«Қаламгер қазынасы» сериясынан
Базар-Назардың қазасынан кейін жеті тұяғын жер қойнына тапсырған Кенекеңнің кеңдігінде шек жоқ екен. Жалғыз ұлын соғыс жалмап, бір үйде келіні екеуі шошайып отырып қалған енесіне алдымен Көркемжанды, содан кейін Бақытжанды беріпті. «Екі Кенен келмейді, Алатауға ексең де…» дегендегі бір қасиеті, бәлкім, осы шығар ақынның!
Ақынның «автопортретіне» айналған осы әйгілі өлең жолдарының мәнін оның өнерінен ғана емес, адами мәрттігінен де іздеу керек сияқты. Ана бір жылы Астанаға жол түскенде әкесін «жезде», анасын «әпке» деп өскен Бақытжан Кененұлы Әзірбаевпен сырласудың сәті түскен-ді…
* * *
— Сіз дүниеге келгенде Кенен атамыз қанша жаста еді?
— Алпыста! Бірақ мен нағашы апамның қолында өстім. Шешемнің жалғыз бауыры Қыдырбек Қабылтаев деген кісі соғысқа кетіп, Курскінің түбінде 1943 жылы қайтыс болды. Енесі мен келінінің бір үйде шошайып отырып қалғанын көріп жүрегі езілген Кенекең «қу жалғыздықты өзім де талай бастан кешіп ем, мына екеуіне де әбден обал болды-ау, Көркемжанды берейікші» депті шешеме. Көркемжанның онда бес-алты жасқа келіп қалған кезі ғой. Естияр боп қалған бала нағашы апамыздың қолында бес-алты күн жүреді екен да, үйге қашып келеді екен. Әкем атына мінгестіріп қайта апарып тастайды. Ол қайта қашады. Сөйтіп жүргенде 1945-жылы, шілде айында мен дүниеге кеппін. Сөйтіп, арада үш-төрт ай өткенде нағашы апамның бауырына мені «теліпті». Нағашы апамның келіні Сақыбала мен төртке келгенше туған баласындай бағып-қағып, тұрмысқа шықты.
— О кісі кейін араласып тұрды ма?
— Мен үйленген кезде құтты босын айтып келді. Бір әйел кеп бетімнен сүйіп, ақ жейдені кигізбек боп жатқаны есімде. Шешемнен «мына кісі кім?» деп сұрасам, «ойбай-ау, бұл сені төртке келгенше бағып-қаққан Сақыбала деген анаң ғой» деп күліп жатыр.
— Туған әке-шешеңізді қай уақта білдіңіз?
— Он төрт жасымда білдім. Ол кезде мені асырап алған нағашы апамның ауылында жеті-ақ сынып болды. Кенекең «мені ары қарай қайда апарып оқытамыз?» деген мәселені Сәбит Мұқановпен ақылдасып көрсе, ол кісі «Алматыға келіп оқысын. Көмектесейін» депті. Содан құжаттарымды дайындау керек болды. Баяғы Георгиевка, бүгінгі Қордай ауылына барып әкем Қыдырбек туралы анықтама алуым қажет. Әскери комиссариатта отырған әйелдер аң-таң. Таңданбағанда қайтеді, әкем Қыдырбек Қабылтаев 1943 жылы қайтыс болған, ал мен 1945 тудым деп қасқайып тұрмын. Бір татар әйелі маған жылыұшырай қарап: «айналайын, туған жылыңды айтпай-ақ қой. Әкем соғысқа кеткен, білмеймін, әжемнің қолында өстім» деп жүре бер деді. Сол кезде барып менің жүрегім бірдеңені сезді…
— Оған дейін шынымен-ақ ештеңе білген жоқсыз ба?
— Жоқ. Тіпті ауылдағы аузы жеңіл жеңгелерім де «сен ақын атамыздың баласысың» деп айтқан емес. Ол кездегі адамдардың тәрбиесі бөлек болатын. Ал Кенекең өмірімде бір рет «балам» деп бетімнен сүйген емес. Мен әкемді «жезде», шешемді «әкпе» деп өстім. Осы күні нағашы апамды есіме алсам, ет-бауырым елжірейді. Жарықтық, бала кезінен санасына сіңіре берейін деген болуы керек, мен қашан ұйқыға кеткенше «балам, сен Қыдырбектен қалған жалғыз тұяқсың, Сенің арғы Байқалмақ, Күдер деген аталарың үлкен бай болған. Кенен сенің — жездең, Нәсиха — әпкең. Біз сенің әкең Қыдырбек соғыста шейт болғаннан кейін амал жоқ осылардың қолына кеп тұрып жатырмыз. Қораңдағы малыңнан айырылып қалма. Бәрі ауылкеңесте қаттаулы тұр…» деп, құлағыма сыбырлап жатады ғой. Тіпті малымыздың еніне дейін айтатын. «Біз малдың екі құлағын айшық құсатып кесеміз. Сен де солай ет құлыным, ұмытып қалма. Ал, мыналар, — дейді, Кененнің үй жағын нұсқап, — бір жағын айшық қып кесіп, бір жағын теседі» дейді.
Бұрын біз Иірсуда отыратынбыз. Сақыбала тұрмысқа шыққанан кейін Кенен Отарға, өзінің қасына көшіріп алды ғой. Кішкентай қоржын тамның бір жағында нағашы апам екеуміз тұратынбыз.
— Содан…
— Бір күні Кенен мені шақырып алып, «Мына кісі – аруана… Көзі тірісінде маған тән екеніңді білдіріп қойып көңілін қалдырып жүрме! Онда Құдайдың алдында екеумізге де ұят болады» деп ақылын айтып, туу туралы куәлігімді берді.
— Бірақ Алматыға Қабылтаев боп кеттіңіз ғой…
— Интернатқа да, университетке Бақытжан Қыдырбекұлы Қабылтаев болып түстім.
Менің оқуға түсуімнің «тарихы» да қызық. «Кененнің баласын оқуға түсіру керек» деген «тапсырма» алған Мырзатай Жолдасбеков ағамыз менімен бірге құжат тапсырған Кененбаев деген талапкерді «ақын Кененнің баласы дәу де болса осы болу керек» деп ойласа керек, «бес» қойып жіберіпті. Ал Қабылтаев боп барған мен «үш» алып қалдым. Әйтеуір Төрткен әпкем араласып, Кененнің баласы Кененбаев емес, Қабылтаев екенін айтып, оқуға түсіп кеттім ғой…
— Ал аты-жөніңізді ақынның атына қашан ауыстырдыңыз?
— Тоқсан жылдығына байланысты Кенекеңе Алматыдан пәтер беретін болды. Мен ол кезде үшінші курста оқимын. Сол кезде «Үйді кімнің атына жазу керек?» деген мәселе шықты. Ол уақта менің алдымдағы ағам Көркемжан қайтыс боп кеткен. Кененнен қалған ендігі тұяқ Бақытжан дейін десе, менің ата-тегім басқа. Ақыры Бақытжан Кененұлы Әзірбаев деген төлқұжат алуға тура келді. Бірақ достарым мені әлі күнге дейін Қабылтаев дейді…
— Ол кезде жарықтық нағашы апаңыз әлі тірі ме еді?
— Иә, бірақ біз ол кісіге білдірген жоқпыз.
— Кенекеңді «жезде» деп, әзіліңіз жарасып өсіпсіз. Халқымызда да «әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген сөз бар. Ақын атамыз жадыңызда қандай жан боп сақталды?
— Өте қонақжай кісі болатын. Аты аңызға айналған ақынды көзі тірісінде көріп, әнін, әңгімесін естіп қалайық дей ме, алыс-жақыннан ат арытып көп қонақтар келіп жататын. Сонда Кенекеңнің қонақжайлылығы сонша, бір қонақты аттандырып сап тұрып аттан түсіп жатқан екінші қонаққа «бұлардың нәсібі бөлек, тағы бір қой сойыңдар» дейтін. Мен, әлбетте, қонақтардың қолына су құйып, қызмет жасаймын. Шәйдан кейін ақырын шылым шегетіні болушы еді…
— Қандай шылым шегуші еді?
— Ол кезде «Қазбек» деген шылым болатын. Соның бір талын әдемі күміс портсигарынан шығарып, асықпай тартып алатын. Содан кейін бізге әнін, әңгімесін айтатын.
— Қандай әңгімелер?
— Кенекеңнің әнімен бірге әртістік шеберлігі де ерекше еді ғой. Әңгіме айтып отырып, «ал, балалар, мен қазір сендерге Шашубай боламын» дейді.
Бір кезде «ал енді Шөже боламын» дейді. Шөже зағип боған ғой, Кенекең көзін тарс жұмып алып шақшасын іздейді. «Домбырамның басы бал қурай, басына қонған бозторғай, қалампыр мен насыбай, насыбайдан бермесең, ауырады басым-ай » деп құйқылжытады. Ал енді шақшасын жорта іздеп, оны тауып алған болып, астыңғы ернін созып тұрып насыбайды салғанын көрсеткенде, біз қыран-топан боламыз.
Жалғыз біз емес, Кененнің өнерін тамашалауға келген қонақтармен бірге бүкіл ауыл жиналады ғой. Олар да мәз. О кездің «телебезері» Кенекең еді бізге. Кенекең бір кезде Үмбетәлі боп кетеді. Үмбетәлі болған кезде тұйғындай түйіліп алады да, құйрығымен жорғалайды. Үмбетәлі ақын шабыттанып, шамырқанған кезде бір орнында байыз тауып отыра алмай, құйрығымен жылжып кетеді екен. Содан Жамбыл жәкеміз бастаған ақындардың арасында «қара жорға» атаныпты.
Одан бір кезде «диуана болам» дейді. Ондайда сөздерінің бәрі діни боп кетеді. Осы күні ойлаймын: «соның бәрін біз құлағына құйып ала берсін деп істейді екен ғой жарықтық» деп. Өйткені жазуға, айтуға болмайды…
— Ол кезде Кенекеңнің кітабы шыққан жоқ па еді?
— Ол кісі араб тілінде жазатын. Білгенінің бәрін бір жылдан астам уақыт қағазға түсірді ғой. Жазушы, ғалым Нысанбек Төреқұлов менің әкемнің шығармашылғы үшін көп еңбек сіңірген адам. Сол кісі күндіз-түні қасында отырып, әкемнің арабша жазғандарының бәрін латыншаға көшіріп, өңдеп, баспаға дайындап берді. Бірақ соның өзі «Қазақстан» баспасында 3-4 жыл «сүрленіп» жатып, әрең дегенде пышақтың қырындай боп шықты емес пе…
— Қысқартып тастаған ба?
— Көптеген аңыз-әпсаналарын кеңес өкіметінің саясатына «томпақ» деп қысқартып тастапты. Нысанбек ағамыз бен Төрткен әпкемізге рахмет, сол кітаптың қысқарған жерлерін толықтырып 2000-жылы «Елорда» баспасынан баяғы «Аңыздар сыры» деген атымен қайта шығарды.
— Кенен атамыз Кенесарының Қордай түбінде өткен шайқасы туралы айтушы ма еді?
— Ханның тұқымы ғой, жасағанының бәрі дұрыс, тек қырғыздарға тиіспей, басқаша саясат қолдануы керек еді деп отыратын. Өйткені Шудың ар жағы мен бер жағындағы қырғыз-қазақ қыз алысып, қыз берісіп, әбден біте-қайнасып, бір-бірімізге бауыр басып кеткенбіз ғой.
— Көп адам Кенекеңде Базар-Назардан кейін бала болмапты деп ойлайды екен…
— Мен де мұны Арқаға келгелі бері байқап жүрмін. «Айналайын балам, біз Кененді Базар-Назардан кейін тұяқ көрмей, бір нәрестеге зар боп өтті екен деп жүруші ек, бар екен ғой» деген кісілер де болды.
Базар мен Назар — әкемнің тұңғыштары ғой. Былайғы жұрт оларды егіз деп ойлайды, шындығында олар үйелмелі-сүйелмелі, аралары бір жарым жас болатын. Шешем Базар-Назардан кейін жеті құрсақ көтерді. Болыс, Әбсебек, Тұрсын деген де балалары болған. Бірақ олар да тұрмапты. Ашаршылық жылдары қырғыз жаққа ауа көшіп жүргенде көрген нәрестесін Қырғызбала деп атапты. Ол да шетінеп кеткен. Елуге келгенде барып Төрткен туған…
— Төрткен әпкеміздің тіл-көзден аулақ болсын деп ырымдап қойған аты «Төрт Кемпір Бір Шал» екенін естігем…
— Иә, содан кейін балаларының шетінеуі тоқтаған. Кенекеңнің Төрткенді «төлбасы» дейтіні сол. Сосын Көркемжан, мен, Ақтамақ, Ақтілек дүниеге келді.
Көркемжан елу бес жасында жаман аурудан қайтыс болды. Оның үш ұл, екі қызы бар. Қазір Кенекеңнің үрім-бұтағы балалары мен қыздарынан көрген немере, шөбере, шөпшек, жиен, жиеншарларының бәрін қосып есептесем 90-нан асып кетеді екен.
— Әзірбай мен Кенен атам қапқаздықтар сияқты ұзақ жасаған екен де…
— Кенекең 80 жасының өзінде енесіне қызмет жасап, ет турап, сорпасын әперіп отыратын. Әзірбай да 90-нан асып барып қайтыс болған. Әзірбайдың әкесі Манабай да ұзақ жасаған кісі.
— Кенен атамыз екі рет үйленген екен ғой?
— Бірінші бәйбішесінің аты Үлпілдек болатын. Үлпілдектен Талдыбек пен Ұлдай. Талдыбектен Бәтима деген қызы бар.
— Қуғын-сүргінді сол үшін көрген бе?
— Бұл кісі отызға келгенде кеңес өкіметі орнады. Қордай ревкомының төрағасы боп жүргенде «екі әйел алған, ескілікті ақын-жыраулар мен би-болыстардың сөзін сөйлейді, намаз оқиды» деген домалақ арыздарды Кенекеңнің үстінен қарша боратқан ғой. Содан арыз-шағым көбейіп кеткеннен кейін бір үлкен жиында «мен енді өз еркіммен қызметтен кетейін, өйткені ескіше оқыған адаммын. Жаңа заманға орай білімді, көзі ашық жастар келіп жатыр, соларға жол берейін» депті. Жасы елуден асқан кезде тек қана ақындықпен жүрген. Түрксібтің кезінде көшпелі вагонмен жүріп, үш-төрт жыл әртіс болғаны да бар.
— «Ораздың ақыны» деген аты ше?
— Ораз Жандосов қасынан тастамай, ертіп жүріпті. Содан «Ораздың ақыны» атанып кеткен ғой. Оразды алып бара жатқанда бұрынғы «доспыз» деп төс қағыстырып жүргендердің ішінен Кенекең ғана қорықпай қоштасып, Қордайдан асқанша шығарып салыпты.
Оразжан серкесі едің Жетісудің
Жасыңнан талаптанып өнер қудың
Қош, аман бол Оразжан…
деген әні бар ғой.
Көпке дейін айтылмай жүрді. Өйткені Кенекең осы әнді шығарғаны үшін абақтыға түскен. Түрмеде 7-8 ай жатыпты. Шешемнің айтуы бойынша, бір жас жігіт «жеңгей, жыламаңыз, бұл кісі кеңес өкіметіне үлес қосқан адам, Жамбылдың шәкірті ретінде атағы ерте шыққан өнер иесі, құдай қаласа, көп ұзамай босатып қалар» деп, жұбатып шығарып салды дейді. Әкемнің «Достарым» деген өлеңі бар ғой, сонда Сәбитті, Тайырды, Оразды досым дейді.
— Төрткен апамыз қазір қайда тұрады?
— Алматыда. Зейнетке шыққан. Кенекеңнің мұрасын жинауға, әнін таратуға көп еңбек сіңірген сол кісі. Жас кезінде әкемнің әндерін жақсы айтатын.
— Кенекең «жезде» дегеніңізге ренжімеуші ме еді?
— Бала кезде мен оны қайдан білем. Шынымен «жездем» боса «жездем» шығар деп жүре бердім. Қырғыздардың ақындары келеді. Алты-жеті жасар кезім-ау деймін, әлі есімнен кетпейді, мені шақырып алып бір үлкен кісімен ақылдасып отырған сияқты «Бақытжан, үйге ұятты кісілер келіп отыр. Біздің малды көріп отырсың, пышаққа ілігер ешқайсы жоқ. Сенің ана қара тоқтың жақсы екен, соныңды маған бер, оның орнына менің ақ тоқтымды ал» дейді. Сөйтіп әкелі-балалы екеуміз бөтен адамдар сияқты малдарымызды сол жерде баспа-бас айырбастап, қол алысамыз. Күлмей, салмақты сөйлейтін. Оған қарап мен де өзімді шынымен үлкен азамат сияқты, бір үйдің тұтқасы сияқты сезінетінмін.
Өрістен мал келген кез де қызық еді. Онда Отарда тұрамыз ғой. Мен қораға мал кіріп жатқан кезде дуалға «мініп» алады екем де, қолымдағы көк шыбықпен «мынау Кененнің қойы, мынау біздің қой» деп, басқа ұрып санап тұрады екем.
Айтпақшы, әкемнің бір ақылы есімде: жарықтық, алақанын жазып: «егер мынандай жазық болсаңдар, онда жайдақ жол сияқты үстеріңнен кім көрінген басып өтеді» дейтін. Сосын жұдырығын түйеді: «ал мынандай болсаңдар, бұл да жаман. Бұл қарақан басының қамын күйттеген, не досы жоқ, не қуанышы жоқ, қатып қалған қара тас» дейді. Сөйдейді де «міне, мынандай бол» деп жұдырығын сәл-пәл ашады: «осындай болсаң кірсің де, шығысың да болады, қуанышың да, досың да болады» дейтін жарықтық.
Жүріс-тұрысы, шөп шапқаны, атты ерттегені, атты баптағаны, атқа мінгені бәрі әңгіме, бәрі тәрбие екен ғой…
— Сөйтіп үш ананы тел емген «телқоңыр» болдым деңіз.
— Кенекең «ағайынның ішіне жасайық» деген соң менің үйлену тойым ауылда өтті. Той екі жетіге созылды. Бір жетіде менің жора-жолдастарым, екінші жетіде әкемнің ағайын-туыстары тойлады. Тойды Мырзатай аға басқарды.
Қызық болғанда, сөз кезегі берілгенде «кәзір Бақытжанның шешесі Рысбала шешемізге сөз береміз» дейді. Ол кезде нағашы апам тірі ғой. Ол кісі шығып сөз сөйлеп, батасын береді. Содан кейін «ал енді Бақытжанның шешесі Нәсиха анасына сөйлейді» дейді. Одан кейін «Бақытжанның шешесі Сақыбала апамыз ақ батасын берсін» дейді. Алматыдан келген достарым «сонда Кенен атамыздың үш әйелі болған ба?» деп аң-таң.
Нәрестелі болған кезім де есімде. Тұңғышымыз Жазирадан кейін ұл бала болды. Алматыдағы жора-жолдастарым Сәкен Сейфуллиндей болсын деп атын Еркебұлан қойды. Қырық күн өткеннен кейін ауылға алып келдік. Төрде шынтақтап жатқан Кенекең алдына апарып қойған немересінің маңдайынан иіскеді де «балаңның бауы берік болсын» деді. Сосын ойланып отырып «бұл ақылы терең атақты Мұхит атасындай болсын» деп, алақанын жайып ақ батасын берді. «Ойбай, ата, немереңіздің атын Еркебұлан деп қойып қойғанбыз» деп қалай айтасың, үндеген жоқпыз. Сөйтіп, достарымыз бақ десе де, шақ десе де баламыздың аты Мұхит болып қалды.
— Кенекеңнің өмірін айта берсек бәрі өнеге ғой. Нәсиха апамыз қандай кісі еді?
— Өте жайдары адам еді. Көркемжан үйленгенде әкемнің «Келінжан» деген әні шықты. Орысша оқыған жеңгемізді шешем қайта тәрбиеледі десе де болады. Алғашқы кезде бір ауыз қазақша білмейтін. Әкем:
Құтты болсын келінжан аяғыңнан,
Осы еді ғой күткенім баяғыдан.
Мал-мүлкіңе ие бол, арнап жиған,
Дұшпандардың сақ болғың саяғынан,
деген атақты әнін сол келініне арнаған.
Шешем балаларға қатты сөйлеуді білмейтін, сабырлы адам еді. Қыздарына да, ұлдарына да жақсы тәрбие берді.
Содан кейін ақынның жары болу да оңай емес. Әкеме күндіз-түні ағылып келіп жатқан қонақтарды сол кісі атқарады. Әкем екеуінің «алтын тойын» тойладық. Сонда үрім-бұтағы түгел жиналды. Екеуінің қолына өмірінде тақпаған алтын сақина салдық.
Шешеміздің сондағы айтқаны ғой: «Аталарың отыр міне 90-ға кеп. Жас кезінде емін-еркін жүріп-тұрды. Қайда барам десе де бетінен қападым. «Ләтипа» деп лапылдап жүріп Ләтипамен айтысты, одан үйден қашып жүріп Бопаймен айтысты. Ал оның отбасына ие болып, амандығын тілеп отырған мына маған бір дұрыс ән шығармапты.
Сонда әкем, аңғал адам ғой, «ә, Нәсиха, солай ма еді?» дегенде, елдің бәрі қыран-топан боған. Содан өлерінен екі жыл бұрын қолы селкілдеп отырып «Нәсиха» деген толғауын жазды ғой. Сонда бүйтіп айтады:
Нәсиха алтын қазығым,
Алты жастан қосылдық.
Көңілімді тапқаны-ай,
Қайда барам десем де,
Шаужайымнан қақпадың.
Туысқан — тату, жекжат — мәз,
Мінезіңмен жаққаны-ай.
Алақан ашық, ақ пейіл
Ағайын мен ел-жұртқа,
Келтірмеген бір зейіл.
Бұл сөзімде елеу жоқ,
Нәсихаға теңеу жоқ.
Тоқсан үшке келгенде қайтыс болған Кенен атамның бұл соңғы өлеңі болды. Шешем тоқсан сегізінде дүниеден өтті Жерге жүз жасады деп қойдық.
— Әңгімеңізге рахмет, Бәке!
* * *
Бақытжанмен Астана төріндегі сыр-сұхбатымыз осылай аяқталған. Кененнің ақындығы мен әншілігін мойындап, ақ батасын берген жыр алыбы Жамбыл жәкеміз:
Кенен, Кенен дейді ғой елдің бәрі,
Жақсы көріп кетіпті жас пен кәрі.
Төрт аяғы тең жорға өлеңінің,
Құлағымнан кетпейді салған әні, —
деп бір шумақ өлең арнаған екен.
Шынында, Кенен ата Әзірбаев салған ән жылдар жылжып, ғасырлар ауысқан сайын ұрпақтарының құлағында қайта жаңғыра бермек.