Мұндай жағымды жаңалық Алматыдағы «AlanParking» компаниясының директоры Мұхтар Базарбаевтың, белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың және «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-ның директоры Марат Пірінбековтің қамалғанынан кейін болып отыр ма? Ең бастысы…
7 мамырдан бастап Алматыдағы кейбір ақылы автотұрақтар тегін болатын болды. Атап айтсақ, Солтүстік айналма жолдың жанына орналасқан базарларға келгендерден автотұрақ үшін ақы алмайды. Бұл туралы «Алматы автотұрақтары» жобасы өзінің фейсбук парақшасында хабарлады.
Енді ақылы автотұрақтар алаңы үшін жер телімдерін пайдалануға және көріктендіруге берілген келісім- шарттың бұзылуына байланысты «AlanParking» ЖШС өзінің ақылы автотұрақтар алаңына қатысты әкімшілік жұмысын мына базарларда 2022 жылды4 7 мамырынан бастап тоқтатады.
Олар: «Нұрлы Тау», «Барыс», «Олжа», «Адем», «Арлан»/»Қазына», «Ялян», «Алатау-1», «Алатау-2», «Болашақ» және «Ак-Бұлақ».
Естеріңізге сала кетсек, сәуір айының ортасында Алматыда «AlanParking» компаниясының директоры Мұхтар Базарбаевты тұтқындаған болатын. Ол бюджет қаржысын аса ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінді. Сонымен бірге, Қайрат Боранбаев та ұсталды. Оның компаниясы «AlanParking» ЖШС-ның 30% үлесін қыстың күні-ақ сатып алып қойғаны хабарланған.
Базарбаев тұтқындалған бірнеше күннен соң оңтүстік астанадағы ақылы автотұрақтардың үстінен қарайтын «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-ның директоры Марат Пірінбековті де ұстаған.
Ал өткен аптада Алматыдағы ақылы автотұрақтардың қаладағы коммуналдық меншікке қайтарылғаны туралы белгілі болды.