Ұлттық бюро статистикасының жыл сайынғы бюллетені бір жыл ішінде қазақтардың үлесі 0,6 пайызға (80 мың адам) өсіп, 2022 жылдың басында 69,59 пайызға жетті дейді. Бұл елімізде қазақтардың жалпы саны 13,3 млн адам болды дегенді білдіреді екен.
Бюллетендегі ақпаратқа қарағанда, республикамызда қазақтардың саны соңғы отыз жылда 2 есе өсіп (1989 жылғы халық санағы бойынша қазақтар саны небары 39,7% болған), 69,59 %-ке жеткен.
Бүгінде 5 өңірде қазақтар үлесі 80%-тен артық. Мысалы, Нұр-Сұлтанда 81,08%, Ақтөбе облысында 84,29%, Маңғыстау облысында 91,57%, Атырау облысында 93,01% және Қызылорда облысында 96,54% қазақтар тұрады. Солтүстік Қазақстанда орыстар үлесі 49 % болса, қазақтар небары 35%-ті құрап отыр. Ал басқа аймақтарда қазақтардың үлесі салмағы басым.
Ұлттық бюро статистикасының мәліметі өткен жылы қазақтардан басқа тағы бірнеше ұлт диаспораларының үлесі артты дейді. Нақты айтқанда, бір жыл ішінде өзбектер 17,6 мыңға көбейіп, жалпы есебі бойынша 637,9 мыңға жеткен. Сондықтан еліміздегі өзбектер саны жағынан 3-орында тұр. Олардың көбісі Түркістан облысы мен Шымкент қаласына және соның маңайындағы аудандарға шоғырланған.
Ұйғырлар бір жылда 4,2 мыңға көбейіп, жалпы саны 283,1 мыңға жеткен. Әзербайжан 116,7 мың, түрік 116,2 мың, дүнген 78,2 мың, тәжіктер 53,4 мың болып, олардың да үлес салмағы артқан.
Ал еліміздегі орыстар саны бір жылда 48,5 мыңға азайған. Қазір Қазақстанда 3 млн 430 мың орыс тұрып жатыр. Олардың үлесі жалпы халықтың 17,94%-ін құрайды.
Қазақстанда соңғы жылда украиндардың саны да азайған. Қазір елде небары 247 мың украин бар.
Былтыр 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі бойынша, Қазақстан халқы 19 169 550 адам болып, қазақтардың үлесі 70,18 пайызға жеткені айтылған еді.
2009 жылғы халық санағында қазақтардың үлесі 63,1 пайыз болған.