Кейінгі күндері әлеуметтік желіде туды кез келген жерде пайдалануға болмайтыны жайлы жаңа қаулы талқыланып жатыр. Ақпаратқа сай, енді туды киімдерде, бас киім мен басқа да жерде пайдалануға тыйым салынады-мыс.
Анығында, Үкімет ҚР мемлекеттік рәмездері және гимніне қатысты өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, 26 маусымда қаулы қабылданды. Қаулыға сай, туды жарнамалық мақсаттарда, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, перде, дастархан, кілемше және өзге де жабын ретінде пайдалануға болмайды. Дегенмен патриоттық сезімді, бірегейлікті және азаматтардың жетістігін қолдау мақсатында жеке және заңды тұлғалардың ғимараттарында және балкондарда (45 градус бұрышпен) пайдалануға рұқсат етілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4 маусымда рәміздер күніне орай өткен жиында мемлекеттік рәміздердің пайдалану мәселесіне қатысты қаулыға өзгертулер керек екенін мәлімдеді. Осыдан кейін Үкімет 2007 жылғы қаулыға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, 26 маусымда жариялады. Жаңа қаулы шілденің 13-нен бастап күшіне енді және мына жағдайларда туды пайдалануға рұқсат берілді:
- жеке тұрғын үйлерде үш метрден кем болмайтын биіктікте орналастыру, бұл ретте тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандыру міндетті емес;
- жерге, еденге, су бетіне және өзге де беттерге тиіп тұрмауы керек;
- тігінен орналастыру, бұл ретте ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы бөлігінде тұруға тиіс;
- жеке және заңды тұлғалар өткізетін мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шаралар барысында коммерциялық мақсатты көздемеу;
- зақымдану, тозу, жамау, тесілу, кірлеу, түсінің оңып кетуі, қыртыстану белгілерінің не оның асқақтығы мен символдық мәнін түсіретін өзге де кемшіліктің болмауы;
- жеке және заңды тұлғаларға тиесілі көлік құралдары салондарының ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып пайдалану.
Сонымен қатар, туды қасақана бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, басқа мақсатта пайдалануға және оның мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиеті мен маңызын төмендететін өзге де әрекет жасауға жол берілмейді. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 458-бабына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін – 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жылда тағы қайталанса 100 АЕК айыппұл салу көзделген.

