Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында ел экономикасын арттыруды тапсырды. Бұл бағытта ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар баршылық. Президентіміз көтерген «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы басты міндеттердің бірі – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бүгінгі күні аудандағы барлық салада оң нәтижелерге қол жеткізілуде. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, білім, әлеуметтік сала және инфрақұрылым бағыттарында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар сәтімен жүреге асырылуда.
Атап айтар болсақ, осы жылдың алғашқы жартысында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 18,4 миллиард теңгеге жетті. Егіс көлемі 132,5 мың гектарды құрады, өткен жылға қарағанда 4 пайызға артты. Мүйізді ірі қара басы 68,3 мың, қой-ешкі – 214 мың, жылқы – 32 мың, құс 450 мың басқа жетіп отыр. Сонымен қатар мал басын асылдандыру мақсатында бүгінгі күні «AzNur Agro» АШӨК 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салуда. Ал «Береке» шаруа қожалығы 100 гектар аумаққа жылыжай кешенін салу бойынша дайындық жұмыстарын бастап кетті.
Бұдан бөлек, 250-ден аса шаруа қожалығы мемлекеттік қолдау арқасында субсидия алып, заманауи техникамен жабдықталды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 115,9 миллион теңгені, мал шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 8 миллиард 838,7 миллион теңгені құрады. Есепті жылы 52076 гектар алқапқа ақ егіс және басқа да дақылдар себілді.
Бүгінгі күні ол алқаптардан 1518 тонна бидай, 4355 тонна арпа, 1029 тонна картоп, 3558 тонна көкөніс, 1990 тонна бақша, 166627 тонна мал азығы жиналды. Әр гектарға шаққандағы орташа өнім көлемі, атап айтсақ, бидай 7,4, арпа 7,1 центнерді құраса, картоп 223,7, көкөніс 247,1, бақша 276,4 центнерден айналды. Сонымен қатар жаңа техника алынып, мал сою алаңы, су қорғау аймақтары, көкөніс қоймасы, мал шомылдыру орындары іске қосылды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында «Тараз» ӘКК АҚ арқылы
39 жоба қаржыландырылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгінгі күні Айша бибі ауылындағы «АЛИЗА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 7 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын пайдалануға бергелі отыр. Қазіргі таңда нысанға электр желісі мен көгілдір отын тартылуда. Ал Тоғызтарау, Өрнек ауылдарынан мал шомылдыруға арналған орындар салынды. Аса ауылынан жеке кәсіпкер Қарабеков мал сою алаңын іске қосты. Оның тәуліктік қуаты 200 бас ұсақ мал союға арналған. Жоба құны 500 миллион теңгені құрайды.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Ақбастау, Ерназар ауылдық округтерінде малдарға дәрі егу орны және мал шомылдыруға арналған орынмен бірге ветеринарлық пункт құрылысы аяқталуда. Ауданда 10 жылыжай бар. Оның жалпы аумағы – 0,5370 гектар. Бұл жылыжайлардан 11,6 тонна қияр және басқа дақылдар жиналып, нарықтық бағамен өткерілуде. Ал биылғы жиналған көкөніс пен жемісжидек өнімі сыйымдылығы 4980 тоннаны құрайтын 8 қоймаға сақталатын болады.
Ауданның ауыл шаруашылығы жерлері 235,9 мың гектарды құрайды. Оның 55,2 мың гектары егістік болса, 28,4 мың гектары суармалы егістік, 26,7 мың гектары суарылмайтын егістік, 1,2 мың гектары көпжылдық екпелер, 7,7 мың гектары шабындық, 170,3 мың гектары жайылымдық, 1,2 мың гектары бөгде жер. Елді мекеннің жері 34,9 мың гектар болса, өндірістік мақсаттағы жерлер – 9,9 мың гектар, орман қорының жері – 125,7 мың гектар, су қорының жері – 1,2 мың гектар, босалқы жер – 11,9 мың гектар. Биыл пайдаланылмай жатқан 4108 гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі таңда әкімдік тарапынан иесіз мүлікке тіркелген 1291,84 гектар жер учаскесін қайтару үшін жұмыстар жүргізілуде.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасының бесінші –
жеке кәсібін ашу бағыты бойынша
8 ауылдық округтен 39 жоба қаржыландырылды. Оның сомасы – 280 миллион 970 мың теңге. Осының есебінен 48 жұмыс орны ашылды. Ал 2019-2024 жылдары аталған жоба шарапатын 8 ауылдық округ көрді. Осы жоба аясында 490 адам жұмыспен қамтылды. Ауданда 12 шағын өнеркәсіп нысаны жұмыс істеп тұр.
Бұл салада 24 миллиард теңгенің өнімі өндірілді немесе нақты көлем индексі 101 пайызды құрады. «Амангелді ГӨЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 17 миллиард 763,3 миллион теңгеге (88,1 мың тонна) мұнай өнімдерін өңдеді. Сондай-ақ «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС-де 473,5 миллион теңгеге (244,1 мың тонна) гипс тасы өндірілсе, «Суперфарм» өндіріс орны 4 миллиард 460,8 миллион теңгеге (50,5 миллион дана) матадан жасалмайтын медициналық бұйымдар шығарды.
«Ерсад» ЖШС-де 524 миллион теңгеге (287 мың дана) матадан жасалмайтын медициналық бұйымдар өндірілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 19 миллиард 885,7 миллион теңгені немесе 161,2 пайызды, оның ішінде жеке инвестиция көлемі 15 миллиард 931,3 миллион теңгені немесе 308,8 пайызды құрады. Сондай-ақ биыл жалпы құны 17,3 миллиард теңгені құрайтын 10 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласы бойынша 7 жоба аясында 7,7 миллиард теңгеге 56 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал туризм саласы бойынша 1,3 миллиард теңгеге 2 жоба қолға алынбақ.
Атап айтқанда, Көлқайнар ауылдық округі аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойынан «Арзан Сити3» жол бойындағы қызмет көрсету орталығы жыл басында ашылды. Жоба құны – 700 миллион теңге. Жаңа 50 жұмыс орны құрылды. Бүгінде сол аумақта «Таң Петройл» ЖШС жол бойындағы қызмет көрсету орталығының құрылысын жүргізуде.
Жоба құны – 600 миллион теңге. 10 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұған қоса, Әулиекөл ауылы аумағында орналасқан «KEGOC» АҚ-ның 500 киловатт подстанциясын кеңейту жобасы жоспарлануда. Ағымдағы жылы осы инвестор есебінен ауданның негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8,3 миллиард теңгені құрады. Алдағы жылы 2 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның бірі – Бірлесу-Еңбек ауылы аумағынан «Кнауф-Гипс-Тараз» ЖШС гипсокартон және құрғақ қоспаларын өндіру зауытын кеңейтуді ниет етіп отыр.
Бұл мақсатта 28 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның құны – 14,5 миллиард теңге. Жылдық қуаты 22 миллион шаршы метр гипс және гипсокартон өндіру. 100 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Зауытты 2026 жылдың төртінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Зауыт құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын осы жылдың төртінші тоқсанында аяқтау көзделіп отыр.
Қазіргі таңда инженерлік-инфрақұрылым желілерін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сондай-ақ Айша бибі ауылдық округі Әулиекөл ауылы аумағынан «Juru» компаниясы 25 шақырым әуе электр желісін жүргізуді жоспарлауда. Жоба алдағы жылы басталып, 2027 жылдың басында аяқталады. Осы серіктестік Талас және Сарысу аудандарында желден қуат алатын электр қондырғыларын орнатқан.
Тараз қаласына жалпы жобалық құны 21,2 миллиард теңгені құрайтын төрт ірі инвестициялық жоба өтті. Оның екеуі Бектөбе ауылы аумағында орналасатын «Алель агро» ЖШС құс етін өңдеу зауыты мен «Alit Holding» ЖШС құрылыс материалдарына қажетті құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты болса, Жамбыл ауылдық округінен «TRZ Agro» ЖШС көкөніс сақтау қоймасын соғу жобасы. Сонымен қатар Ақбұлым аумағында «Азия Ботлерс» ЖШС алкоголь және алкогольсіз өнімдер шығаратын цех салуды жоспарлап отыр.
Жалпы ауданда 6763 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Оның ішінде тұрақты жұмыс істеп тұрған 5923 субъектіде 10408 адам жұмыс істеуде. Онда 23,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 109 миллион теңгеге 4 жоба қаржыландырылып, 17 жұмыс орны ашылды. Осы жылдың қаңтармаусым айларында құрылыс жұмыстары 5 миллиард 663 миллион теңгеге жүргізіліп, нақты көлем индексі 91,6 пайызды құрады.
Аудан аумағында бюджет қаражаты есебінен 4,4 миллиард теңгеге 22 нысанға құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Қызылқайнар ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Шайдана, Бәйтерек ауылдарында мектеп құрылысы, Жаңаөткел ауылында ауызсу құбырының құрылысы аяқталды. Бектөбе, Қызылшарық, Өрнек-Жұма ауылдарында ауызсу құбыры, Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат, Сеңгірбай ауылдарында ауылішілік және Сеңгірбай ауылында магистральды газ құбыры, Аса ауылында орталық кітапхана, архив, жасөспірімдерге арналған үйірмелер жүргізу орталығының құрылыстары аяқталуда.
Ерлан ҚЫДЫРАЛЫҰЛЫ,
Жамбыл ауданының әкімі.