Осы уақытқа дейін еліміз көмір мен газды электр қуатын өндіретін негізгі
шикізат ретінде пайдаланып келді. «Ендігі кезекте атом электр станциясының
рахатын көреміз» дейді Үкіметтегі сала министрлері.
Бүгінде елімізде 17 гигаватт электр қуаты өндіріледі. Ал 2035 жылға дейін
35 гигаваттқа дейін көбейтпек ниеттері бар. Бұл — мүмкін бе, жоқ па, әйтеуір
жоспарда бар екен. Бірақ жоспарда болса да күмәнді. Өйткені КСРО-дан
қалған мұраның бәрі ескірген, жекешеленген, жаңартуға қаржы салынбаған,
салынса, жемқорлықпен бөлінген ақшаны жемқорлықпен жеп отырған. Отыз
жылда электр қуатын өндіретін жаңа кәсіпорын бой көтермеген. «Күн мен жел
қуатын пайдаланымыз» деп біраз іс бастап еді, ол да онша нәтиже бермеді.
«Жасыл ел» жайына қалды. Осындай себептер мен салдарлардың кесірінен
Үкіметіміз, міне, Ресей елінен бірнеше мыңдаған мегаватт электр қуатын сатып
алуға мәжбүр. Бұл — қазірдің өзінде біздің еліміздің электр қуатын сатып алу
жөнінен Ресейге тәуелді екенін көрсетеді. Өйткені өз әлеуетіміз толық жетпейді.
Сонда не істеу керек? Бұл жерде де сауал көп, таңдау аз. «АЭС салып береміз»
деген «Росатомның» иесі — Ресей мемлекеті. Бірақ «кісідегінің кілті аспанда» деген
мақалдың мысалын жұрт осы Ресейден көре бастады. Өткенде Каспийдегі мұнай
құбырын жапты. «Сотқа береміз» деп қорқытты. Президентіміз бен Үкіметіміз
аяқастынан Еуропаға шығатын басқа бағыт іздеуге мәжбүр болды. Ол жүзеге
асқанша қай заман? Қанша жыл?
«АЭС салып береміз» деген қамқоршылардың ішінде Ресейден басқа Франция,
Қытай, Оңтүстік Корея елдері бар. Егер, Ресей мен Қытайды «АЭС салып береміз»
деген елдердің қатарынан алып тастаса, Франция мен Оңтүстік Корея қалады.
Францияның АЭС-і мемлекет қазынасына үш есе қыбатқа соғады екен. Сонда
таңдау — Оңтүстік Кореяға түсейін деп тұр. Олар Біріккен Араб Әмірлігіне
4 реактор салып берді. Технологиясы да дамыған ел. Ең бастысы, Қазақстанға
геосаяси тұрғыдан көз алартып, қысым көрсетпейді.
Халық пікірі де күн сайын қоқаңдаған көршіден гөрі, шалғайдағы Оңтүстік Корея
елін жөн көреді. Жалпы, мұндай саяси және экономикалық шетін мәселеде халық
пікіріне құлақ асқан жөн.
Мақұл, АЭС-ті Оңтүстік Корея салып берсін. Ал оны салатын жер ше? Үкімет
оны «Үлкен» поселкесі деп отыр. Бұл елді мекен Балқаш көліне тиіп тұр. Алматы
облысының аумағы. Сейсмикалық тұрақсыз өңір. Қапшағай жақта дүркін-дүркін
боп тұратын жер асты дүмпуі «Үлкенге» де жетпейді дейсіз бе? Мамандар «Үлкенде
жер сілкінбейді» деп нығырлайды, бірақ олар Құдай емес қой, қателесуі мүмкін.
Бір жағы Үлкенге Балқаш қаласы да алыс емес. Балқашты жағалап Сарыарқадағы
астанамызға алып баратын темір жол мен автобан жатыр. Оның бойының бәрі
темір жол бекеттері, ауылдар. Мал бағып, балық аулап күн көріп отырған халық.
Осының бәрін ойласаң, Үкіметіміз АЭС салынатын жерді таңдауда бір қателік
жіберіп алған жоқ па деп күмәнданасың.