREM» компаниясының сауда алаңында біртұтас энергетикалық жүйенің Солтүстік және Оңтүстік аймағы яғни, Ақтөбе, Жамбыл облыстары үшін маневрлік генерациялау режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін қондырғылардың құрылысы бойынша аукциондық сауда-саттық өткізілген болатын. Соның арқасында, Тараз қаласында 200 мегаватты құрайтын бу-газ қондырғысын орнату бойынша аукциондық сауда-саттықтың жеңімпаздары анықталып, бүгінде жеңімпаз компаниялармен тиісті құжаттары рәсімделе бастады. Жоба 2028 жылы іске асырырылмақшы.
«Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС» АҚ 2024-2031 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында қуаты 210 мегаватты құрайтын газ-турбиналық қондырғы (ГТУ) орнату бойынша жобаны 2027 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. «KEGOC» АҚ тарапынан Қазақстанның бірыңғай электр жүйесінің оңтүстік аймағының электр желісін күшейту бойынша облыс аумағында 300 шақырымды құрайтын 500 киловолть электр желісінің құрылысы және «Шу», «Жамбыл» қосалқы станциясын қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда. Жаңа желінің құрылысы облысқа қосымша қуаттылығы жоғары нысандарды енгізуге, электр энергиясының тұрақтылығына, оңтүстік өңірдің электр энергиясына деген тапшылықты жоюға мүмкіндік береді.
– Бүгінгі күнге «Жамбыл-Шымкент» арасындағы әуе электр желісінің жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. «Шу-Жамбыл» арасындағы әуе желісінің жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. «ABM-Building 2007» серіктестігінің мердігерлігімен іске асатын жобаның жалпы құны 154 миллиард теңгені құрайды. Әуе электр желілері Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандары аумақтары арқылы өтеді. Сонымен қатар, Жуалы ауданы әкімдігі тарапынан Жамбыл облысы Жуалы ауданында ұзындығы 60 шақырымды құрайтын 110 киловатт әуе желісінің және қосалқы станциясының құрылысы жобасын әзірлеу жұмыстары басталуда. «Энергия ғылыми-зерттеу және жобалау-іздестіру институты» АҚ тарапынан өз қаражаттары есебінен жоба демеушілік ретінде әзірленетін болады, – дейді салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.
Екінші бағыт, инновациялық энергетика бойынша да аймақта ілкімді жобалар іске асуда. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жаңартылатын энергия көздері жұмыс істеуде. Оның ішінде, 6 су электр станциясы, 10 жел электр станциясы және 6 күн электр станциясы бар. Өткен жылы Сарысу ауданында қуаты 100 мегаватты құрайтын «Шоқпар ЖЭС» жел электр станциясы іске қосылған болатын.
Сондай-ақ, Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр станциясын қосымша 20 мегаваттқа кеңейту жұмыстары жүргізілді. Алдағы жылдары облыста жалпы қуаты екі гигаватты құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Олар – Мойынқұм ауданында «Total Eren» серіктестігі тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр станциясы, Сарысу және Талас ауданында Masdar (БАӘ) компаниясы тарапынан қуаты 1 гигаваттық жел электр станциясы жобалары. Masdar компаниясы тарапынан салынатын жел электр станциясының жобалық құны 742 миллиард теңгені құрайды.
Бүгінде жел электр станциясына, жобалау іздестіру жұмыстарына 44 мың гектар жер учаскесі берілген. Биылғы жылы компания жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеп, келер жылы құрылыс жұмыстарын бастап, 2029 жылға жобаны іске қосуды көздеп отыр. Ал, Мойынқұм ауданында француздық «Total Eren» компаниясымен іске асатын жобаның құны 1 триллион теңгені құрайды. Аталмыш жобаны 2028 жылы аяқтау жоспарланған.
Үшінші бағыт – энерготиімді өнеркәсіп бойынша «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңның 9-бабына сәйкес, мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерін қалыптастыру қарастырылған. Облыста жалпы 1 260 мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері тіркелген. Олардың ішінде 892 мемлекеттік мекемелер, 341 квазимемлекеттік субъектілер мен 27 заңды тұлғалар бар. Энергетикалық тізілім субъектілері жыл сайын 1 сәуірге дейінгі мерзімде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық даму институтына есепті кезеңге ақпарат ұсынады. Сол бойынша энергия тұтыну нормативтеріне сай жұмыс жүргізеді.
Сонымен бірге энерготиімді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша облыстағы төрт қалада жалпы 1 855 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 620-сы қанағаттанарлық жағдайда, 657 үй жөндеуден өткен, ал қалған 578 үй жөндеуді қажет етеді. Көпқабатты тұрғын үйлерде жылу энергиясын тұтынудың көлемін азайту мақсатында 2011-2024 жылдары аралығында жалпы 23,8 миллиард теңгеге 657 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен.
– Өткен жылы республикалық бюджет есебінен 5,9 миллиард теңгеге Тараз, Жаңатас, Шу қалалары және Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылындағы жалпы 81 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, Тараз қаласында жергілікті бюджет есебінен 11 тұрғын үйдің қасбеттері мен шатырлары ауыстырылды. Жыл соңымен терможаңғырту жұмыстарын жүргізу нәтижесінде, жылу энергиясын тұтыну көлемі 15-20 пайызға төмендеді, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Энерготиімділік транспорт саласына да еніп келеді. Қолданыстағы автомобильдер парктерінің энерготиімділігін арттыру мақсатында өңірде сұйытылған мұнай газ түріне көшу мәселесі қолға алынған. Соған сәйкес, облыста тіркелген жалпы 240 315 автокөліктің 13 пайызы сұйытылған мұнай газ түріне ауысқан.
Бүгінде облыс аумағында 32 газ желісі ұйымдарымен 288 газ толтыру бекеттерінде қызмет көрсетілуде. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы 1 ақпандағы дерегі бойынша облыс көлемінде 115 электромобиль тіркелген. Қазіргі таңда облыс аумағында электромобильдерді қуаттайтын 13 станция жұмыс атқаруда. Осы ретте алдағы уақытта Тараз қаласы аумағында қуаты 60-120 киловатты құрайтын 15 электр қуаттау станцияларын орнату жоспарда екендігін атап өткен жөн.
Көше жарығына келер болсақ, облыста жалпы 5 392 көше бар. Оның 2 501-і жарықпен қамтамасыз етілген болса, қалған 2 891-і жарықтандырылмаған. Жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелерде 50 948-і энергия үнемдеуші жарықдиодты шамдар мен 11 854-і натрийлік шамдар орнатылған. Өткен жылы Тараз қаласындағы 76 көшені жарықтандыруға 1 миллиард теңге бөлініп, 36 көше жарықтандырылған болатын.
Биылғы жылы қалған 40 көшені жарықтандыру жоспарлануда. Ал, аудандар бойынша өткен жылы 121 көшені жарықтандыруға 573,9 миллион теңге қарастырылып, 83 көше жарықтандырылған. Қалған 38 көше бойынша жұмыстар биылғы жылы жалғасын таппақ. Облыстағы тұрғындарды тұрақты және сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Жамбыл электр жүйесі» серіктестігі инвестициялық бағдарламасы аясында 154 шақырым электр желілері қайта жаңғыртудан өткен болатын.
Нәтижесінде, электр энергиясының жоғалуы және авариялық өшірулердің төмендеу салдарынан 25-30 пайыз электр энергиясы үнемделген. Сондай ақ, 2024 жылы энергия үнемдеу және энерготиімділігін арттыру мақсатында бюджеттік ұйымдарда, оның ішінде білім нысандарында қолданыстағы люминесцентті шамдар 16 276 дана жарықдиодты шамдарына ауыстырылды.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы республика бойынша «АСКУЭ» маркалы электр энергиясын есептеудегі автоматтандырылған жүйесін бірінші болып енгізді. Бүгінде облыс тұрғандары электронды есептеу аспаптарымен толығымен қамтамасыз етілген. «АСКУЭ» есептегіш аспаптары орнатылған аймақтарда электр энергиясындағы техникалық ысыраптар көлемі көпқабатты тұрғын үй секторларында 30 пайыздан 8 пайызға дейін және жеке секторларда 35-тен 15 пайызға дейін төмендегені байқалған. Сондықтан биыл облыс бойынша 5 307 дана «АСКУЭ» есептеу құрылғысын орнату жоспарланған.
Нұрболат АМАНБЕК