«Мемлекет басшысының Жарлығымен Арман Қырықбаев Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды және бұрынғы қызметінен босатылды», деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Арман Қырықбаев — 1976 жылы 20 қазан күні Целиноград қаласында (қазіргі Астана қаласы) дүниеге келді. 1992-1996 жылдары Қазақ Мемлекеттік Экономикалық Университетінде «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша оқыды. Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД және Балтия елдері басқармасының референті ретінде бастады.
1997 жылғы сәуір-мамыр айларында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД департаментінде атташе болып қызмет атқарды. 1997 жылдың мамырында Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігіне атташе ретінде тағайындалды. 1999 жылғы наурыз — 2000 жылғы шілде аралығында Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінің үшінші хатшысы қызметін атқарды.
2000 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жолдамасымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясына оқуға түсіп, оны тәмәмдағаннан кейін ТМД Комитетінің Орта Азия және Закавказья бөлімінде Екінші хатшы болып қызмет етті.
2002 жылғы қазаннан бастап «Корпорация «АВЕ» ЖАҚ Стратегия және маркетинг департаментінің директоры, кейін Корпоративтік даму департаментінің директоры. 2004 жылғы қарашадан 2005 жылғы наурызға дейін «К-МАРТ» ЖШС бас директоры міндетін бірлесе атқарды. 2005 жылғы наурыз-мамырда Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары, 2005 жылғы мамырдан 2006 жылғы сәуірге дейін Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту қорының директоры қызметтерінде болды.
2006 жылдың сәуірінен 2008 жылдың ақпанына дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық-саяси жұмыс және қоғаммен байланыстар департаментінің директоры, ал 2008 жылғы ақпаннан бастап 2010 жылғы қаңтарға дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы болып қызмет етті. 2010 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың ақпаны аралығында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2012 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі. Министрлікте ақпарат, тіл саясаты, ішкі саясат мәселелеріне басшылық етті. 2014-2015 жылдары «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі. 2015-2019 жылдары Алматы қаласының әкімінің ішкі саясат, денсаулық, білім, мәдениет, жастар саясаты, тілдерді дамыту жөніндегі орынбасары, 2019-2022 жылдары «Nur Otan» партиясының хатшысы, 2022-2024 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбсары.
Мемлекет басшысының өкімімен 2024 жылдың 9 наурызында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.
Осыншама қызметтердің тізгінін ұстап, оларды абыроймен атқарған Арман Қырықбаев жаңа лауазымында ел ойынан шығатын тың бастамалар мен игі істердің басы-қасында жүреді деп сенейік.