Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков ауырып қалды.
Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасы Мереке Құлкенов пен орынбасары Қасымхан Бегманов хабарды естіген бетте белгілі жазушының үйін барып, хал-жағдайын білген.
-Дулат ағаның ауырғанына біраз болды. Бүгін қан қысымы көтеріліп, халі нашарлап қалыпты. Хабарды ести сала ҚЖО басқармасы төрағасымен бірге үйіне барық. Ағамыз төсек тартып жатыр екен. Әрең сөйледі. Қасында балалары, қызы Шолпан бар. Дәрігерлер де қасында, — дейді ақын Қасымхан Бегманов.
Жазушы, драматург Дулат Исабеков биыл 83 жасқа аяқ басты. Өткен жылы күзде аса талантты жазушы Бердібек Соқпақбаевтың жүз жылдық тойына барған.
Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында дүниеге келген. Ең алғашқы «Жолда» деген әңгімесі «Замандастар» атты жинақта 1963 жылы жарияланды. «Бекет» (1966), «Ащы бал» (1969), «Мазасыз күндер» (1970), «Қара шаңырақ» (1973), «Тіршілік» (1975) атты повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» (1980) романы баспадан шықты.
Тандаулы повестері «Екі жиырма» (1983) деген атпен жарық көрді. Бірқатар шығармалары орыс тіліне аударылып, «Полынь» (1978), «Отчий дом» (1979), «Смятение» (1986), «Новоселье в старом доме» (1986) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде аударылды.
Д. Исабектің «Ректордың қабылдау күндері» (1975), «Әпке» (1977), «Ертеңгі күту» (1979), «Мұрагерлер» (1982), «Алыстан келген ананас» (1984), «Кішкентай ауыл» (1986), т.б. пьесалары республика, облысы театр сахналарында қойылды. Тандаулы пьесалары «Жеті желкен» 1987 жылы жарық көрді.
Жекелеген туындылары бойынша «Гауһартас» (режиссер Ш.Бейсембаев, 1975), «Дермене» (режиссер Асанәлі Әшімов, 1986) көркем фильмдері түсірілді. «Мұрагерлер» пьесасы үшін оған Қазақстан Жазушылар одағында Мұхтар Әуезов атындағы сыйлығы берілген (1985).
Сондай-ақ, жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Бөрте» атты пьесасы ел саханларында өте табысты өтті.