Тараз полицейлері «үнді марихуанасын» өсіретін фитолабораторияны анықтап, «өнімдерін» тәркілеп, «лаборанттарын» қолға түсірді.
Осы жылдың қаңтар айында Жамбыл облысының Полиция департаменті есірткі қылмысының 40 дерегін анықтады. Оның ішінде аса ірі көлемдегі есірткіні заңсыз сақтаудың — 8, сатудың — 3, есірткі өсірудің — 2, есірткіні насихаттау және жарнамалаудың 1 дерегі әшкере болды. Ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу оқиғасының 1 дерегі бойынша шара қолданылды. Сонымен…
Тараз қаласында «Үнді марихуанасын» өсіретін фитолабораторияның жолы кесілді. «Үнді сериалы», «Үнді шайы» дегенді біліуші едік, «Үнді марихуанасын»… «Naizager.kz» ақпараттық порталы бірінші рет естіп тұр. Үйде, терезенің алдындағы құтыда өсіп тұратын жапырақтар сияқты болады екен. Алаяқтардан қулық артылған ба, фитолабораторияның атын жамылып, жастарды улап келіпті. Қазір тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. «Лобаранттардың» одан кейінгі баратын орны, әрине, абақты. Сонымен бірге…
Синтетикалық есірткі өндіретін лаборатория ұйымдастырған 4 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұған енді құлақ үйренген.
Сөйтіп бір айдың ішінде заңсыз айналымнан 173 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленген.
-Синтетикалық препараттардың таралуына қарсы күрестің тиімді әдістерінің бірі — әлеуметтік желілерге мониторинг. Осы жылдың қаңтар айында «Кибернадзор» арқылы бұғаттауға іліккен 107 интернет-сайт анықталды. Ерекше басымдық есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталуда. Мүдделі органдармен бірге жоғары және орта оқу орындарында 113 профилактикалық іс-шара өтті, — деп хабарлайды Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.