Сол жылдары мен республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметінде жүрдім де, Шерағаңның қасына көбірек ілесу бақытына ие болдым. Еліміздегі ең беделді деген газеттер мен журналдардың тізгінін ұстап, онымен қоймай сол газеттер мен журналдардың қайсысын басқарса да оны шығармашылық шыңының биігіне шығарып, халықтың рухани қазынасы мен қайнарына айналдыра білетін Шерағаңның депутат ретінде де ел мұң-мұқтажын өзіндік мақамымен жетер жеріне жеткізіп жүрген сөздерін қалың елі қайталап айтып, айбаттанып қалған кез.
Сондықтан «Шерағаң айтыпты» деген сөздерді ел-жұртпен бірге қайталап, сырттай мақтанғаныңмен жанына жақындауға кәдімгідей жүрексінетінсің. Бірақ қызметтің аты қызмет, қанша жерден қорықсаң да «Егемен Қазақстан» газетіне жазылу науқанына байланысты елге келе жатқан Шерағаны қасындағы әріптес інілерімен бірге күтіп алу, ауыл-аймақты аралағанда қасында болу, сосын шығарып салу деген адами міндеттерден қашып құтылмайсың. Бір жағынан бұл Шерағаңмен жақынырақ танысып, айтқан сөздерін өз аузынан тыңдауға өте қолайлы сәт. Кейін ағамыздың мінезіне үйреніп, тағылымды тәпсірлеріне дәнігіп алғаннан кейін «жиі-жиі келсе екен» деп тұратын болдық қой.
Сондай сапарларында қасында жүріп түйгенім, Шерағаңның газет-журналдарға ел, жер, тіл тағдыры туралы ащы шындықты шыңғырта айтқан тұздығы мол мақаларындағы, Парламент Мәжілісі төрінен алты алаштың тағдыры үшін ащына сөйлеген сөздеріндегі биліктің мысын басатын айбарлы бейнесі ел-жұртымен араласқанда бұлттан шыққан күндей нұрланып, жайма-шуақ бір әдемі кейіпке енеді екен.
Ал замандас жазушы-құрдастарына арнаған әзіл-қалжыңдары өз алдына бір төбе болса, балажандылығы бір хикая енді. Ол кезде біз Тараз қаласындағы №10 шағын аудандағы 3 қабатта 3 бөлмелі пәтерде тұрамыз. Үйге келген Шерағама үйелмелі-сүйелмелі балаларымды көрсетіп:
-Мынау Индира деген қызым, енеміз Индира Гандидің даңқына деген ізетпен қойған, мынау Досхан, мұны да Досхан Жолжақсыновтың құрметіне атаған, ал енді мынау Олжас… , — деп таныстырып жатыр ем:
-Өй, мықтылардың бәрі сенің үйіңде жүр екен ғой, — деп бәрімізді бір күлдіріп алды да белгілі журналист, жазушы Әділ Дүйсенбекке қарап:
-Әдеке, кеше Алматыдан келе жатып Асқар Сүлейменов не деп айтты деп едіңдер? – деп өзіне тән күлкісімен көзінің айналасына мейірім үйріліп, әдемі жымиды.
-Ә, анау ма, бір жиында шетел драматургі Александр Гельман Асқар Сүлейменовке «Сіз Олжастың (Сүлейменов – К.С.) туысы емессіз бе?» деп әуестік танытқанда «Не путайте, пожалуйста, меня с кем попало!» деген ғой, — деп Әділ аға кеңкілдей күлді.
Енді бәріміз түгел күліп жатырмыз.
-Сол сияқты сен де «не путайте, пожлуйста, меня с кем попало!» деп жүрмегің айналайын, Олжасжан! — деген Шерағаң баламның кекілінен сипап, маңдайынан сүйді.
Шерағаңның сол сөзі айнымай келіп, біздің бала басқа Олжастардан бөлек екенін спорттағы табыстарымен дәлелдеп берді. Ағалардың аялы алақанының құдыреті деген осы-ау…
Шерағаңның бауырмашылдығына, балажандылығына тағы бір куә болғаным, Жуалы ауданындағы Талапты ауылында тұратын інісі Батырханның баласы Әлижанды, одан тараған Жалғас пен Ілияс туралы да көп айтып отыратын. Олардың ішіндегі, әсіресе, Ілиясы бақытты. Өйткені Шерағаң оны елден ерекшелеп «Илико» деп еркелететін.
Ал «Илико» деген атты естісем менің есіме грузин жазушысы Нодар Думбадзенің «Мен, әжем, Илико және Илларион» деген ғажайып романы түсе кетеді. «Жазушы Нодар мен жазушы Шерханның Иликоларының бір-біріне қандай қатысы болды екен?» деп ал кеп ойлан сосын.
Бір мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылы дүниеге келген Ілияс сол жылдары небары 7-8 жастағы кішкентай бала, бірақ дастархан басында отырғанымызда Шерағаңның арқасында Ілияс-Иликоның аты «мен» деп жүрген журналистерден де көбірек аталады. Шерағаң «Илико» деп еркелеткен соң біз де алдымен Иликоның хал-жағдайын сұрайтын болдық. Өйткені, Шерағаң мен Шерағаңның жары Мария апай Ілиясты бүлдіршін кезінен бауырына басып, баласы санаған. Еркелетіп атын «Илико» деп атаған. Сосын біз де Шерағаң Тараздан Жуалыға қарай аттанар кезде «Иликоға» деп базарлық беріп жіберуге қамдана бастайтынбыз.
Бір жолы ақжарқын мінезді Әділ көкем Дүйсенбек екеуміз газетке жазылуға байланысты облыс орталығындағы шаруаларымызды бітірген соң Шерағаңа білдірмей «көк базарға» тарттық. Тоқсаныншы жылдары бұқара халық қиналыңқырап қалғанымен, базардың сөрелері сол баяғысынша жеміс-жидектің салмағынан майысып тұратын. Сондықтан алма, алмұрт, жаңғақ, өрік, мейіз сияқты жеміс-жидектерің ең дәмді дегендерінен қоржынымызға сиғанша сатып алып, Шерағаң мінетін көліктің ішіне салып қойғанбыз. Бұдан бейхабар Шерағаң:
-Жүріңдер, енді базарға барып Иликоға базарлық алайық, — деп тұр.
Әділ ағамыз екеуміз жасқаншақтап:
-Шераға, базарлықты біз бағана дайындап қойып ек, — дейміз.
-Өй, оларың не? Базарлықты атасы алмай ма екен? Қап, бұларың жарамады. Бірақ Иликоға сендер де бөтен емессіңдер, сәлемдемелеріңді жеткіземін, — деп сөзінің аяғын қалжыңмен аяқтаған кезде, арқамыздан ауыр жүк түскендей көңіліміз бір жадырап қалады. Ал оған дейін ұрсып тастай ма деп қорқып тұрамыз. Олай дейтінім, Парламентке сайлау алдында Шерағамен бірге ел аралап, үміткеріміз ретінде қасында қолқабыс етіп жүрген кезіміз де көп болды. Қай аудан, қай ауыл, қай отбасы екені есімде жоқ, сондай бір сапардан аттанар кезде дастархандағы тағамдар мен сусындарды қоржын-қоржын ғып әкеп: «Мынау Шераға өзіңізге» деп мәшинеге салып жатқанда Шерағаң:
-Мұның атын долылық дейді! – деп, жол азықтан үзілді-кесілді бас тартқаны есімізде.
Ал біз — қасындағы «нөкерлері» ішімізден «қап-ай» деп, өкініп қалдық. Өйткені дастархан басында жей алмаған, іше алмаған «жылы-жұмсақтардың» бәрін дорбаға салып беріп еді. Ал біз соны былай шыға бере емін-еркін «қылғытамыз» деген дәмемен емініп, емексіп тұрғанбыз.
Қайран Шераға!
Қасыңызға ілескен он-он бес жылда талай-талай ғибратты бізге ешқандай академиясыз-ақ үйретіп кеттіңіз ғой.
Қазір Сіздің Иликоңыз соқталдай азамат болған. Бүгінде оның да Сардар мен Айдар деген екі ұлы бар. Өзі Жуалы аудандық аумақтық инспекциясының басшысы. Шабандоз боп өсіпті. Сіз де жылқы малына құмар едіңіз. Талаптыға барып, өзіңізбен асықпай әңгіме-дүкен құрғанымда «таң азанмен биенің сүтін ішіп аламын да, атқа мініп Ақсай мен Көксай жаққа барып қайтам» дегеніңіз есімде, сол сияқты Илико да атты жақсы көреді екен, көкпар тартып, бәйгеге жүйрік қосуға да бейіл. Қансонарды құр жібермейтін айтулы аңшылығы да бар. Сірә, Сізге тартқан-ау!
Шераға!
Туған еліңіз бүгін Сіздің қырқыңызды беріп, Құран бағыштап жатыр. Алла тағала халқыңыздың тілегін қабыл етіп, жаныңыз Жәннатта шалқысын!
Әумин!
Талапты ауылы.