Цифрлық даму саясатының тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы белгілі болды.
2016-2017 жылдары «Инновациялық технологиялар паркі» АКҚ шеңберінде 5 технологиялық даму орталығын және 1 венчурлік қорды құруға бюджеттен 4,9 миллиард теңге бөлініпті. Бірақ 3 орталықтың қызметі тиімсіз және нәтижесі жоқ болып шықты. Ал 2 компания болашақтағы даму жоспарларын жасамай жұмыс істеген. Соның салдарынан 3 миллиард теңге желге ұшқан. Сонымен бірге…
«Инновациялық технологиялар паркі» АКҚ арқылы бюджет есебінен 987 млн теңгеден асатын қаржы жұмсалған 95 коммерциялық жобаға (стартап) салынған инвестициялардың пайдасы мен табысы дәлелденбей отыр. Былықтың көкесі, 2018-2020 жылдары қаржыландырылған 32 ұйым таратылған. Оның 18-і мәжбүрлеу тәртібімен таратылыпты. Бұдан бөлек 21 компания нөлдік салық есептілігімен жұмыс істейді. Бұл да қызметтің жоқтығын көрсетеді.
-Инновациялық технологиялар паркі» АКҚ-ға 2015 жылдан 2024 жылға дейін бюджет қаражатынан бөлек жер қойнауын пайдаланушылардан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру бойынша міндеттемелер ретінде 41 миллиард теңге түскен. Ал «Инновациялық технологиялар паркі» АКҚ сараптамалық комиссиясы ҒЗТКЖ-ны қамтамасыз етуге жауапты емес. Бұл осы бағытта қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен біртектілігіне күмән келтіреді дегенді білдіреді. Соның салдарынан 14,8 миллиард теңгеге жасалған 179 жоба негізінен бизнестің ағымдағы міндеттерін шешуге бағытталыпты. Бірақ ғылымды дамытуға және жаңа технологияларды жасап шығаруға пайдасыболмаған, — делінген Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Аудит қорытындысы бойынша жалпы алғанда 1,1 млрд теңгенің қаржылық заң бұзушылықтары анықталған. Бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз жоспарлау 2,2 млрд теңге, ал оларды тиімсіз пайдалану 46, 5 млрд теңге болған.