Трамп тағына отыра сала әлек сап жатыр. Біраз елдерді АҚШ-қа қосып алам деп доқ көрсетуімен қоймай, енді ол осы уақытқа дейін әлемде теңдесі жоқ деп саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымын (ООН) да тәрк етті.
Сөйтіп АҚШ-ты БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінен шығарып алды.
Одан бөлек БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы агентігін қаржыландыруға да тиым салды. Израил бұл агенттікті ХАМАС-қа көмек береді деп айыптаумен келе жатқаны белгілі.
Мұның алдында Трамп АҚШ-ты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан да шығарып алған.
Дүниені өзгермейтіндей көретіндерге Трамптың бұл тосын жарлықтары ой салса керек. Бір елдердің экономикасы күрт дамып жатыр, ал енді бір елдердің шаруасы шатқаяқтап, төмен құлдарып барады. Өмірі «өлмейтін» мыстан кемпірдей КСРО-да құрдымға кетті. Сол сияқты жанына жақпаған нәрселері болса «ООН-ға жазам» деп қоқаңдайтын аталарымыздың сенген қойы – ООН-ның өзін, міне, Трамп келді де бір жарлығымен мансұқ ете салды. Тура Ельциннің Кремльдің төрінде тұрып партбилетін лақтырып тастап, кейін тіпті КСРО-ны таратып жібергені сияқты болып тұр.
Шынында да осы БҰҰ, ДДСҰ дегендер әлемге керек ұйым ба өзі? Пайдасы болса ақша есептуді білетін Трамп айырылмас еді ғой. Не де болса, әйтеуір баяғы КСРО-дан ең соңынан шыққанымыз сияқты, бұлардың құрамынан да ең соңынан шығып жүрмейік.
БҰҰ мықты болса, соғыс жүріп жатқан елдердегі аяққа тапталып жатқан адам құқықтарына, жазықсыз төгіліп жатқан адам қанына, босқынға айналған жетім-жесірлерге неге шыңғырып тұрып араша түспейді? Неге шара қолданбайды?
Трамптың, жалпы, не білгені бар осы?