Экс-президенттің экс-құдалары Әлиевтердің күйеу баласына берілген Жалқамыс құс фабрикасы мемлекетке қайтарылды. Бұлай деп жергілікті прокуратураның талап-арызы бойынша іс қараған Алматы облысындағы Талғар ауданы сотының шешіміне сүйеніп хабарлап отырмыз.
Сөйтіп Талғар ауданының прокуратурасы 1999 жылы акциялардың мемлекеттік пакетінің 90 проценті американдық American Investments Inc. корпорациясына сыйға берілген Жалқамыс құс фабрикасының жекешелендірілуін заңсыз және оны мемлекет меншігіне қайтару туралы талап-арыз берген.
-1999 жылғы наурызда Талғар ауданының әкімдігі «Ақ-қанат» АҚ-ның пайдалануындағы жерді американдық корпорация пайдасына: жалпы ауданы 665,4 гектар 4 жер учаскесін бес жылға беру туралы шешім шығарады. Сол жылдың қазанында алынған 665,4 гектар жердің 56 гектары «Алтын-Айдар» ЖШС-не берілген, — делінген құжатта.
Ал 2001 жылы Талғар ауданының әкімдігі American Investments Inc. компаниясынан «Алтын-Айдар» ЖШС пайдасына 609 гектар жерді пайдаланудан шығарған. Бұл жерлер 6 жер теліміне бөлініп, 2002 жылы Талғар ауданы әкімдігі мен «Алтын-Айдар» ЖШС арасында 49 жылға тиісті жалға беру шарттары жасалған.
-Мұрағат мәліметтеріне сәйкес, Алматы аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен American Investments inc. америкалық корпорациясы арасында құс фабрикасын өтеусіз беру туралы шарт жасалмаған, өндірісті дамытуға және кредиторлық берешекті өтеуге инвестициялар енгізудің бизнес-жоспары әзірленбеген және уәкілетті органға берілмеген. Құс фабрикасы 29 жыл бойы жұмыс істемей тұрды. Фабрика өте қиын жағдайда, ауылшаруашылық техникасы мен көлік құралдары ескірген, құрылыстарға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілмеген, инвестициялар салынбаған, салық берешегі бар.
Құс фабрикасының мүлкін иеліктен шығару дерегі уақтылы анықталған кезде Алматы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аумақтық комитеті мемлекеттік мүлікті мемлекетке қайтару жөнінде шаралар қабылдауға міндетті болды, алайда бұл орындалмады, осыған байланысты прокурор мемлекет мүддесі үшін талап қойды, — деді прокурор сотта.
Сот іс материалдарын зерделеп, аудан прокуратурасының талап арызын қанағаттандырды. Сөйтіп, құс фабрикасы мен оның жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.