Шерлок Холмс хикаясы арқылы әлемге әйгілі болған Бейкер-стриттегі тарихи ғимараттарды Назарбаевтың тұңғышы Дариға сатып алыпты деген хабарды оқығанбыз бір жылдары. Ол кезде, 2015 жылы бұл кешен 185 млн евроға, ал қазақ теңгесінің сол кездегі құнымен 84 млрд теңгеге бағаланыпты.
Енді, міне, Дариға сол Бейкер-стриттегі 215-237 нөмірлі, солармен бірге Шерлок Холмс пен доктор Ватсон «тұрған» дейтін атақты 221 «б» үйді де сатты деген хабарды естіп отырмыз. The Times газетінің мәліметі бойынша, сонау 2005 жылы Рахат Әлиев осы ғимараттар үшін 140 млн евро төлепті. Содан кейін оның барлығы Дариға мен оның ұлы Нұрәли Алиевтің меншігіне көшкен. Бірақ жылжымайтын мүліктер шартты түрде британиялық Farmont Baker Street Ltd компаниясына тиесілі болып қала берген де, ал бұл құрылым БАӘ Landmark Network Real Estate LLC компаниясына тіркелген болып шықты. Із жасыру да, басқа не дейсің.
Бірақ… 2022 жылы бәрі күрт өзгерді. Farmont Baker Street компаниясының заңды мекен-жайы ауысты, бұрынғы директорлар кетіп, олардың орнына жаңалары келді. Одан бөлек, жаңа қожайындары ретінде америкалық Джош Баумгартен мен Адам Шварц дегендер пайда болды. Дәл осындай өзгерістер Дариғаның Бейкер-стриттегі Parkview Estates Management Ltd и Dynamic Estates Ltd компанияларында да орын алды.
Джош Баумгартен и Адам Шварц — Angelo Gordon компаниясының Лондондағы филиалының директоры. Бұл инвестициялық компания оңай емес, сөмкесінде 53 млрд АҚШ доллары бар. Сауда-саттықтан соң аталған барлық жылжымайтын мүліктер осы екі миллиардердің атына жазылған.
Бүкіл кешен жаңа иесіне 110 млн евро түсіп, Дариға болса 30 млн евроға ұтылып қапты. Бірақ әкесінің отыз жылғы шексіз билігінің арқасында жегені мен жекешелендіргені аз дейсің бе?
Айтпақшы, «Қайтқан малда қайыр бар» дегендей, кейіпкерлері «тұрған» үйдің өз ағылшындарына қайта оралғанына жазушы Артур Конан Дойлдің де әруағы бір аунап түсіп, қуанып жатқан шығар.