6 рет оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуді тапсырғаны белгілі. Президент осы бағытта ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту ісіне назар аудару қажет екенін айта келіп: «Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек. Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Осы бағытта біршама жұмыс атқарылды. Оның пайдалы екені де көпшілікке белгілі.
«Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді», деген болатын.
Осы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облысымызда қандай жұмыстар атқарылып отыр? Қандай жобалар бар? Атап айтсақ, 2025 жылы жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге 518 жоба қаржыландырылды. Ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бизнес-жобалардың 110-нан астам бағыты қаржыландырылды. Соның ішінде қаржыландырылған бағыттар: техникалық қызмет көрсету станциялары, тігін цехтары, жылыжайлар, жиһаз цехтары, құм блоктары мен кірпіш өндірісі, өзіне-өзі қызмет көрсететін автокөлік жуу орындары, сұлулық салондары, наубайханалар, сүт өңдеу цехтары, балабақша ашу және басқа да жобалар ең көп тараған жобалар болып табылады.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде келесі көрсеткіштерге қол жеткізілді? Нақты айтсақ, 500-ден астам ауылдық тұрғын жұмысқа орналастырылды; жаңа өндірістік желілерді іске қосуға мүмкіндік беретін және кәсіпкерліктің дамуына қосымша серпін беретін өндірістік тізбек қалыптасуда; ішкі нарық отандық дайын өніммен қамтамасыз етілуде.
Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5 млрд теңге қаржыны игеру жоспарлануда. Басым бағыттар қатарында бизнес-жобаларды қаржыландыру, кооперативтер құру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу үшін жабдықтар сатып алу қарастырылған.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылуы – 2025 жыл
2025 жылғы қорытынды бойынша аудандар арасында ең үздік көрсеткіштер мына аудандарда тіркелді: Байзақ ауданы – 100 жобаға 687,5 млн теңге қаржыландырылды; Т. Рысқұлов атындағы аудан – 77 жобаға 577,8 млн теңге қаржыландырылды; Жуалы ауданы – 58 жобаға 483,1 млн теңге қаржыландырылды.
Ең төмен көрсеткіштер мына аудандарда байқалды: Мойынқұм ауданы – 14 жобаға 86,1 млн теңге қаржыландырылды; Сарысу ауданы – 36 жобаға 279,1 млн теңге қаржыландырылды; Талас ауданы – 37 жобаға 265,7 млн теңге қаржыландырылды.

Мемлекет басшысы: «Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруд» деп атап өткеніндей, ауылдағы шаруаларды қолдайтын қоғамдар да, қаржы да бар. Енді тек қана аудан басшыларының, ауылға жанашыр іскер азаматтардың жақсы жоспарларымен, ұтымды жобалармен жұмыстарын жандандыруы ғана қалып тұр.
«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік
корпорациясы» АҚ
баспасөз қызметі.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру