Ал әйтпесе! Өзбек елінің Сурхандария өңірінен шыққан атақты боксшы, әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да өзінің мықтылығын әбден танытқан Баходир Жалолов әлемнің ең таңдаулы боксшысы, Украина елінің мақтанышы Олександр Усикті рингке шақырды.
Баходир Исомоддин угли 1994 жылы 8 шілдеде дүниеге келген. Биыл 31 жасқа толады. Ол осы жасында Олимпиаданың — 2, Әлем чемпионатының 2 дүркін чемпионы болды. Азия ойындарының жеңімпазы атанып, Азия чемпионатының чемпионы атағына 3 рет қол жеткізді.
Кәсіпқой боксшылар қатарында жасөспірімдер арасындағы Солтүстік Американың (NABF Junior) ауыр салмақтағы чемпионы. BoxRec рейтингі бойынша үздік позицияда, яғни 2024 жылдың 27 мамырындағы мәлімет бойынша өзбек боксшыларының арасындағы салмақ дәрежесі бойынша бірінші орында тұр. Ал ең негізгі халықаралық бокс ұйымдарының рейтингі бойынша WBC-де — 12 орында WBO-де — 15 орыннан көрініп, әлемдегі ауыр салмақтағы боксшыларының үздік 35 тобына енді.
Ал Олександр Олексанрович Усикті өздеріңіз білесіздер. 1987 жылы Симферопольде туған ол Украина елінің жеңілуді білмейтін кәсіпқой боксшысы. The Ring журналының нұсқасы бойынша салмақ дәрежесіне қарамай үздік (2022—2023; 2024 — қазіргі уақытқа дейін) боксшы боп есептеледі.
Әуесқой бокста жүргенде, 2012 жылы Олимпиада, 2011 жылы Әлем, 2008 жылы Еуропа чемионы болған. Кәсіпқой бокста Фьюри Тайсон секілді кіл мықтыны жеңіп келеді. Сондықтан Олександрдың кәсіпқой бокстағы атағы мен жеңісі Баходирді он орап алады. Біз оның жеңістерінің бәрін тәптіштеп жазып отырған жоқпыз. Александр Усик болса алғашқы ауыр салмақта әлемнің абсолютті чемпионы. Оның аса ауыр салмақта WBC, WBA, WBO, IBO және The Ring нұсқалары бойынша әлем чемпионы Олександр Усик деген атының өзі аңызға айналған.
Енді осы екі алып рингте кездесе ме? Әлде құр үміт пе? Әйтеуір Өзбек боксының озық өкілі Баходир Жалолов:
-Менің арманым ең мықты деген әлем чемпионымен рингте кездесу. Егер маған мүмкіндік берсе, Усикапен де кездесер едім. Мен өз күшімді Энтони Джошуамен де сынап көруге дайынмын. Олар да мен сияқты адам, мен сияқты Олимпиада чемпионы, — депті The Ring журналының тілшісіне.
Баходир бұл әңгімені қай жерде айтып жүр? Жалолов 6 ақпанда Монреальда франциялық кәсіпқой боксшы Давид Спильмонмен жекпе-жек өткізуі керек болатын. Бірақ дәрігерлер өзбек спортшысының аузындағы ұшықты «герпес инфекциясы» деп, оны рингке шығармай қойды.
Олександр Усик пен Энтони Джошуа туралы сөз оның аузынан сол кезде шықты. Кездессе, нағыз қызық сол болайын деп тұр.