Орыстар «Играй, гармонь» деген телехабарында осыбір ерекше музыкалық аспап арқылы өздерінің ел аузындағы небір сирек әндері мен әуендерін насихаттағаны есте.
Бір ғана гармонь үнінің аясына Ресейдегі қаншама ұлтар мен ұлыстардың басы бірікті. Өйткені, гармоньда ойнап, ән айтпайтын халық жоқ.
Сол сияқты, біздің «Қазақстан» ба, «Хабар» ма, бір телеарнамыз халқымыздың ұлттық музыкалық аспабы — Домбыра арқылы оның тылсым сырларын, әлемнің кез келген елінің музыкасын орындауға болатын зор мүмкіндіктерін ашып көрсететін бір жақсы хабар жасаса!
Бүгінде домбыраны орыстар, қырғыздар ғана емес, ағылшындар да тартатын болды. Оларды көз көріп, құлақ естіп жүр. Сондықтан ол хабарға Домбыра тартатын қазақтарды ғана емес, өзге ұлттар мен ұлыстарды да мейлінше көп қатыстырса.
Арыдағы Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір, Дина, берідегі Нұрғиса, Қаршыға, Төлеген, Әбдімомын, Секендер қазақтың атын қоңыр домбыраның құдыретті үнімен шығарды.
Ән-жырларымен халқының жадында мәңгілікке қалған Ақан сері, Біржан сал, Мәди, Иманжүсіп, Сәкен, Балуан Шолақ, Жамбыл, Кенен сияқты (табан астында бәрін тізіп шығу мүмкін емес) асылдарымыз да жандарына домбыраны серік еткен.
Ардақты ақын ағамыз Қадір Мырза-Әлі «Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра » деп бекерге тебіренбеген.